Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мемлекеттік тілді дамыту мәселесі «Nur Otan» партиясының назарында - АРҚА АЖАРЫ

Мемлекеттік тілді дамыту мәселесі «Nur Otan» партиясының назарында

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қатысуымен партия жанындағы

«MIRAS» республикалық қоғамдық кеңесінің «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдар аралығындағы мемлекеттік бағдарламасының» орындалуын талқылауға арналған отырысы болып, оны барлық облыстың партия филиалындағы «MIRAS» қорының мүшелері онлайн режимде тыңдады. Оған біздің облыстан «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры, жазушы-драматург, қор төрағасы Жабал Ерғалиев және қор мүшелері қатысып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Мемлекеттік тіл мәселесі қаралған жиынға негізінен атқарушы партия басшылығы, жауапты мемлекеттік органдар және шығармашылық пен ғылым саласының зиялы қауым өкілдері қатысты. Онда партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мемлекеттік тілді, мәдениет пен дәстүрді дамыту «Nur Otan» партиясының стратегиялық басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
– «Елбасы саясатының арқасында ана тілімізді сақтап қана қоймай, оны Қазақстанда ғылым мен білім саласының негізгі тіліне айналдыру үшін барлық жағдай жасалды. Еліміздің басты Заңы – Конституцияда нақты мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп бекітілді. Тілдер туралы Заң қабылданып, мемлекеттік тілдің қолданылу талаптары басқа да салалық заңдарда айшықталды. Бүгінде мектептердің 70 пайы-зы қазақ тілінде білім береді. Мемлекеттік тілде оқитын студенттердің үлесі – 64,5 пайызды құрайды. Елбасы бастамасымен, әлемдегі үздік оқулықтар мен кітаптарды шетел тілдерінен тікелей қазақ тіліне аудару жұмыстары іске асырылуда, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру қолға алынды. Қазақ тілінің қолдану аясы бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай кеңейді», – деді Бауыржан Байбек. Сонымен қатар, ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халық санағы бойынша ұлтымыздың үлес салмағы 39 пайызды құрағанын, ал мектептердің бар-жоғы 30 пайызы қазақ тілінде білім бергенін тілге тиек етті. Бүгінде демографиялық проблема шешімін тауып, ел халқының саны 18 миллионнан асса, оның 70 пайызға жуығын қазақ ұлты құрап отыр. Осы жылдар ішінде кезінде шетелге кетуге мәжбүр болған 1 миллионнан астам қазақ елге оралған.
Отырыс барысында «MIRAS» республикалық қоғамдық кеңесінің мүшелері мемлекеттік тілге қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Белгілі блогер Яков Федоров мемлекеттік қызметке қабылданатын әрбір азаматтың мемлекеттік тілді білуі тиіс екендігін, сондықтан, осы талапты ескеретін тетіктерді әзірлеу қажеттігін алға тартса, Қазақстан Рес-
публикасы Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесіне тоқталып, олардың саны мен сапасын арттыруды ұсынды.
Астана қаласындағы Түрік этномәдени орталығының төрағасы Әскер Пириев интернетте қазақ тілді ақпараттық өнімнің әлі де жеткілікті емес екендігін айтып, оны арттыру үшін мемлекет есебінен шығарылған кез-келген медиаөнім интернет желіге тегін жарияланса деген ойымен бөлісті. Осы ойды қуаттаған қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы қазақ тіліндегі іс-қағаздарының, көрнекі ақпараттардың сапасына тексеру жүргізу, бұған барша ынталы жандар мен жастарды, еріктілерді жұмылдыру, жұртшылыққа арналған сапалы, өнегелі контентті көбейту, әсіресе балаларға арналған мультфильмдер шығаруға қаражат қарастыру қажеттігін баса айтты.
Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан газеті» АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі қазақ тілінің шын мәнінде, әсіресе, түркі халықтарының арасында ұлтаралық тілге айналуға мүмкіншілігі бар екендігіне тоқталды. Мұны іске асырудың бір тетігі ретінде елімізде қазақ тілінде сөйлей алатын өзге ұлттардың арасында тілдік Олимпиада өткізуді және оның жеңімпаздарын университеттерге қабылдауға жеңілдіктер қарастыруды ұсынды.
Кеңес отырысының соңында Қазақстан Рес-
публикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың «Қазақстан Республикасындағы Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы бойынша есебі тыңдалып, кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді. Ол отырыс барысында айтылған барлық ұсыныс-пікірлердің министрлік тарапынан назарға алынып, осы мәселелер бойынша арнайы жұмыс тобы құрылатынын, тілдерді дамытуға арналған жаңа бағдарламаны іске асыру да ескерілетінін мәлімдеді.
Сондай-ақ, отырыста кеңес мүшелерінің және барлық өңірлерден онлайн режімде қатысып отырған азаматтардың ұсыныстары аяқсыз қалмай, барлығы да «MIRAS» қоғамдық кеңесінде қаралып, «Nur Otan» партиясының қолдауымен нәтиже шығарылатыны да айтылды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтқандай, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиіс. Бұл үшін оны қолдануға деген сұраныс қалыптастыру керек. Осы бағыттағы жұмыстар нәтижелі болу үшін жүйелі талдауға жүгіну, халықаралық тәжірибені зерделеу, ресми орындар басшыларының жауапкершілігін арттыру қажет, – деп түйіндеді партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.
«Nur Otan» партиясы жанындағы «MIRAS» республикалық қоғамдық кеңесінің отырысын онлайн режимде тыңдаған «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы қоғамдық кеңес мүшелері де өз ұсыныс-пікірлерін орталыққа жолдайтын болады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар