Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы мен облыстық полиция департаменті бірлесе отырып, Көкшетаудағы Достық үйінде Қарттарды қолдау айлығы аясында мерекелік шара ұйымдастырды.
Кәсіби тұрғыдағы жергілікті өнерпаздардың концерттерін бұрыннан көріп келе жатқан қариялар үшін Достық үйінде полиция қызметкерлерінің ән-шашуын тамашалау үлкен тосын сый болды. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау жолында қызметтерін мүлтіксіз атқарып жүрген тәртіп сақшылары өнерден де құр алақан емес екендіктерін көрсетті. Мерекелік шарада патриоттық әндермен қоса, сонау елуінші, алпысыншы жылдары көпшіліктің сүйіп айтқан әндері де шырқалды. Жүрек қылын шертер әсем әндерді тыңдаған аталар мен ақжаулықты әжелер жастық шақтарын естеріне түсіріп, бір марқайып қалды.
Осы орайда, облыстық полиция департаментінің шығармашылық тобының құрамында ән айтқан полиция майоры Әсем Жиенғалиеваның, полиция майоры Қарлығаш Тәшімованың, полиция капитаны Темірлан Қадырәлиевтің, полиция капитаны Қуаныш Есенбековтың, аға лейтенант Сабина Өмірзақованың есімдерін ерекше атап өткіміз келеді. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мәрзиат Тохаева қарттардың құрметіне ұйымдастырылып отырған осынау концерттік бағдарлама үшін полиция департаментінің ұжымына, шараны өткізуге демеушілік жасаған этно-мәдени бірлестік жетекшілеріне шынайы алғысын жеткізіп, қазыналы қарттарды мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
–Күз шынымен де, өте ғажап мезгіл. Қазан айымен бірге келетін Қарттар мерекесінде біз үлкендерге деген шексіз құрметіміз бен алғысымызды білдіреміз. Бүгінде Сіздер құрметті зейнет демалысына шықсаңыздар да, еңбектен қол үзбей келесіздер. Ұрпақ тәрбиелеуде, облысымыздың қоғамдық өмірінде өз орындарыңыз бар, –деді М.Тохаева.
«Чуваш» этно-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Елена Мащинская, облыстық мәслихаттың депутаты Геннадий Осиненко мен Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Виктор Терещук те құттықтау сөз алып, қарттарға жылы лебізін білдірді. Шара соңында қариялар шараны ұйымдастырушылармен бірге естелік суретке түсті.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.