Қазақтың қабырғасын қайыстырып, асқақ көңілін күйзелтіп те күңірентіп кеткен нәубет қырғындардың қара күйедей жағылған қарғыс таңбасынан әлі де толық айығып, әділ бағасын ала алмай келе жатқан өлмес өнер иесінің бірі, марқұм айтыскер ақын Орынбай Бертағыұлы.
Ол 1814 жылы Айыртау ауданының Дөңгілағаш, Қарақамыс, Егіндіағаш деген ауылдары маңында дүниеге келген. Ата жағынан қарауылдың Көлдей, Көбей, Көшей тармағынан келеді. 1880-1881 жылдары үлкен жұт болып, Орекең Аягөз жағына ұзатылған қарындасы Жанбаланы жағалап, құдалары арасында жүргенде 1881 жылы 67 жасында ауырып дүниеден өткен.
Менің тақырып бойынша негізгі тоқталайын деп отырған мәселем Орынбайдың ақындық өнері, табиғат берген дарыны еді. Тумысында 10 жасқа дейін тілі шолжың, сөзге шорқақ ол, сол оннан аса ұйқыдан оянған жас баладай тілі, дауысы өзгеріп, түзеліп, бірден өлең айтып, ақындық қасиет қона бастайды, ақыры, аз ғана жыл ішінде көзге ілінеді, болашақ айтыскер ақынның бейнесі толықтай аңғарылады. Ұлы атасы Райдан қонған бұл өнер Орынбайды небары 20 жасында атақты ақындар Арыстанбай, Қара, Кемпірбай, Шортанбай, Тоғжан, Шөжелермен тақымдас дәрежеге көтереді. Әсіресе, Орынбайдың атақты Найман елінің айтыскер ақыны Дананы тізе бүктіруі Орынбай атын үш жүзге мәлім етеді. Айту бойынша сол жолы аға сұлтан Құнанбай алтын оқалы шапан жапса, ояз ақшалай сыйлық берген екен деген аңыз бар.
Шыңғыс төренің үйінде бір жиында Орынбай өзінен екі мүшел жасы кіші Ақан серімен кездесіп қалады. Жас та болса аса көреген, кісі танығыш, сезімтал Ақан:
Ассалаумағалейкум, Орекем-ай,
Бір өзің мың кісілік берекем-ай.
Кешегі Тәні, Шыңғыс заманында,
Сайран ғып жүретұғын мерекем-ай.
Сіздерге біздей іні жар болармыз,
Қалайша кемеңгермен пар болармыз.
Басың бұлбұл, аяғың дүлдүлім-ай,
Сізге де әлі-ақ бір күн зар болармыз,
деп Орекеңнің ұлылығын асқан ардақты да алымды, тапқыр да шешен даралығын мойындаған, құрметпен сыйлаған.
Демек, Орынбай өз заманында үш жүздің құлақ естір жеріндегі атақты ақындардың кездескендерін түгелдей жеңген. Орекеңнің ерекше бір қасиеті айтысқан ақындарының көбін өз сөздерінен ұстап жеңіп отырған.
Ұлы жүздің атақты ақыны Сүйінбай елінің маңдайалды бірнеше ақындарын дайындап, Орынбайды айтысқа шақырады. Келгеннен кейін Орекеңнің атақ-даңқын естіп, біліп отырған ел жақсылары ақылдасып, бір сұрақ қоймақшы болады. Егер дұрыс шешіп кетсе бас бәйгені айтыстырмай-ақ берейік деген келісімге келеді. Астаумен екі жігіт әрең көтеріп келген асты алдарына қойысымен төрдегі ақсақал Орынбайға қарап, «ақыным мына астың үстінде не бар, астында не бар» – деген екен. Сонда Орекең көп ойланбастан «астың үстінде бисмилла еррахман еррахим», астында «аллаһу акбар бар» деп жауап берген екен. Жауапқа разы болған жұрт, сөздерінде тұрып Орекеңе бас бәйгені айтыспай-ақ берген. Кейін жыр алыбы Жамбыл:
Кенішбай мен Орынбай,
Өлең сөздің қорындай.
Шөже менен Кемпірбай,
Өлең-жырдың жұртындай, –
деп арнау жазған.
Сөйтіп, кеңес үкіметі келгенше айтыскер ақындардың атасы аталып келген Орынбай есімі, ел құлағы естуден қалып, кейін мүлде өшті. Қызыл көсем саясаткерлерінің
«…діншіл, зар заман ақыны» – деп атап, оның шығармалары, өлеңдері, айтыстары тегіс жойылды дерлік дәрежеге жетті.
Ақын, журналист Жұмабай Есекеев марқұм өзінің «Айыртау арыстары» атты кітабында, Орынбай Бертағыұлы хақында көңіліне түйген көптеген мәселелерді жазып кетті. Оның айтуынша, Орынбайдың немересі Молдахмет деген азамат өткен ғасырымыздың 70 жылдары Қазақстан Ғылым академиясына Орынбайдың біраз еңбектерін тапсырған дейді.
