Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Қазақстан Республикасы колледждерінің ең үздік 100 студенті» жобасына Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенті Лаура Маджитова қатысып, үздік студент атанды.
Республикалық жобаға еліміздің 16-ы өңірінен барлығы 208 студент қатысып, бақ сынады. Оның ішінде Ақмола облысы бойынша 14 колледждің студенті бар. Жоба білім алушыларды құзыреттілік деңгейін арттыруға және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруға ынталандыру үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының 100 үздік студентін анықтауға бағытталған. Жоба колледждер бойынша өтініштерді қабылдау, студенттің кәсіби мамандығы бойынша эссе және жетістіктері енгізілген видеоролик қабылдау, республикалық дауыс беру сияқты үш кезеңде өткізілді.
Байқау қорытындысы бойынша Лаура Маджитова 1423 дауыс жинап, 2019 жылдың «Қазақстан Республикасы колледждерінің ең үздік 100 студенті» жобасының жеңімпаздарының қатарына енді. Жеңімпаздар 2019 жылдың 19 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласында марапатталады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.