Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында «Ән – халықтың жүрегі» атты орыс, славян, казак әндерінің республикалық фестивалі өтті.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қолдауымен «Қазақстан орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» Ақмола филиалы ұйымдастырған шараға Нұр-Сұлтан қаласынан, Алматы, Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарынан 20 шығармашылық ұжым мен қоғамдық бірлестіктердің әншілері қатысты. Фестивальдің мақсаты – Қазақстан халқының бірлігі мен достық идеясын насихаттау, өнерпаз ұжымдарды қолдау.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Қазақстан орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Владимир Божко, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мәрзият Тохаева фестиваль қатысушыларына сәттілік тіледі. Сахна төрінде ұлттық киіммен жасанған хор ұжымдары, фольклорлық ансамбльдер, әншілер өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің назарына казак, орыс халықтарының әндерін ұсынды. Мемлекеттік тілде ән шырқалғанда залда отырған қауым ерекше қуанды. Бір сөзбен айтқанда, көрермендер фестиваль қатысушыларының өнерін зор ықыласпен қабылдады.
Жеңімпаздар алты номинация бойынша анықталды. Мәдениет қайраткерлерінен, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған әділқазылар алқасы қатысушылардың өнерін лайықты бағалады. Әр номинация бойынша жеңіске жеткендерге дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. «Мемлекеттік тілде үздік орындау» номинациясында Көкшетау қаласының «Русская песня» ансамблі үздік деп танылды. Фестиваль «Атамекен» әнімен өз мәресіне жетті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.