Алдағы Еріктілер жылы қарсаңында Степногорск қаласында еріктілердің «Volunteer.KZ» облыстық форумы өтіп, белсенділері марапатталды.
Еріктілер қызметі идеясын, қайырымдылықты және азаматтық бастама белсенділігін арттыруға бағытталған шараға облыстың әрі өңірінен жиналған 200 делегат қатысты. Жиналғандар алдында қала басшысы Еркебұлан Баяхметов сөз сөйлеп, бүгінгі қоғам үшін еріктілер жұмысының маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінгі жастар – халықтың ұйымдасқан, белсенді тобы, жаңа идеялардың қозғалтқышы, қоғамның өмірлік күші мен қуат көзі болып табылады. Жастар еліміздің келешегі ғана емес, бүгінгісі, – деді қала әкімі Е.Баяхметов.
TEDx форматында өткен шарада қатысушылар әріптестікті нығайту, еріктілер жұмысын, еріктілер жобасы мен шешендік шеберлікті дамыту мәселелерін талқылады. Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Анаргүл Белгібаева, «Nur Otan» қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зульфия Хабибуллина, Степногорск қалалық ресурстық орталығының директоры Қажымұрат Шәкенов, «Женский Луч» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Оксана Волкова-Михальская, «Десантное братство» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Советов, «Балапан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Евгения Овчинникова, «Zhas Urpak» бастамашыл тобының жетекшісі Зарина Салимова өз ойларын ортаға салды.
«Volunteer.KZ» форумына қатысушылар үшін «Степногорск – жарқын қала!» атты экскурсия ұйымдастырылды. Форумның соңы концерттік бағдарламаға ұласып, үздік қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталды.
Аслан Оспанов