Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ жасампаз халқына арнаған
«Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа еңбегінде егемен еліміздің негізі қаланғаннан бастап, бүгінгі күнге дейінгі даму, өсіп-өркендеу ерекшеліктері, Тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің, атқарылған мемлекеттік, қоғамдық іс-шаралардың мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баршаға түсінікті тілде, қазақша-орысша баяндалады.
Сенат Төрағасы мемлекеттік басқарудағы азаматтар мен олардың проблемаларына ең жақын аса маңызды буын ретінде жергілікті өкілетті органдардың рөлін атап көрсетті. Сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын дамытуға арналған мемлекеттік шешімдер қабылдау мен олардың іске асуын бақылаудың пәрменді тетігі ретінде осы іске азаматтарды қатыстыру жөнінде әріптестерін нақты қадам жасауға шақырды.
–Бүгінгі конференция – атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығаруға, мәслихат қызметінің перспективалары мен проблемалары туралы айтуға жақсы себеп. Бізге жұмысымыз туралы, халықтың жағдайын жақсарту үшін жасалатын оң қадамдар туралы байсалды, іскерлі әңгіме қажет. Бұл – уақыт талабы. Президент Қ.К.Тоқаев «Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан» деген болатын. Бұл біздің ортақ міндетіміз және ол тұрақты қарым-қатынасты нығайтуды білдіреді, – деді ол. Сондай-ақ, қазіргі кезде аумақтарды дамыту басымдықтарын айқындауға қатысу аймақтардағы мәслихаттардың жұмысында негізгі басымдық болып табылатыны, ол бірінші кезекте, «Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын» талқылауға қатысты екендігі айтылды.
–Менің аймақтарға іссапарларым, депутаттармен қарым-қатынас барысы республикалық бюджет, заңнамалық жұмыстар бойынша сіздерде үлкен потенциал бар екенін көрсетті. Әріптестеріміз бюджетті жоспарлау процедураларын өзгерту, оған депутаттардың белсенді қатысуы, аймақтық тексеру комиссияларын бюджет жұмысына тарту мәселелерін көтеріп келеді. Бұл осы мәселелерге қатысты біздің көзқарасымыз бір екенін білдіреді және ары қарай қай бағытта жүретінімізді де осыдан түсінуге болады», – деп атап өтті Дариға Назарбаева. Сонымен қатар, Сенат басшысы келесі жылдан бастап облыстарды дамыту стратегиялары бойынша, Сенатта мәслихат депутаттары мен үкімет өкілдерінің қатысуымен парламенттік тыңдаулар өткізу тәжірибесін енгізу туралы да айтты.
– Сондай-ақ, мен барлық әріптестеріме Парламент Сенатында бірыңғай веб-портал іске қосылғаны туралы хабарлағым келеді. Онда жоғары палатаның депутаттары мен барлық деңгейдегі өкілдік органдар тіркелген. Біз бұл порталды онлайн-режимдегі қызметтік байланыс құралы және депутаттар арасындағы ынтымақты тілдесу алаңы деп білеміз. Сіздерден сындарлы сұхбат пен нәтижелі ақпарат, белсенділік күтеміз, – деді ол.
Парламент Сенатының басшысы сөзінің соңында әріптестерін мерейтой күнімен құттықтады:
– Құрметті конференцияға қатысушылар! Мен баршаңызды Қазақстан Республикасы мәслихатының 25 жылдығымен тағы да құттықтаймын, еліміздің игілігі үшін жемісті қызмет тілеймін. Халық жақсылыққа бастайтын оң өзгерістер күтеді. Ертең емес, дәл қазір. Біз бұл мүддеге лайық болуымыз керек, – деген Дариға Назарбаева бірқатар азаматтарға жоғары марапат табыс етті.
Конференция барысында аймақтық мәслихаттардың хатшылары да баяндама жасады. Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Сұлтан Дүйсембинов мәслихаттар қызметінің тиімділігін арттыру – сындарлы қоғамдық диалогты қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі екеніне тоқталды. Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Владимир Бубенко өз кезегінде депутаттар өкілетті билік органдарына сайлана отырып, оларға күрделі шешімдер қабылдау құқығы берілгенін әрі жерлестерінің мүддесі үшін оны іске асыруға жауапты екенін түсінетінін жеткізді. Ал, Алматы қалалық мәслихатының жас депутаты С.Грачев өз баяндамасында Қазақстан Республикасының жасампаз үдерістеріндегі жергілікті өкілді орган депутаттарының жұмыс қағидаттарына баса назар аударды. Сондай-ақ, Ақтөбе, Түркістан облыстық мәслихат хатшылары да хабарлама жасады.
Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігінің атынан сөз алған сенатор Төлеубек Мұқашев қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен оны демократияландырудағы мәслихаттардың рөлі туралы айтып, әріптестерін жұмысқа көбірек талап қоюға шақырды.
– Мәслихат депутаттары халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізуші. Осыдан екі жыл бұрын еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев елді мекендерде төртінші деңгейдегі бюджетті енгізу жөнінде шешім қабылдады. Ал, қазір еліміздің мыңнан астам ауылдық округтерінің өздерінің бюджеті бар. Міне, сол округтердің санын 1300-ге көбейту тұрғысында жұмыс жасалуда. Жалпы соңғы кездері Мемлекет басшысының, Үкіметтің берген тапсырмасы негізінен билікті жергілікті жерге беру болатын. Ол үшін салықтың тағы да қосымша түрлерін, республикадан берілетін қаржыларды көбейту керек екенін өзімнің өмірлік тәжірибемнен білемін, – деді Төлеубек Мұқашев.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасындағы 216 мәслихатта 3335 депутат жұмыс істейді, оның ішінде 17 аймақтық, 36 қалалық және 163 аудандық мәслихат бар. Қазақстан мәслихаттарының 25 жылдығына арналған конференция аясында делегаттар мүдделі орталық мемлекеттік органдардың басшыларымен өткен салалық кездесулерге қатысты. Нақтырақ айтсақ, еліміздің әр өңірінен келген мәслихат депутаттары Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің, Білім және ғылым министрлігінің, Денсаулық сақтау және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшыларымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Конференцияға Парламент Сенатының депутаттары, Президент Әкімшілігінің өкілдері және Үкімет мүшелері, еліміздің барлық өңірлерінен облыстар, қалалар мен аудандар мәслихаттарының депутаттары мен хатшылары, БАҚ өкілдерінен 450-ге жуық адам қатысты.
Конференция барысында депутаттарды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамоталарымен, Қазақстан мәслихаттарының 25 жылдығына орай еліміздің Премьер-Министрінің Алғыс хаттарымен марапаттау рәсімі болды. Қазақстан Республикасының ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтау және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан халық Ассамблеясының атынан «Қоғамдық бірлік» алтын медалі және «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерейтойлық медальдары табыс етілді. Сондай-ақ, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ Бюросының шешімі бойынша бір топ депутаттарға «Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты» атағы берілді. Сонымен қатар, барлық өңірдегі мәслихат депутаттары мен ардагерлері әртүрлі марапатқа ие болды. Ол марапаттар әр өңірде өз иелеріне табыс етілетін болады.
Ширек ғасыр болған Қазақстан мәслихаттары осы уақыт ішінде еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлестерін қосып келеді. Қашанда қоғамдағы өткір мәселелер, халықтың мұң-мұқтажы бұл өкілетті органның назарынан тыс қалған емес. Оған Ақмола өңірінің мәслихат депутаттары да атсалысуда. Осыған орай, Жарқайың аудандық мәслихатының хатшысы Ұлболсын Ахметова бізбен конференциядан алған әсерімен бөлісті.
– Міне, екі күннен бері Қазақстан Респуб-
ликасы мәслихаттарының 25 жылдығына арналған конференция аясында көптеген іс-шараларға қатыстық. Конференция өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Оған еліміздің барлық өңірлерінен облыстық, аудандық, қалалық мәслихат хатшылары мен ардагерлері келіп, басқосудамыз. Осылайша біздің барша депутаттарымыз биліктің бір тармағы ретінде мемлекеттің экономикалық дамуына, халықтың тұрмысының жақсаруына лайықты үлес қосып келеді. Олар әрбір елді мекеннің, өңірдің бюджетін бекітеді. Осы өткен ширек ғасырда депутаттардың еңбегі ерекше. Олар билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтудағы алтын көпір іспеттес. Өйткені, күнделікті халықпен кездесетін бірден-бір орган ол мәслихат депутаттары, – деді Ұлболсын Асқарқызы.
Конференция соңында барлық өңірлерден келген делегация мүшелері Нұр-Сұлтан қаласына саяхат жасап, кешкісін қала әкімінің арнайы дайындаған салтанатты шарасына қатысты.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Нұр-Сұлтан қаласы.