Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елдің ықыласы ерекше - АРҚА АЖАРЫ

Елдің ықыласы ерекше

Көкшетау мен Қараөткелдің ен бойын жайлаған елде ел газеті – «Егеменнің» жүз жылдық мерейтойы өз сән-салтанатымен, мәнді мазмұн-мағынасымен кеңінен аталып өтілді. Бірден айта кетейік, бұл шара облыстық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылды.

«Ұшқыннан» ұшқын шашқан, кейін ғибратты сөздері жалын атқан, атауы әлденеше рет өзгергенімен, ел сөзін сөйлеуден, жақсылыққа жаршы, игілікке ұйытқы болудан жаңылмай келе жатқан басылымды сүйіп оқитындар өте көп. Өздерінің сүйікті газеттерінің мерейтойын да олар үшін рухани мереке болғандығы анық.
–Аға басылымды қырық жылға жуық жан серігім етіп келе жатырмын,–дейді Жақсы ауданының тұрғыны Алпыс Байшағыров ақсақал,–сырласым да, мұңдасым да сол. Ата газеттің айтары аз емес. Өзіңе не керек болса, соның бәрін табасың. Еліміздің өткен тарихы туралы, Алаштың ардақты азаматтарының кешегі өткені бар, бүгінгісі бар, бәрі жазылуда. Ел қамын жеген, көптің жайын ойлаған көшелі сөз айтатын да осы басылым. Мен өзіме ой салған, көңілімнен шыққан материалдарды жинап қоямын. Қазір әлденеше папка болды. Ақсақалдар ел тарихын айтқан кезде өз пікірімді осы газетке шыққан деректермен толықтырып отырамын. Талас туа қалса, дәлелім де осы газетте жазылған материалдардың ішінде.
Щучинск қаласында ел газетінің тойы тағылымды аталып өтті. Газет тарихын қамтитын «Егемен тарихы – ел тарихы» тақырыбында көрме қойылыпты. Онда газет редакциясында қызмет еткен қаламгерлердің жинақтары да бар. Алдымен ел газеті туралы бейнефильм көрсетілді. Оқырмандар газет туралы мол мағлұмат алғаннан кейін осы басылымда 25 жыл қызмет еткен қарымды журналист Бақберген Амалбек газет тарихы, онда Алаштың жақсысы мен жайсаңы қызмет еткені туралы кеңінен таратып айтып берді. Оқырман көңілінде қалған қадау-қадау ойлы материалдар да тілге тиек етілді. Ел еңсесін тіктеу, тәуелсіздігімізді баянды ету жолындағы басылымның қайраткерлік қызметі қағыс қалған жоқ. Оқырмандар да ойлы газеттің оңды шаруасына жоғары баға берді.
Дәл осындай кездесу Біржан сал ауданында да ұйымдастырылды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесуді аудан әкімі Ермек Нұғыманов ашып, ел газеті туралы тереңінен сыр толғап, ағынан жарылды.
–Ауданның бұрынғы Еңбекшілдер атауынан арылып, Біржан сал атының берілуіне де «Егемен Қазақстан» газетінің ықпалы зор болды,–деді аудан әкімі,–егер оқысаңыздар, басылымның беттерінен Алаш жұртының өткен тарихын, бүгінгі бейнесін анық аңғарар едіңіз. Газет өз алдына бір мектеп, өмір мектебі. Мәңгілік елдің жасампаз бейнесін қалыптастыру, сол биікке қалай жетуге болатындығын қолмен қойғандай етіп көрсетіп жатыр. Ел ішіндегі түйткілді де жасырмай айтып, одан шығар жолды да көрсетуде. Бірлікті үндеп, берекені нұсқауда. Ынтымақтың ырыс әкелетіндігін айтып жалпақ жұртқа жар салуда. Сондықтан, алдағы уақытта «Егемен Қазақстан» газеті босағасынан аттап, төріне озбайтындар болса, жаздырып алуларыңыз керек.
Осындай мазмұны толымды, әсері айта қаларлық кездесу Целиноград ауданының орталығы – Ақмолда өткізілді. «Егеменнің» өткен тарихын қамтитын көрме ұйымдастырылыпты. Осы газетте қызмет еткен қаламгерлердің әр жылдары жарық көрген жинақтары да менмұндалап тұр. Жергілікті өнерпаздар Арқаның төрт алыбы – Балуан Шолақ, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай әндерін шырқады. Әнмен ажарланған кездесуге «Егемен Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, «Құрмет» орденінің иегері Самат Мұса, «Егемен Қазақстанның» бұрынғы қызметкері Бақберген Амалбек қатысты.
–Аға газет қазір ел тәуелсіздігін бекемдеп, іргесін бекітуге айрықша ат салысып отыр,–деді аудан әкімі Мәлғаждар Тәткеев,–назар салып қарасаңыздар, басылымдағы әр материалдан елдікті көксеген ойды аңғарар едіңіздер. Маған әсіресе, жұртшылықты жақсы істерге бағыттайтын, жақсылықты насихаттайтын, елдікке ұйытқы болатын салмақты сөзі ұнайды. Аға газет деп емес, Алаштың қамын ойлаған ақсақал кейпіндегі, аузы уәлі, сөзі бәтуалы ата газет деп айтар едім. Шынында да, ақылман атаның жасына жетіп отыр ғой. Ғұмырлы болсын.
Жүздесуге келген журналистер қауымы жүз жылдық жылнамадан естеліктер айтысты. Басылымға әр жылдары басшы болған игі жақсылардың шығармашылық қызметі мен ұлт үшін еңбек еткен қияпат жұмыстары айтылды. Бұл туралы тарих пәнінің мұғалімі Серік Қанафин, Целиноград аудандық әкімдігінің қызметкері Дидар Оралбек өз лебіздерін білдірді.