Орынбайдың айтыскерлік өнерінің өте жоғары екенін ғажайып құбылыс ретінде танып, көз тіккен басқа ұлт өкілдері де болған. Соның бірі Қазақстанға саяси жер ауып келген поляк жазушысы А.Янукевич Орекеңнің импровизаторлығына ғылыми баға беріп құрметтеген. Орынбайдың қара сөзге қырып сал шешендігімен аяқ астынан қиыстырып дәлелді де өткір, тапқырлығын пайдаланып, небір күрделі даулар мен ауыр қаза, көңіл айту сияқты шараларға елдің игі жақсы-жайсаңдарын да қатыстырып отырған. Мысалы Шоқан дүниеден озғанда әкесі Шыңғысқа көңіл айтып естіртуі, қазақ халқының бірлігіне нұқсан келтіріп жүрген екі алпауыт Шоң-Шорман арасындағы дауды тоқтату секілді екіұдай тартыстарды шешуге Орекеңнің асқан тапқырлығы тиісті рөл атқарған. Соның осы екіншісі туралы тоқтай кетсек.
Кезінде бірнеше дуан үстінен патшаның советнигі болып ұсыныстарын орындап жүрген, өзі бай, руы Күрсары Керей Тұрлыбек Күшенұлы үлкен жиын жасап, ел арасынан қазылыққа үлкенді-кішілі үш би сайлап және сол кезде тапқырлығымен көзге түсіп жүрген жас Орынбайды апарған екен.
Дәл төрден орын алған Тұрлыбек оң жағына Шорманды отырғызып Шоңды тосады. Шоңның жас шамасы кішілеу болса керек, кіре жағалай қол беріп келе жатып, Шорманға қол бермей өткенін байқап отырған Тұрлыбек төбе биіне иек қағып сөйле дейді. Ол жүз жыртқысы келмей, жер шұқылаған күйі отырып қалады. Екінші, үшінші билер де бірін-бірі алға салып, бұғып қалған соң Тұрлыбек есік жақта отырған Орынбайға қарайды. Сонда Орекең лып етіп орнынан тұрып:
Мынауың Шоң, Шорман ба мақтап жүрген,
Қастығын бір-біріне сақтап жүрген.
Қазақтың қырандары осылай болса,
Күшеген жеп кетпей ме қаптап жүрген, –
деп сөзін одан әрі жалғай бергенде Шоң орнынан атып тұрып, болды-болды деген күйі Шорманға иіліп сәлем беріп татулыққа келген екен.
Жуықта бір мәжілісте отырып Орынбай ақын туралы әңгіме құрғанымызда Зеренді аудандық мәслихатының хатшысы Қайрат Ауғалиев сөзге араласып енді мен атамыз Тұрлыбектің патша советнигі лауазымын қалай алғанын айтайын деп отырғандарды ду күлдірген еді. «Романовтар әулетінің таққа отыруына 300 жылдық салтанаты Омбы қаласында атап өтілгенде, қазақ алпауыттарының арасынан суырылып сәлем берген жас, сезімтал Тұрлыбекке патшаның көзі оның өзіне емес, үстіндегі киген жаңа сусар ішігіне түскенін сезіп, сусар ішікті, сусар бөркімен патшаға жылдам сыйлық ретінде ұсынған екен. Оның осы қылығы қатты ұнаған патша сол жолы оны советник етіп тағайындап кеткен екен» деп Қайрат та өзінің тақа «жаяу қара» еместігін аңғартқандай болды.
Иә, енді Орекең мәселесіне орай айтар ойымыздың түйініне қарай ойыссақ, Орынбай қажылыққа бармаған, дін жолының ірі уағыздаушысы да емес, Қызылжар мешітінен діни сауатын ашқан, өзінің аса зеректігі арқасында шығармашылықтарында Абай, Ақан серілер дәрежесінде ғана араб сөздерін қолданған. Қазіргі осы заман мінберінен пайымдасақ, оның қоғамда ешбір қайшылығы жоқ. Демек, Орынбай Бертағыұлының шығармашылығының әлі де өзекті маңызына қылау түсіп тұр деп айтуға болмас.
Ендігі жерде, ел тілегіне үндесіп, қасиетті бабамыз Орынбайдың еңбегін жас қаламгерлеріміз зерттеп, жинастырып бастырып, Аягөздегі зиратына Көкше жерінің бір уыс топырағын сеуіп тәуіп етіп, елдігімізді, еркіндігімізді білдірсек және Көкшетау қаласының бір көшесіне Орынбай Бертағыұлының есімі берілсе, нұр үстіне нұр жауғандай болар еді деген тілек бар.
Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ,
еңбек ардагері, ақын, Біржан сал ауданының құрметті азаматы.