Иә, кеудесінде ұлттық намысы бар, елдің ертеңі мен бүгінгісіне алаңдап жүретін әр қазақ «Арқа ажары» газетін қолына алғанда осылай айтатыны заңды құбылыс.
Біраз уақыт ауруханада жатып, үйге келісімен үйіліп жатқан газеттерді қарай бастап едім, «Арқа ажарының» 31 қазандағы нөмірінен өзімнің мақаламмен бірге Тәшенев көкеміздің суретін көріп, еріксіз көңілім босап кетті. Жоғалғаным табылғандай өз мақаламды қайта-қайта оқып шықтым, басылған суреттерді көріп, ұлтымыздың мақтанышына айналған Жұмабек көкемізбен тірідей кездескендей, біраз уақыт үнсіз отырдым.
«Арқа ажары» соңғы жылдардан бері менің қызығып оқитын газеттерімнің біріне айналды. Осы басылымды менің рухани серігім деп санаймын. Оның әр нөмірінен Сәкен Сейфуллин көкеміз салып кеткен сара жолды айнымай тапқандай боламын. Көптеген танымдық мақалалардан Көкше өңірінің көне тарихы мен оның бүгінгі жас толқынға тәлім берерлік құнды деректерді жазатыны өте құптарлық іс. Әр санын асыға күтетінім осыдан болар, оның творчестволық ұжымына осы бағыттан таймай, жемісті еңбек етулеріне тілектеспін.
Көкше өңірінің даңқын асырып, оны бүкіл қазақ сахарасына таныта білген тарихи және мәдени қайраткерлердің өмірлері мен артында қалдырған өшпес мұраларын жаңғыртып жазу газет ұжымының жауапты міндеті деп санаймын. Мұндай абыройлы міндетті ұжым директоры, әрі белгілі жазушы Жабал Ерғалиев пен оның бас редакторы Қайырбай Төреғожалар мінсіз атқаратынына кәміл сенемін. Бұл екі інім де қарымды қаламгер жазушылар және өз өңірлерінің өткені мен бүгінгі жағдайын жете білетін хас мамандар. Журналист ретінде мен «Арқа ажары» газетімен шығармашылық байланысымды үзбей, осы өңірден шыққан тарихи тұлғалар туралы материалдар жазып тұруды міндетім деп білемін. Әсіресе, келесі жылы туғанына 90 жыл толатын Еркін Әуелбеков туралы мақалалар жазуды аға аруағы алдындағы парызым деп білемін.
Ағамның өшпес бейнесі менің санам мен болмысымда жатталып қалған қағида. Елі мен ұлтына шын берілген осындай тұлғалардың өшпес өмірлері мен қалдырған мұралары әрдайым біздер үшін рухани азық болып қала бермек.
Бұл газетті барынша қолдау керек. Өйткені, ол Сәкеннің қалдырып кеткен мұрасы. Биыл тағы жаздырып алып жатырмыз. Басқа жерлерде де оқырмандары көп болсын деп тілеймін!
Мейрам Байғазин,
Қазақстанның құрметті журналисі, Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер Кеңесінің мүшесі.