18 қазан – Рухани келісім күніне орай Көкшетаудағы Достық үйінде «Рухани келісім – бірлік негізі» атты тақырыпта кездесу өтті.
Этно-мәдени бірлестіктер мен діни ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен шарада Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Кәрімова сөз алып, Рухани келісім күні Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып құрылған алғашқы жылдары Елбасының бастамасымен бекітілгенін, бұл мереке елімізде тұрып жатқан ұлыстар арасында өзара түсіністікті нығайту, жақын адамдарға қайырымдылық пен көмек көрсету күні ретінде атап өтілетінін айтты. Бүгінде еліміз тұрақтылық пен тыныштықтың, бейбітшіліктің алаңына айналды. Ел аумағында 18 конфессияға біріккен 3500 діни бірлестік өз қызметін жүзеге асырады.
Осы орайда, сөз алған «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Күнім Жұмаева рухани келісім тәуелсіз еліміздің басты жетістігі екенін, елімізде ұлтаралық татулықты сақтау және нығайту мақсатында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы өз қызметін сәтті жүзеге асырып келе жатқанын, алдағы жылы ұйымға 25 жыл толатынын атап өтті.
Бүгінде облысымыздың аумағында 52 этно-мәдени бірлестік бар. Кездесуде «Чуваш» этно-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Елена Мащинская, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы діни өкілі, «Науан Хазірет» мешітінің бас имамы Қуаныш Жұмабайұлы, Қазақстанның православиелік шіркеуінің ақмолалық және көкшетаулық Епархиясы қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімінің басшысы Валерий Анферов, Евангельдік-Лютерандық приходының жетекшісі Эвальт Красовский бір-бір ауыз сөз алып, қоғамдағы татулық пен рухани келісім мәңгі жасай беруін тіледі. Шара соңында бірқатар діни ұйымдардың өкілдеріне облыстық ішкі саясат басқармасының атынан Алғыс хаттар табыс етілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.