Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Күл болған арман - АРҚА АЖАРЫ

Күл болған арман

Айымгүл аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдақ, мінезі жайдары жан еді. Келін болып түскелі бері қайын жұртына бір де бір рет қыңыр мінезін көрсеткен емес. Осы ақкөңілділігімен қоса, шаруаға да мығым-тын. Өзге әйелдер секілді тұрмыс құрдым, бала тудым екен деп, ас үйдің маңайын айналшықтап, күйеуінің табысына ғана қарап отырмады. Керісінше, жолдасына отбасын асырауға көмектесу, жаңадан тұрғызып жатқан үйлерінің құрылысын тездетіп аяқтау үшін шиеттей үш баласын бірнеше күнге туыстарында қалдырып, Қытайдан тауар әкеліп, ауыр-ауыр сөмкелермен түрлі мекемелерді аралап, киім-кешек те сатты.

Кәсібі дөңгеленіп, біраз қаражат жинағаннан кейін базарда киім-кешек сататын шағын дүкен ашты. Үйлерін де жолдасы екеуі адал еңбектерімен жиған ақшаға тұрғызып, ішін көз тартарлықтай етіп безендірді. Бұлардың жарасымды, берекелі тірлігіне өздерімен базарда бірге істейтін таныстары іштей қызығатын, қызғана қарайтын. Екеуі бір-біріне «жаным» дегеннен басқа бөтен сөз айтпайтын. Бауыр еті балапандары да балалық шақтың бал дәмін татып, ата-ананың жанында шаттыққа бөленіп өсіп жатты. Әттең, бәрі осылай жап-жақсы күйінде жалғаса бергенде ғой… Бір үйдің ұйытқысы, біреудің сүйікті жары, балапандарының аяулы анасы болып отырған Айымгүлге жаман ауру кенедей жабыспағанда, асқақ армандарының күл талқанын шығармағанда…
Он жыл бойы алыс жерден тауар тасу оңай ма?! Осы кәсібі өзін әбден жүдетіп жібергенін, үнемі алыс жолда жүру, жол-жөнекей тамақтана салу денсаулығына кері әсерін тигізіп жатқанын, содан асқазан ауруы да сыр бере бастағанын білсе де, Айымгүл отбасының қамы үшін жұмысын тастағысы келмеді. Әйел адамның өмірі осы ғой. Әр күні, әр минуты отбасының қамын ойлаумен өтеді. Енді, міне, өзінің қатерлі дертке душар болып отырғанын қарашы!
Өзінің қатерлі ісік ауруымен ауыратынын білгелі бері Айымгүл қатты өзгерді. Мереке күндері қонақ күтуден қолы босамайтын ол сырқат екенін естігесін үйіне бөтен ешкімді жолаттырғысы келмеді. Тек, үш ботақанын қасына алып, ертең өзі олай-бұлай болып кетсе, құлындарының тағдыры не болатыны, аналарынсыз қалай өмір сүретіні жайлы ойлап, ботадай боздап жылап алатын. Кішкентайы Әділ небары төрт жаста болса да, анасынан айырылып қалатынын сезетіндей, оны жібергісі келмей, анасының құшағында ұйықтап қалатын. Сол кезде Айымгүлдің жүрегі одан сайын сыздап сала беретін. Тұңғышы Мәдиді оң жағына, Әлиін сол жағына жатқызып, ал, кенжесі Әділін алдына алып шайқап ұйықтатып отырып, уақыттың дәл осы күйінде тоқтап қалуын тілейтін. Ботақандарының бейкүнә жүздеріне қараған сайын көзінен жас парлап, жүрегін сыздатқан әттеген-ай, өкініш сезімге ие бола алмай қалатын да, қайта жылайтын.
Жарқылдап жүрген әйелінің көз алдында өшіп бара жатқанын көру жұбайы Болатқа да оңайға соқпады. Десе де, оның бұл ауруды жеңуге, сөйтіп, бұрынғыдай бақытты өмір сүруге бір үміті бар болатын. Дәрігерлер Айымгүлге жасалатын күрделі отаның сәтті аяқталуы екіталай екенін бұған ескертсе де, Болат үмітін үзгісі келмеді, құдай қосқан қосағының әлі-ақ жазылып кетеріне кәміл сенді.
Ота жасалардан бір күн бұрын Айымгүл жолдасымен оңашада отырып ұзақ сөйлесті. Бұл ерлі-зайыптылардың соңғы әңгімесі, бір-бірімен соңғы рет тілдесуі екенін сезгендей қарашаның ызғарлы желі аурухана терезесін әлсін-әлсін қағып қояды. Құдды бір ызғарлы жел ашуға мініп, Айымгүлге «жамандық шақырма, әлі-ақ оңалып, отбасыңа ораласың» дегісі келгендей, дәл осы оймен отырған Болаттың көңілін ұққандай.
–Жағдайым мәз емес екенін білемін. Аз ғана ғұмырым қалды. Адал жарым ретінде сенен сұрайтыным, ботақандарымызға қамқор бол. Ұлдарымыз өзіңе аманат. Олардың өсіп-жетілгенін, үй болғанын сенімен бірге көрсем ғой деп армандаушы едім. Әттең, арманым орындалмайтын болды, – дей бергенінде Болат Айымгүлді құшақтай кетті.
–Осыншама сезімтал, балажан жүрегіңнен сенің! Болды, енді маған өлім туралы айтушы болма, жамандық шақырма. Ертең отадан кейін жазылып кетесің. Балаларды екеуіміз бірге өсіріп жеткіземіз, жаным, – деген жұбайының сөзі Айымгүлдің күпті көңілін бірер сәтке аулағанымен, ішкі түйсігі отадан кейін шынымен-ақ оңалып кетеріне сене алмады.
Сенгісі-ақ келеді ғой. Бірақ қайдам. Ішіне дендеп кіріп алған қатерлі ауру оңайлықпен шықсың ба! «Шіркін, тым болмаса, Әділім мектепке барғанша тірі тұрсам ғой, баламды партаға өз қолыммен отырғызсам ғой. Құдайым, менен осыны көп көрдің бе? Неге мен? Неге мен өлуім керек?» деп, жылаған күйі Айымгүл жастықты кеудесіне қысып, шаршап, өксіп-өксіп ұйықтап қалды.
Қарашаның ызғарлы желі келесі күні қарлы боранға ұласты. Айнала алай-дүлей. Боранды күнде көлікті тізгіндеген Болат балаларымен ауруханаға әрең жетті. Әйелі жатқан палатаға келіп еді, оны онда таба алмады. Сөйтсе, бірер минут бұрын ғана Айымгүлді ота жасауға алып кеткен екен. Болаттың ойы сан-саққа кетіп, ота жасалып біткенше әрең шыдады. Төрт жасар Әділ ұзын дәліздің бір шетінен екінші шетіне жүгіріп ойнап жүрсе, ағалары әкелерінің жанында аналарының амандығын тілеп тұр.
Баланың да тілегі қабыл болмайтындай өмір осыншалық қатал болар ма?! «Неге, неге, неге?» деп айқайқалаған Болат қабырғаны тепкілеп, жынданып жатса, манадан бері ойынның әлегімен жүрген Әділ де әлде бір сұмдықтың болғанын сезгендей, ота залына қарай бет алған ағаларының соңынан «мамалап» жүгіріп бара жатты.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар