Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов пен «Казгидромет» филиалының директоры Бақыт Мұқажанова қыс айларындағы қауіпсіздік жөнінде айтып берді.
Департамент бастығының айтуынша, жылу беру маусымы басталғаннан бері облыс аумағындағы тұрғын үйлерде өрт саны бірден өскен. Өрт пеш пен өзге де жылытқыш аспаптарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауынан болып отыр. Адамдар улы газға тұншығып, кейде өртке оранып, қайғылы қазаға ұшырауда. Облыс аумағының тұрғын үйлерінде 115 өрт оқиғасы болып, 4 адам қайтыс болды, 2 адам жарақаттанды, 2 адам газға тұншықты. Бүгінгі күні департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен, волонтерлармен және аудиторлық ұйымдармен бірге 39 227 үйді аралап, өрт қауіпсіздігін түсіндірді. Қаралған үйлерде өрт қауіпсіздігі ережесінің 12 596 мәрте бұзылғандығы, оның ішінде 5921 жылу жүйесінің жөнделмегені, 5282 электротехникалық жүйе мен электроқондырғылар дұрыс пайдаланылмағаны анықталды.
–Департамент жүйелі түрде барлық тиісті қызмет пен үкіметтік емес секторды тартып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындардың, көп балалы отбасылары, егде және мүгедек адамдардың үйінде өрттің алдын алу жұмысын жүргізеді. Бүгінгі күні облыс аумағында мекенжайлық алдын алу жұмысын қажетсінетін әлеуметтік жағынан аз қамтылған 8268 отбасы тұрады. Осы орайда, барлық қалалық және аудандық бөлімшелерде әлеуметтік қорғау, білім мекемелерінің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тартып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындардың үйлеріне баратын комиссия ұйымдастырылған. Осы жұмыстың барысында өрт қаупі бар 108 үй анықталды,–дейді департамент бастығы.
«Казгидромет» филиалының директоры Бақыт Мұқажанованың айтуынша, қарашаның екінші онкүндігінде ауаның температурасы құбылмалы болады. Түнде 5-18, кейбір жерде 23 градус суық, күндіз 3-8 градус суық. Қар жауып, боран соғады. Тұман түсіп, көктайғақ болады. Сондай-ақ, филиал директоры желтоқсан, қаңтар, ақпан, наурыз айларындағы ауа райы жөнінде айтып берді. Жаңғырту жоспарына сәйкес, келесі жылдың қаңтарынан бастап, өңірде 7 жаңа гидрологиялық бекет іске қосылады. Брифинг соңында басшылар журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.
Рамазан БАЯҚҰЛЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.