Газет оқырмандары әсіресе, ауыл жайлы материалдарға көңіл аударатындықтарын айтуда. Кіндік қаны тамған қасиетті топырақтағы ауылдастарының қамын ойлап, мектеп, бала бақша, спорт залы тәрізді әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды салып беріп, қамқоршы болып отырған азаматтар туралы жарияланымдар аз емес. Бұл ет жүрегі елім деп соққан патриоттардың парасатты шаруасы. Солардың оңды ісі, әдемі шаруасы өзгелерге де үлгі болса екен дейді. Бар қазақтың бірлік атты тудың астына жиналатын тұсы да осы. Ауыл гүлденсе, ата жұрттың ажары кірсе, мемлекет те нығая түседі.
Басылым бетінде мемлекеттік, ұлттық маңызы бар мәселелердің орынды әрі өткір көтерілуі де газет оқырмандарының көңілінен шығып отырғандығын аңғаруға болады. Ауыз су мәселесі, күллі республикадағы оңынан оңғарылмай тұрған жолдың жайы. Бұл тұрмыстық тақырып болса, бүгінгі адамның жан-дүниесі, рухани кемелденуіне, төл тарихымызды танып білуіне газет қосып отырған үлес өте қомақты. Бұл көзі қарақты оқырмандардың оқшау ойы.
Кездесу барысында келелі мәселелер көтерілді. Таратып айтсақ, тақырып аясы былайша өрістемек.
–Қазақ тілінің қуатын, көркемдігін біз осы газеттен үйренеміз. Кейде көп қолданыла бермейтін архаизм сөздер де кездесіп жатады. Кейбіреулер дұрыс ұқпағанымен, қазақтың бар сөзі өз бояуы-
мен жазылғаны дұрыс. Әйтпесе, тіліміз жұтаң, жадағай қалыпта қалады. Тілімізді тірілтіп отырған осы басылым,–деді газет оқырманы Серік Қанафин.
Шортанды ауданында да ел газеті – «Егеменнің» тойы газет оқырмандарын бір серпілтіп тастаған әсерлі кеш болды. Жиналған қауым мерекеге арнайы ұйымдастырылған «Ел газеті – «Егемен Қазақстан» тақырыбындағы көрмені тамашалады. Жүздесу барысында оқырмандар аға газет көтеріп отырған қадау-қадау тақырыптар төңірегінде өздерінің көкіректерінде жүрген нәрлі сөздерін тілге тиек етті.
–Біздің ауданда ат төбеліндей ғана жергілікті ұлт өкілдері бар,–деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сәуле Қасенова,–газет бізге рухани азық болып отыр. Мен әсіресе, тұлғалар тақырыбымен берілетін Алаштың жақсы-жайсаңдарының өнегелі өмірі мен ұлтқа сіңірген еңбегі жайлы сүйсініп оқимын. Газетті тұрақты оқыған адам көп жайға қанық болатындығы айдан анық. Төл тарихымыз, туған өлкеміздегі қасиетті мекендер, ұлт қайраткерлерінің ұлық бейнесі туралы ақпараттарды жиналған жерде елдің үлкендері айтып отырады. Тіпті, пікір сайыстырғанда да төрелікке «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған деректерді аламыз.
Осындай кездесу қияндағы Жарқайың ауданында да өткізілді. Журналистермен жүздесуге аудандағы зиялы қауым, аға газеттің тұрақты оқырмандары жиналды.
–Ағынан жарылып ақ сөйлейтін аға газеттің тойы біз үшін де қуаныш,–деді аудан әкімі Мұрат Балпан,–бұл той жалғыз газеттің ғана тойы емес, барлық оқырмандар үшін ақ түйенің қарны жарылған ұлы той. Өзіміз күн сайын газетті қалт жібермейміз. Басылымның бүгінгі бейнесі көп көңілінен шығуда. Безендірілуі де көркем. Қазіргі нарық заманында газет тауар есебінде. Егер онда оқырлық материал болмаса, оқырманның қолына көркемделіп, безендіріліп тимесе, жазылымы да олқы болар еді. Біздің білуімізде бүгінгі таңда газет тиражы екі жүз мыңның үстінде. Бір газетті отбасындағы бес адам оқиды деп есептесек, бір күнгісін бір миллион адам оқымай ма?
Кездесу барысында ұстаздар қауымы «Егемен Қазақстан» газетінің білім саласын тереңнен қаузап жазып жатқандығын, оның өздерінің күнделікті шаруасына септігін тигізетіндігін айтып, ризашылық лебіздерін білдірді. Замана тынысын тамыршыдай тап басып отырған ұстаздардың айтуына қарағанда, бұл күнде бел алып тұрған әлеуметтік желілердің қайсыбірінде жарияланған дүниелердің көбі адам сенбейтін жайлар. Ақиқат сөз, адал сөз арлы газетте. Арлы газет – жүз жылдық тарихы бар «Егемен Қазақстан» газеті.
Көкшелік оқырмандар көпшілік сүйіп оқитын басылымның бағасы салмақты сөзінде екендігін саналарымен түйсініп отыр. Жақсылыққа жақын тұратын жұртшылық жүз жылдық той ел үшін сіңірілер еңбектің тағы бір жарқын бастауы, асқақ белесі деседі. «Белестен белеске белі талмай жете берсін, ел газеті – «Егемен»!» деп ақ тілектерін жолдап қалды.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
«Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша
меншікті тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар