Аудан экономикасы мен ауыл өмірін жандандыруда Мемлекеттік мақсатты бағдарламалар шешуші орын алуда. Мұның ізгі шарапатын Астрахан өңірінен де айқын көруге болады.
Осы орайда, «Бастау» және «Жас кәсіпкер» бағдарламаларының қазіргі заманғы талаптағы, яғни, біліктіліктің білімге негізделетін қағидатына екпін түсіргіміз келеді. Өйткені, кез-келген кәсіпте білім бастамашы орында тұратынын түсінудің өзі үлкен жетістік саналады. Мәселен, биылғы жыл басынан бері ауданда
«Бастау» бағдарламасымен 163 тыңдаушы арнайы оқудан өткендігі көп жағдайдан дерек береді. Бұған қосымша, дәл қазір біліктілік курсының алтыншы толқынында тағы да 63 адам бизнес-сабақтарға қатысуда. Ұмтылыстың өсе түскендігі 2018-2019 жылғы жобалардың мемлекет тарапынан толық қаржыландырылғанымен де байланыстырған жөн.
Қолдау мұнымен де шектелмейді. Мәселе қайтарымда. Бүгінгі күнге дейін оқуға тартылған 19 адам 40,3 миллион теңгенің несие қаржысы беріліп отыр. Сондай-ақ, 18 тыңдаушының әрқайсысы 252500 теңгенің грантына ие болды. Биыл мұндай гранттың көлемі 9 миллион 90 мың теңгені құрады.
Ал, «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 53 адам білім алған. Олардың 26-сына 200 айлық орта есеппен, яғни, 13 миллион 130 мың теңгенің грант қаржысы беріліп отыр. Мұның өзі ауылдағы кәсіпкерлік өрісін кеңейте түсуге мүмкіндік жасағаны байқалады. Айталық, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Перизат Ордабаева арнайы сертификат пен 1 миллион 400 мың теңгенің грантына ие болып, «Тіл орталығын» ашып отыр.
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Астрахан ауданы.