Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен бейсенбі күні болған кезекті әкімдік мәжілісінде биылғы жылдың тоғыз айының
әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелері, жыл басынан бері бюджеттің орындалуы және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру туралы мәселелер қаралды.
Қазақстанның аграрлық-индустриялық ірі өңірлерінің болып саналатын Ақмола облысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясында алар орны ерекше екендігін айтқан ләзім. Жыл сайын ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі артып келеді. Соның айқын дәлеліндей, биылғы жылдың тоғыз айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 553,6 миллиард теңгені құрады. Тауар өнімінің нақтылы көлем индексі 102,4 пайызды құрады. Соның ішінде тау-кен өнеркәсібінің нақтылы көлем индексі 114,3 пайызға жетті. Құрамында алтыны бар кен өндіру – 17,4, мыс кенін өндіру – 13,5 пайызға өсті.
Міне, әкімдік мәжілісінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Түзелбаев осы көрсеткіштерді алға тарта сөйледі. Азық-түлік өндірісінің де нақты көлем индексі 114,9 пайызды құрап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда ет, сүт, ұн өндіру арта түсті. Химия, машина жасау, металлургия салаларында да ілгері басушылық байқалады. Алайда, осыған қарамастан нақты көлем индексі облыстың тоғыз аймағында төмендеп кеткен. Бұл орайда облыс әкімі Е.Б.Маржықпаев Жарқайың, Егіндікөл, Сандықтау, Аршалы, Зеренді, Бурабай, Ерейментау, Есіл аудандары мен Көкшетау қаласы әкімдерін орындарынан тұрғызып, нақтылы көлем индексінің төмендеу себептерін сұрады. Осы мәселеге талдау жасалды. Жыл аяғына дейін жағдайды түзеу жөнінде оларға нақтылы тапсырмалар берілді.
Ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімінің көлемі 347,7 миллиард теңгені құрап, ол 2018 жыл деңгейінің 106,5 пайыздық мөлшеріне жетті. Егін орағы ойдағыдай аяқталды деуге болады. Барлығы 4,3 миллион гектар алқаптан 4,9 миллион тонна астық жиналды. Әр гектардың түсімі 11,5 центнерден айналды. Бұл әзірге Қазақстандағы ең тәуір көрсеткіштердің бірі. Майлы дақылдардың 154,8 мың гектары жинап алынды. Сонымен бірге, картоп пен көкөніс те мол өнім берді.
Мал қыстатуға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Облыс бойынша 1139,9 мың тонна шөп дайындалып, жоспар 102,3 пайызға орындалды. Қыстауға түсетін малдың азығы мол. Өңірде ірі қара мал саны өсіп келеді. Нұр-Сұлтан қаласының азық-түлік белдеуін жасау мақсатында 10,7 миллиард теңгенің 10 жобасы жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер астаналық сауда орындарына 97,1 мың тонна сүт, 21,8 мың тонна ет, 218,2 миллион дана жұмыртқа сатуға шығарды. Бұл көрсеткіштердің барлығы да былтырғы жылмен салыстырғанда өсе түскендігін көрсетеді.
Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша экономиканы дамытуға облыс бойынша 235,8 миллиард теңге қаржы жұмсалса, бұл 2018 жылдың 109,5 пайыздық деңгейін құрады. Бұл инвестиция тартудың жақсарғандығын айқындай түседі. Инвестицияның ең үлкен үлесі кәсіпорындардың өз қаражаты және дербес салушылардың еншісіне тиеді. Негізгі капиталға инвестиция тарту көлемін азайтып жіберген аудандар да бар.
Ақмола өңірінде құрылыс дамып келе жатқандығы айқын. Жыл басынан бері облыс бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 94,2 миллиард теңгені немесе 2018 жылдың сәйкес кезеңі көрсеткішінің 118,1 пайызын құрады. Жыл басынан бері 404 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Сөйтіп, 2018 жылдың деңгейінен 102,5 пайыз артық болып отыр.
Қазіргі уақытта әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөлініп, жыл басынан бері 10289 жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл 13692 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселесінде де тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді.
Әкімдік мәжілісінің күн тәртібінде қаралған осы бірінші мәселені қорытындылай келіп, облыс әкімі Е.Б.Маржықпаев биылғы жылды экономиканың барлық салалары бойынша табысты аяқтаудың маңыздылығын атап көрсетіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында және түрлі кеңестерде алға қойып отырған міндеттерін толық орындап шығу басты міндетіміз деді. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына қатаң бақылау болатындығы айтылды. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарды көбейту және олардың өнімді жұмыс істеуіне жағдай жасалуы керек. Бұл орайда «қарапайым заттар экономикасы» шеңберінде маңызды жобаларды жеңілдікпен несиелеу мәселесін пысықтау тапсырылды. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша алдағы жылдың егісіне қажетті тұқым қорын дайындау, мал шаруашылығы өнімдерінің одан әрі өсімін қамтамасыз ету, инвестиция тарту
жөніндегі жұмыстарды жандандыру бойынша нақтылы талаптар қойылып, міндеттер белгіленді. Сонымен бірге әкім тауарлардың, соның ішінде азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттатылуына жол бермеуді тапсырды. Бұл әр деңгейдегі әкімдердің күн сайынғы бақылауларында болуға тиісті.
Жыл басынан бергі, яғни, тоғыз айдың бюджетінің орындалуы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтенов өз есебінде жыл басынан бері облыс бюджеті 202701,5 миллион теңгеге толыққандығын айтты. Салықтар мен төлемдер жоспары 110,2 пайызға орындалды.
Осы мәселе бойынша облыс әкімі Е.Б.Маржықпаев өз сөзінде бюджеттің шығыс бөлігінің орындалуын қамтамасыз ету және қаржыны толық игеру басты міндет екендігін қадап айтты. Төтенше жағдайлар департаменті, облыстық білім беру , энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармалары бюджеттік қаржыны игеру мәселесінде өз жұмыстарын жандандыруға тиісті.
Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы А.С.Советов хабарлама жасап, қазіргі уақытта 14 аудан және Көкшетау қаласы бойынша инженерлік қорғаныс шаралары жүзеге асырылып жатқандығын айтты. Осы қорғаныс шараларының жұмысымен 55 елді мекеннің 45-і ғана қамтылып отыр. Су өткізгіш арықтарын құру, оларды кеңейту және тереңдету, өзен-көлдердің арнасын тазалау, бөгеттерді жөндеу жұмыстары тұрақты бақылауда болуға тиісті.
Елді мекендердің инженерлік қорғанысы бойынша атқарылатын жұмыстарды толық атқарып шығудың маңыздылығын облыс әкімі Е.Б.Маржықпаев атап көрсетіп,–қазір су тасқынының қаупі болмаса да жыл сайын көктемде әлекке түсіп жүргендігіміз баршаңызға белгілі. Ендеше су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шараларды осы бастан толық орындауға міндеттіміз,-деді.
Әкімдік жылды табысты аяқтау, әлеуметтік-экономикалық дамудың белгіленген жоспарларын орындау және атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді ұдайы назарда ұстап отыру маңызды міндет екендігі атап көрсетілді.
Жабал Ерғалиев.