Зеренді ауданындағы «BLIC TERMINAL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс фабрикасын салу жобасы ағымдағы жылдың желтоқсан айында толық қуатына шығады.
«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы шеңберінде 2016 жылы кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген аталмыш құс фабрикасының жылдық қуаты 2500 тоннаны құрайды. Жобаның құны – 1,1 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Биылғы жылдың 25 тамызында құс етінің алғашқы партиясы шығарылды. Дайын өнім Нұр-Сұлтан, Көкшетау және Қарағанды қалаларындағы базарлар мен сауда нүктелерінде сатылуда.
«BLIC TERMINAL» компаниясының басшысы Ербол Жуаровтың айтуынша, өндірісті одан әрі дамыту бойынша алдағы уақытта бірқатар жақсы жоспарлар қарастырылып отыр. Оның ішінде «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп жылына 13 миллион балапан шығаратын инкубатор іске қосылады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.