Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз салымшыларының ұсыныс-тілектерін ескере отырып, көрсететін қызметтерін үнемі жетілдіруде.
Халық арасында зейнетақы жоспарлау мәдениетін қалыптастыру және еңбекке қабілетті азаматтардың барлығын жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының алдына қойған басты міндеттерінің бірі. Әрине, оны жүзеге асыру үшін ең алдымен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру керек. Ал, бұл заманауи технологияларды қолдануды талап етеді. БЖЗҚ бұл тұрғыда заман талаптарынан қалыс қалмай, өз жұмысында ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерін кеңінен пайдаланып келеді. Соның арқасында Қордың көрсететін қызметтерінің барлығы дерлік электрондық үлгіге ауыстырылған.
Бұл ретте Қордың ENPF мобильді қосымшасының орны бөлек. Ол бүгінде салымшылар мен алушылар арасында ерекше сұранысқа ие. Бұдан бес жыл бұрын БЖЗҚ мамандары әзірлеген қосымша бүгінде барынша ыңғайлы бола түскен.
Қордың қазақ және орыс тілінде жұмыс істейтін ұялы қосымшасы арқылы жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алуға, сондай-ақ, зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткіштерді, шарттардың деректемелерін, жаңалықтарды, Қор филиалдарының байланыс нөмірлері мен мекен-жайларын көруге болады. Таяуда осы қызметтердің қатары жаңа мүмкіндіктермен толықты. Олар: болжамды зейнетақы калькуляторы, онлайн-бот және халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына өтініш жасауға мүмкіндік беретін қызметтер. Зейнетақы калькуляторы арқылы болашақ зейнетақыны есептеуге мүмкіндік берілсе, онлайн-бот арқылы жиі қойылатын сұрақтарға жауап алуға болады.
Пайдаланушылар ұялы қосымшада тіркелу үшін бір реттік парольді қолдана алады. Пароль ұялы телефонға SMS-хабарлама ретінде жіберіледі.
Ұялы қосымшада екі әдіс бойынша: жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен құпиясөзді (пароль) енгізу және электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы авторлануға болады. Сонымен қатар, пайдаланушы Android пен IOS операциялық жүйесіне арналған Touch ID және IOS жүйесіне арналған Face ID сканерлік жүйесін қолдана алады.
Қордың ұялы қосымшасы әдеттегідей Google Play және App Store дүкендерінен жүктеп алынады.
«БЖЗҚ» АҚ ұялы қосымшасы жаңғыртылғанға дейін оны 2,5 миллионнан астам адам жүктеген. Қордың аталмыш электрондық қызметі бүгінде салымшылар мен алушылар арасында ерекше танымал.
Айта кетелік, «БЖЗҚ» АҚ өзінің ұялы қосымшасын алаяқтар мен хакерлердің шабуылынан қорғауға ерекше көңіл бөледі. Сондықтан жеке ақпараттардың құпия сақталуына уайымдаудың еш қажеті жоқ.
Push-хабарлама
Push-хабарлама – Қордың ENPF ұялы қосымшасының жаңадан енгізілген қызметі. Оны пайдалану үшін ұялы қосымшаны ашып, «Баптау» бөліміне кірген соң, (push-хабарламаны қосу/өшіру) осы қызметті іске қоссаңыз болды. Сонда зейнетақы шотыңызға міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары келіп түскен сәтте, экранда пайда болатын қысқаша хабарлама Сізге бұл туралы дер кезінде хабарлап отырады.
БЖЗҚ телеграм-боты
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ұялы қосымшаны ғана емес, салымшыларға ыңғайлы болуы үшін танымал мессенджерлерді де енгізіп, дамытып жатыр. Мысалы, бір жылдан бері БЖЗҚ-ның танымал Telegram мессенджеріне арналған арнайы боты жұмыс істеп келеді. Ол бірқатар қызметтерді қамтиды. Олардың ішінде бастапқы кеңес беру қызметі бар. Сәйкесінше үйден шықпай-ақ, смартфон арқылы кішігірім үзінді көшірме алуға, Жеке кабинеттің паролін қайта қалпына келтіруге, БЖЗҚ-ның маңызды жаңалықтары және ағымдағы көрсеткіштерімен танысуға, сондай-ақ Қордың жақын маңдағы бөлімшесін іздеп табуға болады. Бұдан басқа ағымдағы валюта бағамын білуге, жол қозғалысы ережесіне қатысты айыппұлдың бар-жоғын тексеруге және басқа да қызметтерді пайдалануға мүмкіндік бар.
Телеграм-бот арқылы үзінді көшірме алу үшін зейнетақы шотынан ақпарат алудың интернет-байланысы тәсілін таңдау керек. Бұл үшін Қордың кез-келген бөлімшесіне барып, қосымша келісімге қол қойып, пароль ала аласыз. Еске саламыз, электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып, БЖЗҚ сайтының Жеке кабинетінде хабарлау тәсілін өзгертуге болады.
Таяуда Телеграм-ботта жаңа – оператормен байланысқа шығу қызметі іске қосылды. Енді роботтан алған алғашқы кеңеске көңіліңіз толмаса, сауалыңыз автоматты түрде кеңесшіге жолданады.
Бүгінде БЖЗҚ-ның мессенджер-арналарын күн сайын 10 мыңнан астам адам пайдаланады. Бұл Қордың электрондық қызметтерінің танымал екендігін көрсетеді. Салымшылар өтініш берудің осындай форматтарын жиі пайдалануда. Мұның өзі БЖЗҚ боттарының ыңғайлы әрі көп атқарымды екендігін білдіреді.
Өз деректемелеріңізді
тексеріп тұрыңыз!
Соңғы кездері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының электрондық поштасына «Бірреттік парольді жеткізу мүмкін болмай жатыр» деген сипаттағы хабарламалар жиі түсіп жатыр.
Орын алған жағдайға байланысты «БЖЗҚ» АҚ жауапты тұлғалары арнайы тексеру жүргізіп, мынадай қорытынды шығарды: Қордың ұялы қосымшасы мен сайты ойдағыдай жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте БЖЗҚ дерекқорында салымшының электрондық поштасы және/немесе ұялы телефонының нөмірі дұрыс жазылмаған жағдайда ғана Қор сайтының Жеке кабинетіне кіру мүмкін еместігін айта кеткен жөн.
Сондықтан Жеке кабинет арқылы жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алуға қол жеткізу үшін (жеке басты куәландырушы куәліктің түпнұсқасымен) «БЖЗҚ» АҚ бөлімшесіне барған кезде электрондық поштаңыз және/немесе ұялы телефоныңыздың дұрыстығын, маңыздылығын тексеріп тұруыңызды сұраймыз.
Еске саламыз, электрондық пошта мен ұялы телефонның нөмірі Жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілін өзгерту (белгілеу) туралы келісімде көрсетіледі.
Қорыта келе айтар болсақ, БЖЗҚ заман талаптарына сәйкес салымшылары мен алушыларына барынша ыңғайлы болуы үшін жаңа қызметтерді енгізіп жатыр. Бұл ретте жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылардың ұсыныс-тілектері де назардан тыс қалмай, толығымен ескерілуде.
Салтанат БАКИРОВА.