Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бір отбасынан үш «Болашақ» гүлдеді - АРҚА АЖАРЫ

Бір отбасынан үш «Болашақ» гүлдеді

Тәуелсіздік жылдарында қабылданған стратегиялық маңызы зор бастамалардың бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен құрылған «Болашақ» бағдарламасы екендігі айқын. Бұл жоба аясында шетелдің озық білім ордаларында оқып келген жастар саны қазіргі күні он мың адамды шамалатып қалды.

Мұның өзі мемлекеттің басты байлығы Қазақстанның азаматтары, болашақтың іргетасын қалап, оны алға жылжытатын жастар екендігін көрсетеді. Яғни, «Болашақ» бағдарламасы елдің келешегіне жұмыс істей бастады деген сөз. Мұндай мысалды астаналық Ақмола облысынан да көптеп кездестіретініміз сүйінішті.
Іссапар барысында Қорғалжын ауданындағы іргелі шаруашылықтың бірін «Болашақ» түлегі Дәлел Жүзбаев басқаратынын білдік. Бұл ұжым «Мирас-2000» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталады екен. Елең ете қалдық. Сөйтсек, Дәлеліміз бұрын «Қорғалжын» аталған шаруашылықты миллионер атандырған Хамидолла Жүзбайұлының немересі, тәуелсіздік жылдары осы совхоздың негізінде «Ақжол-Шалқар» шаруа қожалығын, «Ақжол-Агро» ЖШС-ін басқарған Шәріп Хамидоллаұлының баласы екен. Осыдан-ақ «Мирастың» мағынасы өз-өзінен айқындала түседі. «Ағаш тамырымен гүлденсе, адам ұрпағымен өркендейді» дегеніміз осы.
Дәлел басқаратын шаруашылықтың орталық қонысы Садырбайды бұл өңірдің адамдары «Кіші Америка аралы» деп атайды екен. Жұртшылықтан естіп білгеніміздей, ауылдың 45 тұрғынына жұмыс беріп отырған серіктестікте әр минут санаулы, әр сағаттың өз міндеті бар көрінеді. Тәрбиелік тұрғыдағы тәртіп қатаң, бірақ ешкімге қиянат жасалмайды, түсіністік пен өзара жауапкершіліктегі ортақ жұмыс жүйелілік тапқаны көрініп тұр.
Мұның мәнісін Дәлелдің АҚШ-тың Кентукки университетін (2006-2010 жылдар) «Болашақ» бағдарламасымен бітіргендігімен байланыстырдық. Ол компьютерлік ғылым және желілік технология мамандықтарын меңгеріп, президенттік және университеттік стипендият атанған. Жоғары сұраныстағы мамандық иесінің еңбек жолын «ІТ Ресурс», «Қазақстан темір жолы» («Ұздік бағдарламашы» байқауының жеңімпазы), «Ұлттық ақпараттық технологиялар» компанияларында бастағаны да сондықтан.
Марқұм атасы мен әкесінің өмір сабақтарына шетелде алған білімін қосқан Дəлел ауыл шаруашылығындағы соңғы технологияларды игеруді басты мұрат санайды. Келген беттен қазақ топырағына сіңімді дəнді сеуіп, жерді игеру мен елді көркейтуге жанын сала қимылдауда. Мақсат табиғи тәуекелшілдігі басым Қорғалжын аймағында егістік мәдениетін көтерудегі «нөлдік» технологияны қалыптастыру. Егістікке өздері аудандастырған «Егіндікөл 95», «Астана» тұқымдары себіледі. Соңғы жылдары сыйымдылығы 5000 тонналық екі қойма салынып, кез-келген көлікті қабылдай алатын 60 тонналық цифрлы таразы орнатылыпты. Егіс науқанына негізінен шетелдік кең алымды тұқым себу кешендері қатыстырылып келеді. Осы орайда, айрықша атап көрсетерлігі, Жүзбаевтар отбасы құндылығын барынша қастерлеген, ата-аналық парызын биік сатыда ұстаған жандар екендігі дер едік. Шәріп пен Қалдыгүл үш ұл, екі қызды тəрбиелеп өсірді. Олар алып бəйтерек діңінің мықтылығын дәлелдей білуде. Мәселен, бір шаңырақтан үш бірдей баланың «Болашақ» бағдарламасымен білім алуы сирек кездесетін жәйт. Жәлел Англияда заңгер мамандығын игеріп, бүгінде Әділет министрлігінде қызмет істесе, Дәлел АҚШ-тың Кентукки университетінде оқығанын жаңа айттық. Ал, Мұхаммад Америкадағы Пенсилвания штатының Пенстейт университетінде тәлім алған өндіріс инженері. Бұл шаңырақтың тұңғышы Жұлдыз банк қызметкері болса, кенжесі Мариям Назарбаев университетін тәмамдап, мамандығы бойынша қызмет атқаруда.
Дәлел ұжымы мүшелерінің орта жасы 30-35 аралығында екен. Шағын ауылда той-томалақ көбейе бастаған. Көшіп келуге тілек білдірушілер қатары артқаны ауыл тұрмысының жақсарғанын білдіреді. Дәлел келгелі интернет қосылыпты, «Отау ТВ» әр шаңырақтың шырайын ашып тұр. Мұнда жұмссыздықты былай қойып, жұмыс қолына сұраныс артқан.
Садырбайдың ертеңгі күнге сенім қуаты күшті. Мұнда дүниенің тынысы кеңігендей ғаламат сезім баурайды бәрімізді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы: «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды», деген сөздерді осындай сезімнің алауына бөленіп жазған-ау дейсің. Бұл Дәлел сияқты азаматтарға да қаратып айтылған терең мағынадағы ақ тілек екендігі анық.

Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар