Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Халық жазушысы Әбдіжәмил Нұрпейісов – 95 жаста - АРҚА АЖАРЫ

Халық жазушысы Әбдіжәмил Нұрпейісов – 95 жаста

Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазан Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды кентіне қарасты Үшкөң ауылында туған, Қазақстанның халық жазушысы, XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ардагері.
Жазушы 1946 жылы армия қатарында жүріп-ақ «Курляндия» романын жазуға кіріскен. Еңбегін бітіріп баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқыған. 1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, оны 1956 жылы бітірді. Тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың иегері атанды. Проза саласында үзбей еңбектенуімен қатар, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түсті. 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып қызмет етсе, кейінірек Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданып, нарық заманында халықаралық ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенті қызметін де атқарды.
1974 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достойнство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанған. «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған. XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол үлес қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүниежүзіне танытып, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды.

Тәуелсіздігіміздің тұлғалары

Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ,
Қазақстанның халық жазушысы

Біз әлі күнге Қонаевты көксейміз. Димекеңді мен де бөтен көрмеймін. Литературный институтты бітіріп, Алматыға келгенде қабылдауында болғам. Алды кең. Иі жұмсақ. Инабатты интеллигент кісі екен. Ана замандағы шалдардай Қонаев та мақал-мәтелдетіп, қазақша таза сөйледі. Қонаевқа жүрегің жылып, жақсы көретін тағы бір себеп – Қазақстанды қанқұйлы Голощекиннен кейін де көзімізді көгертіп ұзақ жыл Скворцов, Беляев, Яковлев, Пономаренко, Брежневтер басқарып, халқымыздың намысына тиіп, зығырын қайнатып жүргенде, Алла Тағаланың рақымы бізге түсті де, әлгі көк соққыр келімсектерден кейін елімізді енді Қонаев басқарып, төбеміз көкке жеткендей болдық емес пе?!
Десе де, шыны керек, ағайын: Тәшенов болмағанда, Қонаев солтүстіктегі бес облысты («по солженицину под брющие Сибири») бір сөзге келмей бере салғаны қазір ел-жұртқа мәлім. Кім қалай ойласа – ерік өзінде. Бұл жөнінде менің өз ойым, өз пікірім бөлек. Тәшеновті өмірімде екі-ақ рет көріппін. Литературный институтты бітіріп, Алматыға келдім. Төртінші линияда пәтер жалдап төрт жыл тұрдым. Ілияс Омаров бұл кезде киностудияда директор. Мен білерде – өмір бойы аурудан шықпаған адам. Денсаулығын сұрағандарға – ой жарықтық-ай (өзінің әдетте қысқа қайыратын ұяң, жұмсақ күлкісі) – күлер еді де, кейде қазақша, кейде орысшалап «у меня старая болезнь. Она как охотничья собака преданная хозяину не отстает – пощенящий скуля все лезет ко мне» дейтін. Үй ішінің тірлігі шамалы. Оны бірақ аузына алмайды. Өзінің осы кезге дейін жанын сақтап, өмірін созып келген – дәрі-дәрмек.
