Кеше облыс әкімі Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында өткен Қазақстан Республикасы әлеуметтік қорғау
жүйесінің қызметкерлері күніне арналған салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, осы салада қажырлы еңбек етіп жүрген мамандарға алғыс айтты.
Облыс әкімі Е.Б.Маржықпаев алдымен аталмыш мәдениет сарайының бірінші қабатында орналасқан қарттар мен мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының және «қолданбалы өнер» тақырыбындағы екі бағыттағы көрмені аралап көрді. Әкім болашақта бұл бұйымдарды аукционға қою қажеттігін де айтып, өз ризашылығын білдірді.
Облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының ұйымдастыруымен өткен салтанатты шарада облыс әкімі Ермек Маржықпаев өзінің құттықтау сөзінде осы салада елеулі еңбек етіп жүрген бір топ азаматтарды мақтанышпен атады.
– Баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтаймын. Бүгінде әлеуметтік қызметкерлердің мыңдаған тобы халықтың әртүрлі санаттарына әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Олардың қызметі аса жа-
уапты әрі баға жетпес мамандықтың бірі. Ел Президенті Қ.К.Тоқаев өз Жолдауында атаулы әлеуметтік көмектің ашық, әділ болуын және еңбекке тартуға бағытталған механизмдерін пысықтауды тапсырған болатын. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардың балалары үшін кепілдік берілетін әлеуметтік топтамасын құруды баса айтты. Өйткені, азаматтарды жан-жақты қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндетінің бірі болып саналады. Әлеуметтік қызметкерлер тек өз міндеттерін орындап қана қоймай, адамдарға мейірімділік пен жарқын болашаққа сенім ұялатады. Сондықтан да, әлеуметтік қызметкер жай қызметкер емес, ол қоғамға өте қажет және құрметке лайық жандар, – деді Ермек Боранбайұлы.
Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасында арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын 10 орталық бар. Әлеуметтік қорғау ұйымдары 2019-2023 жылдарға арналған өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасына сәйкес, халықтың аз қамтамасыз етілген секторларына, зейнеткерлер мен мүгедектерге, жұмыссыздарға әлеуметтік қолдау көрсетеді. Жалпы, әлеуметтік қорғау қызметкерлері жұмысының негізі – адамдарға қамқорлық көрсету, мұқтаж жандарға уақытылы көмек қолын созу.
Салтанатты шарада бір топ әлеуметтік қызметкерлерге Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің марапаттары, оның ішінде «Әлеуметтік және еңбек саласындағы үздік қызметкер» төсбелгісі мен облыс әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. Олардың ішінде Көкшетау қаласынан Әсия Жаманова, Целиноград ауданынан Нұрсұлу Бақтыбаева және Елена Ивановна Булга, Бұланды ауданынан Кенжебике Есмағамбетова, Нұргүл Қалиева, Әлия Жақсылықова, Бақыт Сыздықова, Татьяна Радченко, Бота Әменова, Әлібек Иманғалиев, Гүлмира Сүйіндікова, тағы басқалары бар.
Облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының ұйымдастыруымен өткен салтанатты шараға барлық әлеуметтік сала қызметкерлері қатысты. Соңы мерекелік концертке ұласты.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Кеше облыс әкімі Ермек Маржықпаев футболдан әйелдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында екінші орын алған «Оқжетпес» әйелдер футбол клубының ұжымымен кездесіп, толағай табыстарымен құттықтап, марапаттады.
Жерлестеріміздің ел чемпионатындағы үздіктер қатарынан көрінуі келесі маусымда тұңғыш рет чемпиондар лигасының іріктеу ойындарына қатысуына мүмкіндік беріп отыр. «Оқжетпес» стадионында өткен салтанатты шарада облыс басшысы өңірде футболдың дамуына зор көңіл бөлініп отырғандығын атап өтті.
– «Оқжетпес» футбол клубының ойыншыларын барлық жанкүйерлер атынан жеңістерімен құттықтаймын. Келер жылы біздің команда Еуропаның чемпиондар лигасының іріктеу ойынында өнер көрсететін болады. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Алдағы уақытта командаға қолдау білдіре беретін боламыз, – деді облыс әкімі Ермек Маржықпаев өз сөзінде.
Сонымен қатар, облыс басшысы Қазақстан Республикасы Премьер-Лигасының кезекті туры бойынша ерлер арасында өткен көкшетаулық «Оқжетпес» пен елордалық «Астана» футбол клубтарының кездесуін тамашалады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.