Анда-санда жедел тапсырмалар алқымнан алатыны болмаса, Назымның жұмысы тыныш, істеп жүрген қызметі өзіне ұнайды. Кей кездері басқа қалаларға, тіпті алыс-жақын шет мемлекеттерге де іс-сапарға шығып тұрады. Бүгін де сол кабинетте бірге отыратын әріптесі сырқаттанып қалғандықтан, Назым жұмыста бөгеліп, тығыз шаруаны атқарып отыр.
Мұның қай істі болмасын жауапкершілікпен орындайтынын, жұмысына тиянақты екенін мекеме басшылығы жақсы біледі. Сол себепті, былтыр Назымның қызметін өсіргілері келген-ді. Алайда, жоғары жақтан жұмысшыларды қысқарту, қаражатты үнемдеу туралы тапсырма келіп түскеннен кейін мұның бір реті келмей, ойлары кейінге шегеріліп қалып қойды.
Қауырт жұмыс үстінде отырған Назымның ойын осы мекеменің еденін жуатын Сәбира тәтейдің «Сәлеметсің бе, қалқам!» деп ентіге сөйлеген дауысы бөліп жіберді.
– Сен бұл уақытта жұмыс істемеуші едің ғой. Бүгін жұмысың қауырт көрінеді. Саған кедергі болмайын. Басқа кабинеттерді жуып, сосын барып осында келейін. Оған дейін жұмысың аяқталып қалар, қалқам, – деді Назымның жұмысы көптігін, оның кабинетін жууға ыңғайсыз уақытта келгенін іштей сезген Сәбира тәтей.
– Сәлеметсіз бе! Жоқ, бүгін жумасаңыз да болады. Күні бойы кабинетте жалғыз өзім ғана болдым. Айгүл ауырып, жұмысқа шықпады. Көріп тұрғаныңыздай бәрі таза, – деп күлімдеген жүзбен жауап берді Назым.
– Рахмет қалқам, қалауың болсын, – деген Сәбира тәтей маңдайының терін алақанымен сүртті де, шелегін көтеріп, қалған кабинеттерді жууға кетті.
Назым өзі жалғыз болғанда кабинетін ешқашан жуғызбайды. Сондағысы жұмысына кедергі жасайды деп ойлағаннан емес, еден жуушы тәтей жасы үлкен кісі болғасын оны аяп тұрады. Тіпті, қасында бірге отыратын әріптесі Айгүл бұрыш-бұрыштың шаңын көрсетіп, саусағын шошайтқанда да Назым Сәбираға араша түскен болатын. Содан бері еден жуатын тәтей мұны сіңлісіндей жақсы көріп кетті. Көрген сайын «қалқам» деп өзіне жақын тартып, қал-жағдайын сұрап тұрады.
Мінезі шайпау әріптесінің: «Дұрыс жумадыңыз. Тағы шаң көрсем, басшылыққа сіздің атыңызға ескерту айтам» деп еден жуушыны қорқыта сөйлеген сөзіне Назымның ызасы келетін. Кейбір адамдардың сыйластықты лауазымына, байлығына қарап өлшейтініне, ал, дәрежесі одан төмен болса, жанынан менсінбей өте шығатынына іштей қамығатын. Осы жұмысқа орналасар алдында Сәбира тәтей секілді өзі де қара жұмысшы болып істегендіктен, адамдардан ауыр сөз естудің қандай екенін Назым жақсы біледі.
Бұл өрімдей бойжеткеннің студент кезі болатын. Оқуының ақысын төлеу үшін анасы еден жуатын ведомстволық мекемеге жұмысқа орналасқан-ды. Артынан сөз ертпеу үшін кабинеттерді күнде мұнтаздай етіп тазалап жуып жүрсе де, тырнақ астынан кір іздейтіндер табылып жататын.
Таң атысымен Назым университеттегі сабағына жүгіреді. Ол біте салысымен, түскі асын да ішпестен ашқұрсақ жұмысына асығады. Курстастары секілді сабақ аяқталғасын саябақта қыдыру, би кешіне бару дегенді білмейді. Біреулер студенттік өмірдің қызығын айтып, мәз болса, ал бұның көз алдында дәлізде қолына шелек пен швабра ұстап келе жатқан кезі көлбеңдейді. Алайда, оған бір рет те өкінген емес. Керісінше, ата-анасына «бер-бер» деуден басқа түк бітірмейтін кейбір замандастарының кебін кимей, анасының мойнына жүк артып қоймай, оқуының ақысын өзі төлеп, жүріп-тұруына да өзі ақша таба білгеніне қуанады.