Өзіне қол ұшын беретін қамқоршы керек. Соған қарамастан, жұртқа сыртынан қамқорлық жасап, қолынан келгенше шарапатын тигізіп жүруші еді. Бір күні маған телефон соғып: «сенің үйің жөнінде Тәшеновпен сөйлестім. Сұран. Қабылдайды» деді. Тәшенов қабылдады. Әңгіме қысқа болды. Оқып жүргенде туған кішкентай қыздарың бар – үш жан екенсіздер. «Карл Маркс пен Калининнің бұрышынан үлкен үй бітіп жатыр. Үш бөлмелі пәтер берем» деді. Берді.
Апыр-ай, сол өзі… апрель айы. Ұмытпасам, он бірі, әлде он екісі. Ажар жұмыста. Қызым мектепте. Үйде жалғыз өзім. Қолым ештеңеге бармай, көңіл құлазып отырғам. Телефон шылдырлады. Трубканы көтеріп едім:
– Әбдіжаміл!
Дереу бойымды жиып алдым. Әдебиетте Пір, не әлде Тәңірі болса, мен үшін ол – жалғыз бір адам. Мұқаң. Мұхтар Әуезов. Талантына тәнті боп қанша табынсам да, бірақ өзімен жеке кездесуге қашанда бетімнен отым шығып, қайбартамда қашқалақтап жүруші едім.
– Әбдіжаміл! – деді Мұқаң. – Сен шал секілдісің, шақырмаса келмейсің. Мен бүгін түстегі пойызға шығам. Үйде кісілер болады. Сен де кел, – деді Мұқаң.
Мен барсам, жұрт жайғасып отырып апты. Зейнулладан естігем: Кім келсе де Мұқаң өз үйінің төріне өзі отыратын көрінеді. Қазір де сол әдет. Оң жағында – академик, химик Усанович. Оған жалғас – атақты физик, вице-президент Тәкібаев. Ал, сол жағында – оқу министрі Әди Шәріпов. Тамада – Ысқақ Дүйсенбаев. Сөз алған кісілер Мұқаңа сәт-сапар тілеп, қошемет көрсетіп жатты. Үй іші толған ақын, жазушы, оқымыстылар. Бәріміз апыр-жапыр сыртқа шықтық. Вокзалға бардық. Көкшолақ пойыздың орта тұсындағы жайлы, жұмсақ вагонға Мұқаңның саквояжын апарып қойды. Өзіміз сыртта. Вагонның алдында тұрғанбыз. Көп арасынан біреу: «Тәшенов» деді дауысын көтермей ақырын, жай ғана. Бәріміз жалт қарап едік, шынында да, мынау Жұмабек Тәшенов. Екі жағында сырықтай, аққұба екі жас жігіт. Вокзалдан шықты да, еш жаққа бұрылмай, тура бізге келді. Мұқаңмен, сосын бізбен амандасты да, жаңағы Мұқаңның саквояжы жатқан вагонға мінді. Содан, енді қайтып сыртқа шыққан жоқ. Бұл, Ташеновтің Хрущевпен айқасқаннан кейін орнынан босап, Шымкентке бара жатқан беті екен.
Көп ұзаған жоқ, бір кезде пойыздың кейінгі жағынан келе жатқан Қонаевқа көзіміз түсті. Қасында көмекшісі. Сосын бір аяғын сылтып басатын бір кісі… Кейін білдім, қазақ теміржолын басқаратын орыс азаматы екен. Қонаев та бізге кеп, бәрімізбен амандасты. Іссапармен Жамбылға, сосын Шымкентке бара жатыр екен. Қонаев көмекшісіне «Мұқаңның саквояжын менің вагоныма апар» деді де, Валентина Николаевнаға бұрылып, «за Мухтаром Омархановичом сам буду ухаживать» деді. Бетінде жып-жылы жұмсақ күлкі.
***
Бұл, енді 1965 жыл еді. Май айының басы болатын. Юрий Казаков «Қан мен тердің» бірінші кітабын аударып бітірген еді де, өзіміз алдын ала келісіп алған уәде бойынша «Дружба народов» журналына апардық. Олар бірден баспаға жіберді. Жазушылар одағын Фадеевтен кейін ұзақ жыл басқарған Георгий Марковтың әдеби кеңесшісі қарт сыншы Дорофеев, кімнен есіткенін білмеймін, журналдың гранкасын сұрап алғызып оқып шығыпты да, үш миллион төрт жүз алпыс мың тиражбен шығатын «Роман-газетаның» бас редакторы Иленковқа «сендер басыңдар» депті. Дәл осы тұста «Молодая гвардия» баспасы да әлгілермен жарысқандай, қолжазбаны сұрап алды да, типографияға жөнелтіп жатты. Сүйтіп, «Құдай бергенге құлай береді» демекші, бір мезгілде бірден үш жерде басылып жатты. Бұл менің өңім түгіл, түсіме кірмеген оқиға еді. Мәскеуде ұзақ жатып қалғам. Үйге асықтым. Телефон соқсам, Ажар Шымкентте жүр екен. Самолетпен ұшып келсем, химиктердің жиналысы бітіпті. Ташкентті көргіміз келді. Әуелі обкомның идеолог хатшысы Задинге, сосын Тәшеновке кірдім. Бәрі де тап қазіргідей көз алдымда: Жұмекеңнің кабинеті ұзыншалау, шағын бөлме екен. Оң жақ қабырғаға тақап қойған, ұзын дейтін ұзын, қысқа дейтін қысқа емес, қызыл-қоңыр сырмен боялған тақтай стол. Дәл сондай жеті, сегіз орындық. Тақтай еден болса да жалаңаш. Үкіметті басқарған сонау кездегі атшаптырым кабинеттің сәні мен салтанаты көз алдымда тұр. Ал, енді мына не диваны, не дорожкасы жоқ қос уыс жүдеу кабинет көңілімді құлазытып жіберді. Бір ғажабы, мен қомсынғанмен, өзінің миына кіріп-шықпайтын сияқты. Үстіндегі мол тігілген қара костюмді етжеңді толық денесімен лықылдата толтырып, қос шынтағын қарапайым столдың қу тақтайына тіреп, бар кеудесімен ілгері ұмтылып отыр екен. Жас кезім ғой. Жасаған Ие-ау! Мына түрі құдды көтеріліп ұшқалы қос қанатын қомдап алған тау бүркіті сияқтанып кетті.
Жұмекең тұрған жоқ. Қозғалып, сәл көтеріле түсті де, столдың ар-жағынан ұмтылып, қолымды қысты. Жайғасып отырғасын жағдайымды сұрады. Сөзінен әдебиет, мәдениеттің жанашыры екені байқалды.
– Бұнда қанша боласың? – деді.
– Ташкентті көрген жоқ едім. Ертең келініңізбен екі күнге Ташкентке жүрем, – деп едім.
– Ташкент үлкен қала. Екі күн аз ғой, – деді де, – Көлік бар ма? – деп сұрады.
– Задиннен жаңа көлік сұрап а-ал…
– Қой! Бейшараның мініп жүрген жалғыз машинасын қайтесің – деді де, кнопканы басып еді, ішке ұзын бойлы ашаң жүзді әйел кірді.
– Мына жігіт жазушы. Ташкентке барады. Бір жеті… естіп тұрсың ба, бір жетіге гараждан машина бер. Қанша дегенмен, басқа ел ғой. Жаңа машина болсын.
Әйел басын иіп, бұрыла берген-ді.
– Тоқта, – деді Жұмекең.
Әйел үнсіз, тосып тұр.
– Гараждағы шопырларыңның көбі орыс. Бастықтар болмаса, олар қазақтың ақын, жазушысын қайтсін. Шопырға қатты ескерт. Мінез шығарып, қиқаңдап жүрмесін. Енді кете бер!
Әйел шығып кетті. Оңаша қалдық. Жұмекең қос қолын айқастырып столға салды да, не ойлағаны белгісіз, көзін төмен салып, үн-түнсіз сазарып отырып қалды. Мен көзімнің астымен жасқаншақтап қарадым да, демімді ішіме тартып, қыбырсыз отырғам. Жұмекеңнің бойын тіктеп, басын көтеріп алғанын байқамай қаппын.
– Перед своим народом моя совесть чиста, – деп, сәл діріл енген зор даусы саңқ етті.
Тұла бойым түгел дір етті. Қалай қоштастым. Рақмет айттым ба, жоқ па есімде жоқ. Тек есіктен шығып бара жатып, қолыммен көзімді сүрткенімді білем.

