Тұрмыс-салт дәстүрлері
Қап қағар. Қыстың аяғында, көктемге қарай «соғым» еті бітеді. Қыстан қалған етті қап түбіне салып, азын-аулақ артылған етті асып, жақын сыйлы кісілерді шақырып, қонақ етеді. Бұл дастарқанды «ет қайтар» деп атайды. Ал қап түбіндегі етті көршілерін шақырып, құрмет көрсетеді. Ол «қап қағар» деп аталады.
***
Қонақасы. Қазақ халқы өте қонақжай екендігін әрдайым көрсете білген. Мұны шет елден келген қонақтар да ауыздарынан тастамай үнемі айтып жүреді. Қазақ қонағын құрметпен қарсы алып, бар тәтті-дәмдісін қонағының алдына қойған. Тәуір асын қонағына сақтаған. Негізінен қонақтар үш түрлі болады:
-арнайы қонақ – әдейілеп шақырылған қонақ;
-Құдайы қонақ – өз шаруасымен сапарлап жүрген адам;
-қыдырма қонақ – ауыл адамы, әдетте ас піскен кезде келе қалады.
Кейбір бай, лауазымды атқа мінерлер қонақасы бермеген үйге айып салып кеткен. Айып түрі жылқы, түйе болған.
Қонақкәде.Үй иесі келген қонақтан «қонақкәде» сұраған. Мұндай сәтте әлгі адам ән не қисса (батырлар жыры, не ғашықтық жырлар) немесе домбырамен күй орындап не өлең айтып берген. Өлең-жырға жақын қазақ үшін бұл қолқалау пәлендей қиындық тудырмаған. Сол жерде ән-күй орындалып, арты көңілді отырысқа айналған.
***
Құн төлеу. Барымта, ұрыс-жанжал үстінде адам өмірі қиылса, оған құн төленетін. Мұндайда кінәлі жақ пен құн сұраушы жақ биге жүгінеді. Ақсақалдар кеңесіп, шешімін айтады. Сол жерде қандай мөлшерде құн төлеу керек екендігі нақтыланады. Егер «қанға қан» деген шешімді кісі өлген жақ талап етпесе, онда «құн» төленеді. Тәуке ханның «жеті жарғы» заңында ер адам үшін – 100 жылқы, 50 түйе, 1000 қой белгіленген. Бұл ердің құны. Ал өлген адам әйел болса осының жартысы болады. Егер әйел адам түсік тастаса кінәлі адам – 1 жылқы, 1 түйе береді. Ұрыс-жанжалда адамның бас бармағы сынса – 100 қой. Егер әйел күйеуін өлтірсе, ол өлім жазасына кесілген. Өлген күйеуінің туыстары кешірім жасамаса, онда жаза жүзеге асырылған.
Құтты болсын айту. «Құтты болсын» қуанышқа байланысты айтылады. Ертеден келе жатқан дәстүр. Дүниеге сәби келсе, ұл үйленсе, қыз тұрмысқа шықса, жаңа үйге көшсе, т.б. жақын туыстар, дос-жарандар сол қуаныштарға ортақ екенін байқатып, «құтты болсын» айтқан. Мұндайда «Сәбиің өмірлі болсын!», «Келін құтты болсын!», «Қыздың бағы ашылсын!», «Қоныс жайлы болсын!» деген сияқты жағымды тілектерін білдірген.
***
Құрдас қалжың. Бір жылда туылған адамдар «құрдас» деп аталады. Құрдастар бір-бірімен тату, әзіл-қалжыңдары жарасымды болады. Әзіл-қалжыңға ренжуге болмайды. «Түйдей құрдас» – бір жылда, бір айда, бір күнде туылған адамдар. «Әйелі құрдастың – ері де құрдас», «Әкесі құрдастың – баласы да құрдас» деген мәтел де бар. Қазақ ауыз әдебиетінде құрдастар қалжыңы жақсы суреттеледі.
Сал-серілік. Сал-серілік – қазақ халқының өнері мәдениетті екендігін көрсетеді. Бұл ақындық, әншілік, сөз өнері. Сал-сері деген атақ – өзі мырза, адал, ақ көңіл өнерлі адамдарға беріледі. Сал-сері бір өзі халықтың алдында өнерін көрсете алатын адам. Ол әдемі киінеді, жүрісі, тұрысы ерекше көзге түседі, өзгелерден бөлек болып көрінеді. Мысалы, Біржан сал суырып салма ақын. Сері – бұл да әнші, импровизатор ақын, серілігіне қоса ол аңшы, балуан, құралайды көзге ататын мерген, құсты да, жүйрікті де қолға үйретеді, қолынан іс келетін шебер, сөзге шешен. Әрине кез-келген адам сал, сері бола алмайды. Сал Біржан, Ақан сері сияқты бұл адамдар бай болулары керек, өнер туындыларын бағалап сүйетін, он саусағы өнерлі болып. Ол адамдардың жүрген жерлері мереке, көңілді күй, ән, жыр, той болады. Халық оларға зор құрметпен қарап сыйлаған. Халықтың мақтанышы болған.