Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Балаларға бір жақсылық жасалды - АРҚА АЖАРЫ

Балаларға бір жақсылық жасалды

Шортанды аудандық ауруханасының балалар бөлімшесінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Облыстық және аудандық деңгейдегі депутаттық корпустың белсенді көмегінің арқасында бұл мақсатқа қаражат облыстық бюджеттен бөлінген болатын.

15 жылдан астам уақыт бойы аталған бөлімше жөндеуді керек етті. Алайда, қаржының тапшылығынан жөндеуге берген өтінімдер орындалмай қалып отырды. Енді міне, Шортанды ауданының әкімі Гайдар Қасенов пен аудандық аурухананың бас дәрігері Руслан Бөтембаев салтанатты жағдайда лентаны қиып, қонақтардың қатысуымен жөндеуден өткен бөлімшені аралап көрді.
Руслан Дүйсенұлы жарық, ыңғайлы палаталарды, емшара кабинеттерін, асхана, гигиеналық бөлмелер, үлкен ойын бөлмесін және жаңа жиһаздарды зор ықыласпен көрсетіп, осының барлығы кішкентай науқастар мен аналарды қуантатынын атап өтті.
–Біздің ауруханада пациенттеріміз үшін осындай қолайлы жағдай жасалғанына өте қуаныштымыз,–дейді бұл орайда бөлімше меңгерушісі Танатхан Хазез.
–Біз ұлымыз екеуміз бұл емдеу мекемесіне бірінші рет жатып отырған жоқпыз, балалар бөлімшесінің бұған дейін қандай күйде екені есімізде, сондықтан, медицина қызметкерлерін және барлық шортандылықтарды осындай атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын! – деп жас ана Елена Шнайдер де өз ризашылығын жасыра алмады.
Жалпы, биылғы жыл Шортанды аудандық ауруханасының медициналық қызметкерлері үшін сәтті қалыптасты. Жүргізілген оңтайландырудың нәтижесінде ТРИАЖ жүйесі шеңберінде шұғыл медициналық көмек көрсету үшін анестезиология және реанимация бөлімшелеріне де реконструкция жүргізілді. Аудандық аурухананың қабылдау бөлімшесінің кіре берісі, ауыр тасымалдауға жататын пациенттерді жеткізу, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар, осының барлығы санитарлық талаптарға сәйкес келуі, медициналық көмектің халыққа жақындағанын көрсетеді. Ал ашық түсті сілтемелер және едендегі үш түсті жолақтар пациенттерге қандай бағытқа, қайда баруларына тез бағдарлануға мүмкіндік береді.
Тұтастай өңірдің денсаулық сақтау саласында қолға алынып жатқан бұл іс-шаралар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу арқылы халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін және сапасын арттыруға бағытталған. Бұған ендігі арада тыңғылықты жөндеуден өткен балалар бөлімшесі де игі ықпалын тигізері анық.
Осылайша облысымызда денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру, ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасын арттыру жолымен ауруларды ерте анықтау және халықтың денсаулық жағдайын жақсарту бойынша қойылған міндеттер біртіндеп шешіле түсуде. Соның бір айғағы Шортандыда балаларға жасалған жоғарыдағы жақсылық деп айтуымызға болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар