Жастар жылына орай Көкшетау қалалық үлгілі қазақ кітапханасында жерлес ақын Қуаныш Оспановпен «Жыр семсер» атты кездесу кеші ұйымдастырылды.
«Мәңгілік елдің мұрагерлері» жобасы аясында өткен шарада жастар Көкше өңіріндегі қазіргі жас толқын арасында өзіндік аяқ алысымен дараланып келе жатқан Қуаныш ақынға өмірі мен шығармашылығы жөнінде қызықтырған сауалдарын қойды.
Қуаныш Оспан 1988 жылы 9 сәуірде бұрынғы Көкшетау облысы Уәлиханов ауданы Жасқайрат ауылында дүниеге келген. Бірнеше облыстық, республикалық жыр мүшәйралары мен ақындар айтысының жүлдегері. Өлеңдері бірнеше топтама жинақтарға енген. «Ауылдың баласымын», «Аспандағы астра», «Сыбаға» атты жыр жинақтары жарық көрген. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты. Ал, жуырда, ол «Бәтен балуан» поэмасымен республикалық «Семсер» сыйлығының жеңімпазы атанды.
Кездесу барысында жастар Қуаныш ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Өз кезегінде ақын жастармен әңгіме-дүкен құрып, сиясы кеппеген бірнеше өлеңін оқып, домбырамен ән шырқады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.