Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Спасский селосында болып, жаңа ашылған бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен таныстық.
Биылғы жылдың көктемінде «Спаский-Агро» серіктестігінің басшысы Магомед Абуев Спасский селосының тұрғындарына күні бойы жұмыс істейтін «Балдырған» шағын орталығын сыйлаған болатын. 2010 жылы ашылған бұл орталық бір бөлмеде түске дейін жұмыс істеп келді. Қазір бүлдіршіндер үшін бірнеше бөлме бөлініп отыр. Алдымен біз осы орталықты аралап көрдік. Мекеменің тәрбиешісі Елена Суцованың айтуынша, мұнда көп жұмыс атқарылыпты. Кәсіпкер негізгі мектептің бірінші қабатын жөндеген екен. Қазір мұнда ойын, кір жуатын, демалыс, жатын бөлмелері мен асхана орналасыпты. Ғимараттың терезелері ауыстырылып, жаңа есіктер орнатылған. Төбесі жөнделіп, линолеум төселген. Ашылу салтанатында өз бүлдіршіндерінің қолайлы жағдайда сапалы білім, саналы тәрбие алатынына ата-аналары қатты қуанған екен. Жиһаз, төсек орын, ойыншықтар мен қажетті қондырғылар аудандық бюджет есебінен сатып алыныпты. Шағын орталықта бүлдіршіндерді тәрбиелеу төлемақысының бір бөлігін серіктестік басшысы өз мойнына алды.16 орындық асхананы
«Спасский Агро» серіктестігі қалпына келтірген екен. Сондай-ақ, серіктестік мектептің 45 оқушысы мен шағын орталықтағы 21 бүлдіршіннің ыстық асын өз мойнына алған.
Шағын орталықта қызмет ететін медбике Жұпар Шақырова бүлдіршіндердің денсаулығын қадағалайды. Денсаулығынан кінәрат табылғандарды аудандық ауруханаға жібереді. Шағын орталық дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. Жалпы, мұнда жеті адам жұмыс істейді. Бұрын бу қазандығы мектептің іргесінде орналасыпты. Бұл жағдай өрт қауіпсіздігі ережесіне сәйкес келмегендіктен, «Спасский Агро» серіктестігі өз қаржысы есебінен мектептің маңында жаңа бу қазандығын салыпты. Қазір екі бу қазандығы мектепке үзіліссіз жылу беруде.
Бұдан кейін осы селода «Спасский Агро» серіктестігі қалпына келтірген 16 орындық қоғамдық моншада болдық. Кәсіпорын әкімшісі Наталья Мұсылманқұлованың айтуынша, бұрын осында жұмыс істеген «Агроцентр Астана» серіктестігі жылына екі мәрте төбе көрсетіп, селоның әлеуметтік мәселелеріне мүлдем көңіл аудармапты. Соның салдарынан көп жылдар бойы монша жұмыс істемеген. Бұл жөнінде тұрғындар әрбір жиналыс сайын мәселе көтеріпті. Қазір ересектер моншада жуыну үшін 300 теңге, балалар 150 теңге төлейді. Мұнда шешінетін орын, шай ішетін дәмхана орналасқан. Серіктестік еңбеккері отбасымен бірге тегін жуынады. Сөйтіп, меценат атанған Магомед Абуев өз жерлестерінің жағдайын жасап, көңілінен шығуда.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі
Сандықтау ауданы.