Ұлттық бизнес-рейтинг бойынша ел экономикасының дамуына қосқан үлесі үшін «А.И.Бараев атындағы ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» серіктестігі «Саланың үздігі» марапатына ие болып, Қазақстан Республикасының 100 үздік компаниясының Алтын рейтингісіне еніп отыр.
Нұр-Сұлтан қаласында бизнес-көшбасшыларының 48-ші кездесуі болып өтті. Іс-шара салтанатында бұл марапатты Қазақстан Республикасы Ұлттық бизнес-рейтингісін ұйымдастыру комитетінің төрайымы Гүлнәр Хабибрахманова «А.И.Бараев атындағы ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» серіктестігінің бас директоры Кенже Абдуллаевқа табыс етті. Гүлнәр Хабибрахманова өз сөзінде бұл марапат орталықтың табысты дамуы мен ғылыми-тәжірибелік жетістіктерінің деңгейін көрсететінін атап өтті.
Кенже Абдуллаев серіктестік қызметіне жоғары баға берген ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Марапат жаңа технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы дақылдары селекциясы саласындағы ғылыми жаңалықтар, нақты егіншілік, агрохимия және суландыру жүйесін енгізу бағытында жұмыс істеп жатқан ғалымдар ұжымы еңбегінің жемісі екенін айтты. Сөз орайы келгенде А.И.Бараев атындағы ауыл шаруашылығы ғылыми- өндірістік орталығы Қазақстанның аграрлық ғылымының астық дақылдары бойынша бас ғылыми ұйымы болып табылатынын атап өткен жөн.
Шортандыдағы А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы халықаралық көрмеде «KazAgro»-ның алтын медалін иеленді.
Еліміздің аграрлық секторындағы ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібіне арналған ірі халықаралық форумның бірі – «KazAgro-2019» және «KazFarm-2019» көрмесінің қорытындысы бойынша осы көрмені ұйымдастыру шараларына белсене атсалысқан А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы алтын медальмен марапатталды.
Ұйымдастырушылар А.Бараев атындағы АШҒӨО-ның көрме стендінің мазмұндылығын атап өтті. Үш күнге созылған көрмеде орталықтың стендіне бірнеше жүздеген адам келіп, көптеген компания, соның ішінде шетелдік компаниялар өкілдерімен кездесулер өткізілді.
Орталықтың ғалымдары келушілерді егіншілік саласы, астық дақылдарының селекциясы, агрохимия, ауыл шаруашылығы алқаптарын суландыру, ауыспалы егіс жүйесі және ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру технологиялары бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарымен таныстырды.
Жалпы алғанда, «KazAgro» медалі ел экономикасының дамуына зор үлес қосып келе жатқан компанияларға табыс етіледі. Көрмеде осындай жоғары баға алған АШҒӨО ғалымдарының бұл алтын жүлдесі орталық ұжымының бұған дейін алған марапаттар қатарын лайықты түрде толықтыра түспекші.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.