Дәл сол тұста ойына не келсе, соны істеп жүрген Хрущев қабылдау кабинетіне әуелі Қонаевты, сосын Тәшеновті жеке қабылдап отырып, «Арқадағы бес облысты РСФСР-дың құрамына басыбайлы қосып беруді ұйғарып отырмыз. Жаңа Қонаевты көндірдім. Енді сен де келісіміңді бер» дегенде, Тәшенов «Жер – халықтікі ғой. Өз жерін халықтың өзі шешеді. Оны сыртынан билеп Қонаев та, мен де шеше алмаймыз» деп, тайсалмай, тура айтқан екен. Хрущев: «онда бұл мәселені сендерсіз политбюрода қарап, өзіміз шешеміз» депті. «Өздеріңізде шеше алмайсыздар. Өйткені Конституция да «жер – халықтікі» деп жазылған» депті Тәшенов. Хрущев бұған не дерін білмей, тас-талқан боп ашуланыпты да, бас салып боқтапты.
Хрущев тақтан түсті. Брежнев таққа отырып, он сегіз жыл Совет одағын басқарды. Қонаев Қазақстанды отыз жыл басқарды. Осы екі арада елде де, қоғамда да үлкен өзгерістер болды. Тек Тәшеновтің қарайған қарабасында еш өзгеріс болған жоқ. Баяғыда мені қабылдаған сол қызметі. Көрген кісі көңілі жүдеп шығатын сол шағын кабинет. Бұндай кабинетті елге барғанда аудан әкімінен көретінмін.
Есіткен құлақта жазық жоқ. Қонаев пен Брежнев көңілі жақын жандар. Дос. Семьялары да тонның ішкі бауын дай аралас-құралас. Е, бәрекелді! Жұмекеңді отырған орнынан қозғап, жоғарыға көтеру (плево) түкке тұрмайды. Үйде отырған кісінің басына не келіп, не кетпейді. Әр ойдың басын бір шалып отырып, Қонаев та өзіміздей «ет пен сүйектен жаралған адам. Пенде. Пенде ғой» дейсің. Пенделігі тіпті басынан асып жатады деп есітетінбіз. Былай қарағанда, Қонаевты да түсінуге болады. Толып жатқан сан-сапалақ аударыспақ, төңкеріспектің қайсысы есінде тұрсын деп ойлайсың. Көңілің соған ауып, енді өзіңді иландыра бастағанда кенет… «ау, Жұмабек Тәшенов көп емес, жалғыз еді ғой» деген ой келеді басыңа. Қай халықта да бөле-жармайтын біртуар ірі тұлғалар болады. Тәшенов те өз заманында Хрущевқа тайсалмай қарсы шыққан жалғыз қазақ. Оны дәлелдеудің қажеті жоқ. Бір ғана мысал. Зұлымдық пен жауыздық үстемдік құрып тұрған сонау қарғыс атқыр заманда, естеріңде бар ма, елі, жері, суы үшін басын бәйгеге тіккен жалғыз адам еді. Керек десе, балаларының, тіпті анадай дәрежесі биік, мәртебелі ұлық орынға да қолды бір сілтеп, отқа түсіп еді ғой. Халық айтса, қалт айтпайды. Хрущевпен шиедей боп бет жыртысып шыққаннан кейін, Қонаев сол күні Жұмабек Тәшеновпен кездесіпті. «Хрущев меня к стене так прижал, мне ничего не осталось – дал согласия. Сен «Жер – халықтікі. Өз жерін халықтың өзі шешеді» депсің ғой. Сосын екеуің боқтасып қалғансыңдар ма, қалай?» депті Қонаев. «Жоқ, боқтаған ол. Мен тек оған «Никита Сергеевич, ругаться я тоже умею. Пожалуйста, не принуждайте меня обращаться к блатному жаргону паханов» дегенім рас. Сонда ырза боп кеткен Қонаев «жолбарыстай жүректісің-ау, Жұмабек!» депті.
Жә, өткен өтті. Оны кейінгі ұрпаққа қалдырайық. Адам пақыр пенде болғасын, жерде жүріп бәрін бірдей көре бере ме. Бірақ… біз көрмегенді көкте Құдай көреді. Осы біздің Құдайдан қорықпайтынымыз қалай? Осы арада қара қылды қақ жаратын әділ төрелікті өздеріңнен сұрағым келеді. Осы біз барымызды бар кезінде көрмей, ылғи да кеш қалатынымыз не? Есіткен құлақта – жазық жоқ. Жоғарғы жақтағылар тіпті Жұмабек Тәшеновтен есебін тауып, тезірек құтылғысы келген бе, қалай? Жасы алпысқа толған бойда жалпылама көпке істейтін қарапайым кәдені бұған да істепті де, ұмар-жұмар «құрметті демалысқа» жөнелтіп жіберіпті. Бұны қалай түсінуге болады? Әлде, өзіміз білетін қырық айлалы сайқал саясаттың бұ да найза бойламайтын бір қыры ма?..
Бұрынғы қазақтар: «жоққа – дауа жоқ» деген. Ал, бар болса ше? Абай «сүйер ұлың болса, сен сүй; сүйінерге жарар ол» демеп пе еді. Ондай ұл – әрине, азамат. Біртуар тұлға. Соның бірегейі жөнінде өзім білген ақиқатқа басы артық ештеңе қоспай да, алмай да адал шындықты айтқан сияқтымын. Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып қайтем. Сонда ар жағымдағы айтар ойым белгілі. Сол анау ит жегір заманда Жұмабек Тәшеновтің (өзі айтса айтқандай) «халқы алдында ары таза» жанның елі үшін ешкімнен, ештеңеден беті қайтпаған рухы биік ерлігін елеусіз қалдырмай, өзіне ылайық деңгейде көтеру әрбір ар-намысы бар елдің мойнындағы парыз емес пе? Тәңірі бізді де жарылқап, тәуелсіз ел боп, аз уақытта қаншама аруақтарымыздың рухын тірілттік. Ендігі кезек Жұмекеңе де жетіп, бір күнгідей болмай жұлдызы жарқырап шыға келетін күн туып еді, пенделігіміз ұстап, біз асығамыз. Бірақ кәрі тарих асықпайды. Сәтті тосады. Біз де үмітімізді үзбейміз. Сәтті сағатты тостық. Әлі де тосамыз. Ерлігі аңызға айналған осы абзал азаматты Елбасы мен жаңа сайланған Президент тікелей өздерінің қолына алып, ұлттық деңгейдегі мәртебесі биік жоғары дәрежеге көтерер деген үміт әлі үзілген жоқ, тірі.

(«Ана тілі» газеті, 3-9 қазан 2019 жыл. Ықшамдалып басылып отыр).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар