1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. «Президент дегеніміз – өз елінің тәрбиелі тұтқасы», -деп, алаштың ардақтыларының бірі Ж. Аймауытов айтқандай, парасаты мен пайымы, білімі мен біліктілігі мол, ел қамын ойлаған тұңғыш Президентіміз — біздің мақтанышымыз, əрі тірегіміз.
Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар беруде Тұңғыш Президенттің халық алдындағы еңбегі ұшан-теңіз. Тәуелсіздікті тәу етіп, ежелден еркіндік аңсаған халқымыз ұлтымыздың үміті, мұраты анық, іс-қимылы қанық Елбасын таңдады. Бұл халқының бағына туған бүгінде әлем таныған көшбасшысына айналған қазақ деген қайсар халықтың президенті Н.Ә.Назарбаев еді. Иә, ұлттар достығын, елімізде бейбітшілік пен ынтымақты дамытуда Елбасының рөлі ерекше.
Еліміздің тұңғыш президенті алғашқы күннен-ақ Қазақстанда білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесіне баса назар аударып, бүгінгі жастар – болашақ Қазақстанның жарқын бейнесі екенін жеткізді. «Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар» деп, көзі ашық, көкірегі ояу білімді ұрпақ өз Отанын дамыту жолында аянбай тер төгетініне сенім артты. Соның бір айғағы бүгінгі он жеті жылдық тарихы бар «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығының елбасымыздың тікелей Жарлығымен ашылғандығы. Ал, 1-желтоқсан біздің Орталықта ерекше күн. Еліміздің он жеті өңірінен жиналған балдәурендік балалардың қатысуымен «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» атты тұңғыш президент күніне арналған мерекелік концерт өтілмек.
Иә, «Ханның жақсы болмағы- қарашаның елдігі» деп өз заманында Бұқар жырау жырлағандай, бүгінде Ұлт Көшбасшысының әрбір бастамасына үнемі қолдау көрсететін болсақ, еліміздің келешегі бұдан да жарқын болары хақ.
Тұңғыш елбасымыздың ел игілігі жолындағы тамаша бастамаларын жүзеге асыруға үлесімізді қосып, алға қойған мақсаттарға қол жеткізейік!
Тұғырымыз-тыныштық, тірегіміз-тұрақтылық, тілегіміз – татулық болсын!
«Балдәурен» РОСО баспасөз хатшысы Ерденова Айнур Жетпісбайқызы