Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қыз қылығымен көрікті - АРҚА АЖАРЫ

Қыз қылығымен көрікті

Жуырда республика бойынша жарияланған «Қыз болашағы – ел болашағы» атты онкүндік аясында Көкшетау қалалық үлгілі қазақ кітапханасында «Қыз қылығымен көрікті» атты дөңгелек үстел отырысы болып өтті.

Жаңа әлеуметтік даму жағдайында қыз балаға тәрбие берудің жүйесін айқындай отырып, белсенді шығармашылық іс-әрекеттерге дайын, ұлттық және әлемдік білім нәрімен сусындаған жоғары деңгейдегі мәдениетті және адамгершілігі мол, жан сұлулығы мен тән сұлулығын қатар алып жүре алатын, өзінен кейінгі ұрпақ алдындағы жауапкершілік ұғымын түсінетін қыз бейнесін қалыптастыру мақсатында өткен шараға Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы «Аналар» кеңесінің, «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық орталығы» қоғамдық қорының және қаламыздағы қыздар клубтарының мүшелері, кітапхана оқырмандары мен жастар қатысты.
Тағылымды шараны ашып, жүргізіп отырған кітапхана қызметкерлері Гүлжанар Нұрланқызы мен Жанар Айтқожина өз сөздерінде:
–Атақты Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова: «Қыз баланың мына өмірдегі міндет-парызының жүгі ауыр, әрі ардақты. Ол – адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, жар күтетін адал жар, ата-ене сыйлап, иілетін қамқор келін. Ол осыны қаласын, қаламасын, бұл –
өмір заңы» деген. Қазіргі заман қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі, қыз баланы тәрбиелеу деген сөз – ұлтты тәрбиелеу дегенді білдіреді. Біздің халқымызда «Қыз» деген сөзді әдеміліктің, әдептіліктің, жан-жақты сұлулықтың символы ретінде қолданады. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген қыз бала болашақта да сол әдебін сақтамақ. Сол әдепті, инабатты, адамгершілігі мол, сыпайы қыздарды тәрбиелеу – ата-ананың және бүгінгі қоғамның негізгі міндеті екенін естен шығармағанымыз жөн, – деп атап өтті.
«Балқадиша» қыздар клубының мүшесі Мәдина Амантай ақын Самал Балтабаевтың «Қыз баланың сұлулығы» өлеңін жатқа оқыса, №17 орта мектебінің «Мәншүк» қыздар клубының жетекшісі Айнагүл Жәзиева «Қыз еркем – анасымен көркем» тақырыбында баяндама жасады. Осы орайда, «Мәншүк» қыздар клубының мақсаты қазақ қызының бойындағы әдептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, сұлулық секілді жан-жақты ұлттық қасиеттерін дамыта білу, сонымен қатар, оларға халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарының тәрбиелік мәнін ұғындырып, халық өнегесін үйрету екенін айтқан Айнагүл Сабырбекқызы қыз бала тәрбиесі ата-анаға үлкен сын екендігіне тоқталды.
–Анасы қызына отбасында керекті тәрбиенің бәрін, яғни, ас әзірлеуден бастап, үй жайын оймақтай қылып ұстауға, түрлі қолөнерге, үй шаруасына тиянақты болуға, тазалыққа үйретуі тиіс. Бала кезімізде анамыз «Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы» деп айтып отыратын. Қыз баланың бойындағы барлық қасиеттер анасынан дариды. Қатты күлмеу, айқайлап сөйлемеу, үлкеннің жолын кеспеу, ыдыс-аяқты сылдырлатпау, алдымен кіріп, артымен шығу, есікті теуіп ашпау, босағаны кермеу тәрізді әдептерді қыз бала білуі тиіс», – деген баяндамашы бүгінгі таңда жас отбасылар арасында ажырасудың белең алғаны тәрбиенің олқылықтары деген пікірін жеткізіп, ата-аналардың балаларын еңбекке баулудың орнына, тым шолжаңдатып жібергеніне, соның салдарынан ақ саусақ ұрпақ өсіп келе жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі жанындағы «Балқадиша» қыздар клубының жетекшісі Эльвира Махамбетиярова «Қазіргі қазақ қызының бейнесі» атты тақырыпта баяндама жасаса, Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі жанындағы «Кербез» қыздар клубының жетекшісі Әлия Заманбекова қыз баланың әдеп ережелері жайлы сөз қозғады. Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы жанындағы «Аналар» кеңесінің белсенді мүшесі, қолөнер шебері Үкіжан Ементаева аналық ақыл-кеңесімен бөлісіп, қыздарға өзінің қолөнер туындыларын көрсетті.
Үкіжан Қалиақпарқызының ертеде аналарымыздың жаңа туған нәрестені қалай күтіп-баптағаны, жас келіннің тұрмысқа шыққаннан кейін нені назарда ұстау керектігі, қайын жұртына қалай сіңісіп кетуге болатыны жайлы пайдалы кеңестерін қыздар ұйып тыңдады. «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы» қоғамдық қорының психологы Әлия Бахитқызы жүргізген психологиялық тренингке де жастар белсене қатысып, баяндамашыларға қызықтырған сауалдарын қойды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар