Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Шалқар ауылында жастардың демалыс орталығы ашылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеев, аудандық мәслихаттың хатшысы Болатбек Ыбыраев, Целиноград ауданының құрметті азаматы Марат Қамзебаев және ауыл тұрғындары қатысты.
Жастар жылында аталған демалыс орнының ашылуын игі іске балаған өңір басшысы өзінің құттықтау сөзінде мемлекет тарапынан жастарға әрдайым қолдау көрсетіліп отырғандығын, өскелең ұрпаққа елімізде барлық жағдайдың жасалып жатқандығын тілге тиек етті. Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осынау игі істерге бастамашы болып отырғандығын да айта кетті.
Бір атап өтерлігі, «Туған жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында Целиноград ауданындағы 8 елді мекенде мәдениет ошақтары ашылып, төрт мәдени нысанға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, бұл жолы «Шалқар» серіктестігінің басшысы Дулат Қамзебаев ауылдастарына ерекше сый ұсынды. Яғни, бұрынғы асхананың орнында жастар орталығы пайда болды.
Игі шара кезінде ақсақалдар мен ауыл адамдары құттықтау сөз сөйлеп, жиналған жұртшылыққа игі лебіздерін арнады. Дулат Қабылдаұлы өз кезегінде жастық шағын, киноға, би кештеріне барғандығын еске алып, бүгінгі жастарға жаңа клубта бос уақыттарын мәнді де қызықты етіп өткізуге тілектестік білдірді. Салтанатты шарада аудан әкімі облыстық сайыста топ жарған балғын боксшыларға мақтау қағаздары мен медальдар табыс етті.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.