Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренованың қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде
өткен брифингте «Ақмола облысы ақын-жазушыларының аудио кітаптары» сериясының тұсауы кесілді.
Басқарма басшысы Алтынай Әміренова өз сөзінде облысымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген шаралар қолға алынғанын, соның бірі жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларының аудио нұсқасының жарық көруі екенін айтты.
–«Рухани жаңғыру» бағдарламасында мәдениет, әдебиет, тарих, басқа да рухани құндылықтардың сақталуына баса мән берілген. Осы мақсатқа көзі ашық, көкірегі ояу кез-келген азамат үлес қоса алады. Қазір санға емес, сапаға жұмыс істейтін уақыт. Сондықтан, аймақтық жобалардың халық арасында танымалдығын арттыру үшін маңызды, құнды, мағыналы дүниелерді шығарып, қоғамға ұсынуымыз керек, – деді Алтынай Байқадамқызы.
Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі және ««El Jastar» эксперименталды лабораториялық театры жасап шығарған алғашқы аудиокітапқа жергілікті жазушы Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» романынан үзінді жазылған. Бұл туралы кеңінен «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайрат Сейтқазин осылай деп айтып берді:
– +«Ақан сері» романының аудио нұсқасы бар болатын. Бірақ, біз ойлана келе, романды әдемі әрлеумен, жастарды жалықтырмайтын форматта насихаттау керек деп шештік. Елімізде біздің аудиокітаптың аналогы жоқ. Оны бір ай көлемінде жасадық. Бұл тек бастамасы ғана. Келешекте тағы тоғыз аудиокітап шығарып, оны республика аумағына таратамыз деп отырмыз».
Ал, «El Jastar» эксперименталды лабораториялық театрының арт директоры Хәкім Хасанбай жобаға қолдау білдірген облыстық ішкі саясат басқармасына алғысын білдіріп, бүгінгі таңда жастардың шығыстың әндеріне әуес екенін, қоғамдық көліктерде құлаққапты киіп алып, даңғырлаған әуен тыңдап отыратынын, кітап оқуды қойғанын айтып, тұсауы кесілген аудиокітап осы олқылықтың орнын толтыруға зор мүмкіндік екенін жеткізді. Аудиокітапты жасауға үлес қосқан жастардың бірі Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің білім алушысы Оразмұхамеджанкерей Мұхамедуәли аудокітапты музыкамен әрлеуде көп еңбектенгенін, қазіргі жастардың шетелдің киноларына қызығуының себебі Голливудтың кинолары өзіне дыбыспен еліктіретінін, онда 3Д дыбыстар көп қолданылатынын айтып, қазақ жастарын қызықтыру мақсатында аудиокітапты музыкамен әрлеуде осыларды басшылыққа алғанын айтты.
Брифингке қатысушылар аудиокітаптан үзінді тыңдап, жоба жетекшілеріне сұрақтарын қойды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.