Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Рухани келісім күні – тыныштық пен тұрақтылықтың айғағы» - АРҚА АЖАРЫ

«Рухани келісім күні – тыныштық пен тұрақтылықтың айғағы»

дейді Ақмола облысы этно-мәдени бірлестіктерінің жетекшілері

Александр Артеменко, «Ақмола облысының орыс қауымдастығы» этно-мәдени бірлестігінің төрағасы:
– Әлбетте, еліміздегі кез-келген этно-мәдени бірлестік секілді, біздің де басты мақсатымыз халқымыздың дәстүрі мен мәдениетінің сақталуына жағдай жасау, көпшілікке насихаттау, жастардың бо-йына ұлттық құндылықтарымызды сіңіре отырып тәрбиелеу. Осы ретте, біздің отбасылық құндылықтарды насихаттауға баса мән беретінімізді айтқым келеді. Себебі, руханият пен адамгершілік қасиеттердің негізі отбасында қаланады. Жарты ғасыр отасқан мерейлі отбасылармен үнемі кездесу кештерін ұйымдастырамыз. Жастардың, жалпы қоғамның бірігуі үшін, сыйластық пен бірліктің не екенін түсіну үшін мұндай шаралар қажет.
Біздің облыста орыс қауымдастығының құрылғанына биыл алтыншы жыл. Осы жылдар ішінде қоғамдық бірлестікке өзім төрағалық етіп келемін. Бүгінгі таңда бірлестіктің құрамында 500-ге тарта мүшесі бар. «Русская песня» халықтық хоры, «Әжесінің немерелері» ансамблі, құрамына облыстық орыс драма театрының әртістері кіретін театральдық студия жұмыс істейді.
Осы орайда, жастарға өз Отаныңды, оның халқын бәрінен де жоғары бағалап, құрметте дегім келеді. Себебі, қазақстандық менталитеттің ешбір елде теңдесі жоқ. 130-дан астам ұлт өкілдері егемен елде береке-бірлікте өмір сүріп жатырмыз. Былайша айтқанда, осы бір көрініс маған түрлі-түсті гүлдермен өрнектелген әдемі картинаны еске салады. Гүл көп болған сайын, ол картина да ажарлана түседі емес пе? Біздің еліміз де солай. Бір шаңырақтың астына сан түрлі этностарды жинаған Қазақстанымыз күллі әлемге өзін бейбітсүйгіш мемлекет ретінде паш етті. Біз өзге ұлттың өкілдері болсақ та, бәріміз – қазақстандықтармыз.
Тожибуви Медетова, «Өзбек мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
– Бейбітшілікті, тыныштықты ту еткен мемлекет ешқашан азбайтынын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Тәуелсіз елімізде осы айтылған ұғымдармен үндес бірнеше мерекенің болуы заңды деп ойлаймын. Міне, күнтізбедегі сондай маңызды даталардың бірі – Рухани келісім күні. Аты айтып тұрғандай, рухани келісім адамдардың бір-бірімен түсіністікте өмір сүруі, өзге ұлттардың діни наным-сеніміне, салт-дәстүріне құрметпен қарауы. Қазақстанда түрлі этнос өкілдерінің еш қысымсыз, еркін өмір сүруіне барлық жағдай жасалған.
Рухани келісім, ең алдымен отбасынан басталады. Жастарға дұрыс тәрбие беру, ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүрге үйрету – үлкендердің міндеті. «Дана халқымыз бірлік болмай, тірлік болмас» деп текке айтпаған. Әр нәрсеге түсіністікпен қарап, ұйымшылдық танытып отырсақ, отбасымызда да, елімізде де бәрі ойдағыдай болады.
Мемлекетімізде тұрақтылықтың, рухани келісімнің сақталуына этно-мәдени орталық ретінде аз да болса үлесімізді қосып келеміз. Қалада өзбек ұлтының өкілдері сондай көп деп айта алмаймын. Дегенмен, бәріміз бірігіп, өңіріміздің дамуына, Отанымыз – Қазақстанның гүлденуіне атсалысып жүрміз. Осыдан отыз жыл бұрын өзімді өзбекпін деп айтуға ұялатынмын. Неге екенін білмеймін, сондай бір ауыр кезең болды. Ал, қазір ұлтым үшін, туған жерім Қазақстан үшін қуанамын. Киелі қазақ топырағында дүниеге келіп, ырысты жерде тұрып жатқанымды мақтаныш санаймын. Еліміз тәуелсіздік алғалы ұлттар арасындағы татулық пен достық басты ұранымызға айналды. Сөзімнің соңында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа, сол кісінің салиқалы саясатын жалғастырып келе жатқан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына шексіз ризашылығымды білдіргім келеді.
Умар Шоназаров, «Санги-Кабуд» тәжік орталығы» этно-мәдени бірлестігінің төрағасы:
– Рухани келісім, ұлттар мен дәстүрлі діндер арасындағы бірлік – баға жетпес байлығымыз, ал, тұрақтылық – тұғырымыз. Бүгінгі берекелі күнге бірліктің арқасында жеттік. Осы ретте күнтізбемізге 18 қазанның Рухани келісім күні ретінде енуі – қазақ топырағына бейбітшілік орнатып, тұрақты қоғам құру идеясынан туған үлкен бастама деп білемін. Елімізде қалыптасқан дінаралық татулық, ұлтаралық келісім – тәуелсіз еліміздің жеткен басты жетістіктерінің бірі.
Елдің әлеуметтік-экомикалық көрсеткіші халықтардың өзара татулығы негізінде дамитыны белгілі. Бүгінгі таңда облысымызда 18 этносты біріктіретін 50-ге жуық этномәдени бірлестік ұлтаралық пен тұрақтылықты сақтауға үлес қосып келеді. Ал, осыдан екі жыл бұрын олардың қатарын «Санги-Кабуд» аталатын біздің тәжік орталығы толықтырды. Атауын қазақшаға аударғанда «Көкшетау таулары» деген мағынаны білдіреді.
Бүгінде тәжік диаспорасы, әсіресе, еліміздің оңтүстік аймақтарында көп шоғырланған. Республикада «Қазақстандағы тәжіктер диаспорасы», «Пяндж», «Ынтымақ», «Жамбыл», «Шарак», «Сомониен-солтүстік» атты тәжіктер қоғамы бар.
Еліміздің көптеген облыстарында болдым. Олардың біразында, атап айтсам, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Шымкент қалаларында тәжік орталықтары барын көріп, өзіміздің Көкше жерінде де сондай ұйым болғанын қаладым. Міне, сол арманым орындалды. Біздің ұйым халықтар достығын, ұлтаралық келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты нығайту мақсатында құрылды. Алғаш ашылған жылы облысымыздағы бірқатар ауылдардың командалары арасында футболдан жарыс ұйымдастырдық. Қайырымдылық шараларын, жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуді көздейтін кездесулер өткіздік.
Бүгінде облысымызда 200-ге тарта тәжіктер тұрады. Достық үйінде этно-мәдени бірлестіктердің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдайлар жасалған. Бұрындары Ассамблея жайлы сырттай ғана естуші едім. Енді сол ұйымға өзім де мүше болып, шынымен де түрлі ұлт өкілдерінің татулықта бір терінің пұшпағын илеп, бірлесіп жұмыс істеп жатқандығына куә болып келемін.
Людмила Лим, Көкшетаудағы «Чинсон» корей мәдени орталығының төрайымы:
–Рухани келісімді ең алдымен, толеранттылық ұғымымен байланыс-тырамын. Адам қай мемлекетте өмір сүрсе, сол елдің заңдарына бағынуға тиіс. Бұл өте маңызды. Тағдырдың жазуымен, талай жылдан бері Қазақстанда тұрып келеміз. Осы елдің заңдарын ғана емес, қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін зор ықыласпен қабылдадық. Қазақ және корей халықтарының дәстүрлерінде көп ұқсастық бар. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету деген секілді салттар біздің халықта да бар. Қазіргі күні Көкшетауда 336 корей ұлтының өкілі тұрады.
Орталығымыз Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы ұйымдастыратын барлық қайырымдылық шараларға белсене араласады. Сөз арасында айта кетейін, үстіміздегі жылы Арыс қаласында болған жарылыстан зардап шеккен отбасыларына қаржылай да, киім-кешекпен де көмектестік.
Мәдени орталыққа жетекшілік етумен қатар, «Достық» үйіндегі «Шаңырақ» жексенбілік мектебінде корей тілінен сабақ беремін. Менің жұмысым жас-тарды адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеуге негізделген. Тілді үйрету арқылы оларды халқымыздың мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныстырамыз. Тобымда 45 оқушым бар. Корей жастары ғана емес, облыс орталығында тұратын өзге де ұлт өкілдерінің балалары корей тілін үйрену үшін мектебімізге келеді. Олардың тіл үйренуге деген құлшыныстары зор.
Барлық этно-мәдени бірлестіктермен ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Бір-бірімізге әрдайым қолдау білдіріп отырамыз, іс-шараларды көбіне-көп бірлесіп өткіземіз. Жуырда этно-мәдени бірлестігімізге Корей Республикасының Қазақстандағы елшілігі өкілдерінің келуі біз үшін үлкен мәртебе болды. Елшіліктің корей мәдени орталығының директоры Ли Херан өз сөзінде қазақ және корей халықтарын өте көп нәрсе байланыстыратынын, екі халықтың да тілдері алтай тілдерінің тобына жататынын, семантикалық қатары бір-біріне ұқсас екенін, екі халық та бейбітшілік пен тұрақтылықты, достықты бәрінен биік қоятынын атап өтті.

Сауалнаманы жүргізген
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар