Балалар мен жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылық пен қылмыс жайы қазір қоғамды алаңдатып отыр. Балалар арасында кездесетін ұсақ бұзақылықтарды былай қойғанда, ұрлық, тонау, бопсалау түріндегі қылмыс көлемі жыл санап өсуде.
Ақмола облысы бойынша кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының төрайымы Айсұлу Жұматованың айтуынша, қоғам үшін аса маңызды болып отырған жасөспірімдер арасындағы қылмысты ауыздықтаудың жолы – қылмыс жасаушыларды жазалау емес, қылмыстың алдын алу, оның себебін анықтау және сондай себептерді болдырмау.
– Еліміздің болашақ тізгіні – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ендеше оларға саналы тәрбие беру мемлекеттік маңызы бар міндет. Сыртқы ортаның, айналасын қоршаған адамдардың ықпалымен заң бұзушылыққа баратын «тәуекелді топтардың» саны балалар арасында көбейіп барады. Бала кезінде заң шегін аттап, қылмыс жасағандар кейін өскен соң кәнігі қылмыскерге айналатынын өмір тәжірибесі көрсетеді, – дейді ювеналдық сот төрайымы.
Балалар арасындағы қылмыстың алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін ең алдымен, сондай қылмысты жасауға не жағдай себеп болғандығын анықтап, сондай себептерді болдырмау жолдарын қарастырған жөн деп санайды Айсұлу Жұматова. Ол осындай себептердің қатарында отбасындағы ұрыс-жанжалдар, бала тәрбиесіндегі босаңдықтар, баланы негізгі қажеттіліктерімен қамтамасыз етпеу, бос уақытын қалай өткізетінін бақыламау, қатарластарының теріс ықпалы сияқты жайларды айтып өтті.
Қазір балалардың бәрі дерлік интернетке қосылған смартфон телефондарын ұстайды. Ата-ана тарапынан бақылаудың жоқтығынан олар интернеттен бала санасын улайтын теріс ақпараттар алады. Бұның да баланың жаман жолға түсуіне айтарлықтай ықпалы болады. Балалардың бос уақыттарын спортпен, басқа да пәндік үйірмелерге қатысып, мазмұнды және қызықты етіп өткізулеріне жағдай жасаудың маңызы зор екенін өмір тәжірибесі көрсетіп отыр.
Ювеналдық соттың бастамасымен облыс аумағындағы 26 мектепте оқушылардан құралған араағайындық қызмет құрылып, жұмыс жасап жатыр. Татуластыру қызметіне 198 оқушы, 41 ата-аналар қоғамдарының өкілдері, 56 ұстаз бен 26 куратор кіріп отыр. 2019 жылдың қаңтарынан бастап мектептерде медиация қызметтерін құру ісіне Қазақстан халқы Ақмола облыстық ассамблеясы да қосылып, қолдан келген көмектерін көрсетуде. Алғаш құрылған 2018 жылдың қыркүйек айынан биылғы жылдың қыркүйегіне дейін өткен бір жылда татуластыру қызметіне 86 арыз-шағым түсіпті. Арыздардың бәрі қаралып, оларға толыққанды жауап берілген және тиісті шара қолданылған. Айта кету керек, медиациялық қызмет жұмыс жасайтын мектептердегі балалар арасындағы дау-жанжалдар күрт азайғаны байқалуда.
Ювеналдық соттың араласуымен «Звездный» демалу-сауықтыру лагері базасында «тәуекелді топқа» жататын балалар демалысы ұйымдастырылып, олармен арнайы мамандар жұмыс жүргізді. Алдағы уақытта да бұл дәстүр жалғасын таппақ.
Ақмола облысы бойынша кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты ұйытқы болып отырған балалар қылмысының алдын алу бағытындағы қолға алған жұмыстары қазірдің өзінде нақты нәтижесін көрсетуде.
Қалкөз ЖҮСІП.