Жалғыз Назымды ғана емес, қалған балаларын да аналары жастайынан еңбекке баулытып өсірді. Дархан алты жасынан қорадағы малдың жем-шөбін беруге шығатын, табынға мал айдайтын, анасымен бірге отын кесетін. Әкелері ерте қайтыс болғасын аналары Айманға осылай балаларына арқа сүйеуге, соларды еңбекке ерте араластыруға тура келді. Әйтпесе, толыққанды отбасылардың өзі жүнжіп, адасып жатқан мына заманда, тіршіліктің тепкісіне жалғыз өзі қалай шыдар еді?! Бір адамның табысына ғана қарап отырған отбасын нарық заманы шыдатпасы анық. Азық-түлік ай сайын қымбаттап жатты. Оның үстіне үлкен ұлы Дарханның және Назымның университеттегі оқуларының ақысы бар дегендей. Әйтеуір, пәтерлері өздерінікі болатын. Жолдасы қайтқаннан кейін ауылда сегіз жыл тұрған Назымның анасы Айман ауылда мектеп жабылады деген сыбыс шығып, «үш баланы қалада кімнің үйіне тұрғызам» деп уайымдап, үйін, бар мал-мүлкін сатып, дер кезінде облыс орталығынан екі бөлмелі пәтер сатып алған-ды. Бұлар көшкен жылдың күзінде баспана бағасы шарықтап, бірталай адамның сан соғып қалғаны бар.
Қалаға көшіп келгесін Айман тәтеге тез арада жұмыс табуы керек болды. Қолында дипломы болмағасын қара жұмысқа келіспегенде қайтсін? Ол кезде Назым мектептің жетінші сыныбында оқитын. Мұғалім журналға оқушылардың ата-аналары жөнінде мәліметтерді толтырар кезде қаршадай қыздың сыныптастары алдында қысылғаннан ылғи да өтірік айтуына тура келетін. Өзге оқушылар: «Менің анам дәрігер, менің анам мұғалім, менің әкем заңгер» деп бастарын биік ұстап мақтанып айтып жатқанда, мұның «Анам еден жуушы» деуге намысы жібермейтін.
Алайда, өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам деген. Бір күні сыныптасының Назымның анасын мекеменің қоқысын шығарып жатқан күйі көрмесі бар ма? Келесі күні мектепке барғанында әлгі бала осы көргенін, Назымның анасы Назым айтқандай есепші емес, еден жуушы екенін сыныптастарына жайып салды. Сол кезде Назымның нәзік жүрегі қалай ауырғанын, сыныптастарының алдында беделі түскеніне көңілі қалай жабырқағанын біреу түсіне алса ғой, шіркін. Әй, Назым-ай, Назым-ай! Оқушы кезінде анасының кім болып істейтінін айтуға қысылғанына, еден жуушының жұмысы да адал еңбек екенін түсінбегеніне қазір қатты өкінеді.
Алайда, балалықпен жіберген бұл қателігін бойжеткен шағында толығымен жуып шайды. Анасымен бірге бірінші курстан бастап университетті тәмамдап, қолына дипломын алғанша мекеменің еденін жуды. Сол жылдары Сәбира тәтей секілді, бұл да мінезі шайпау адамдардан талай сөз еститін. Енді міне, Сәбираны көрген сайын өмірінің осы бір кезі еріксіз есіне түседі.
Сағат тілі кешкі тоғыздар шамасы еді. Назым шаруаларын аяқтап, кабинеттің есігін жапқалы жатқанда анадайдан: «Қалқам, тоқтай тұр. Жаппай-ақ қой, мен жуып шығайын. Ертең Айгүл шықса, тағы бірдеңе деп жүрер» деген Сәбираның даусы естілді. Әттең, шіркін! Адамға деген құрмет үстіне киген киімімен, қызметімен өлшенген заман-ай! Адал еңбектің не екенін түсінбейтін, басшы болуға, бай болуға ұмтылған шұбар төс, шынжыр балақ ұрпақ алдында қара жұмысшының қадірі қалмай ма деп қорқады Назым.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.