Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізу «Жергілікті өзін-өзі басқару Тұжырымдамасына» сәйкесі екі кезеңде жүзеге асырылады.
Бірінші кезең шеңберінде — ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу тәртібі, жергілікті қоғамдастық жиыны мен жиналысының қызметі, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының кіріс көздері анықталды.
Екінші кезең аясында 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап халқының саны 2000 адамнан асатын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер және ауылдық округтер деңгейінде бюджеттің төртінші деңгейі ретінде айқындалған дербес бюджет енгізілді. Облыста барлығы 246 ауылдық округ болса, бұлардың 69-ы жоғарыда аталған ауылдық елді мекендер санатына жатады. 2020 жылдан бастап бюджеттің IV деңгейін енгізу қалған 177 ауылдық округтерде қолға алына бастайды.
Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті бекітілген 6 салық түрі есебінен қалыптастырылады. Бұлардың қатарына (жеке тұлғалардың төлем көзінен салық салынбайтын жеке табыс салығы; жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық; жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардан елді мекендердің жерлеріне салынатын жер салығы; жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардан көлік құралдарына салынатын салық), салықтық емес түсімдер (айыппұлдар, коммуналдық меншіктен түскен кірістер, ерікті жарналар және
т. б.) және аудандық бюджеттен түсетін түсімдер жатады.
Ауылдық округ әкімдеріне тиісті заңдылық негізінде әкімшілік айыппұл салу жөніндегі функциялар берілді. Сонымен бірге, айыппұл төлеуден түскен қаражат ауылдық округ бюджетіне түседі.
Бюджет кодексіне сәйкес, шығыстардың 19 түрі қарастырылған: Бұл мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, оқушыларды тегін тасымалдауды ұйымдастыру, елді мекендерді сумен жабдықтауды ұйымдастыру, мәдени-демалыс жұмысын қолдау, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шараларды өткізу, жолдарды қалыпты жағдайда ұстау, жарықтандыру, абаттандыру және тағы басқалары.
Бұрын жергілікті өзін-өзі басқару органдарында дербес бюджет болмаған, ал қандай да бір мұқтаждықты қаржыландыруды аудан әкімдігімен келісуге тура келетін. Қазіргі уақытта жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін жергілікті қоғамдастық жиналысында талқыланғаннан кейін аудандық мәслихат бекітеді, ал аталған бюджеттің орындалуы ауыл әкімінің аппаратына жүктеледі.
Жергілікті қоғамдастық жиналысында бюджетті талқылау тұрғындардың мүдделерін ескеруге және жергілікті маңызы бар бірінші кезектегі мәселелерді дербес шешуге мүмкіндік берді. Ағымдағы жылы Ақкөл қаласында қысқы кезеңде жолдарды қалыпты ұстау қарастырылса, Бурабай ауданының ауылдық округтерінде (Ұрымқай, Златополье, Кенесары, Қызылағаш, Абылайхан, Атамекен), Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылында көшені жарықтандыру мәселелері шешілді, балалар ойын алаңдары мен футбол алаңы салынды, сондай-ақ облыстың басқа да өңірлерінде тиісті мәселелер шешілуде.
Ауылдық деңгейдің жалпы бюджеті (2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша) 4,7 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,1 пайызға артық. Айта кету керек, 62 ауылдық округ, ал бұл дербес бюджетке көшкендердің 90 пайызы, салық салынатын базаның жеткіліксіздігінен өз шығындарын жабу үшін аудандық бюджеттен дотация (субвенция) алады.
Екі ауылдық округ – өзін-өзі ақтайтын немесе табысы шығындарды жабатын ауылдық округтер, бұл Заводской кенті, Степногорск және Есіл қалалары болып табылады. 5 ауылдық округте (Ақкөл, Атбасар, Макинск, Щучинск және Бурабай кенті) бюджеттік алымдар белгіленген, яғни, кірістер шығыстардан асып түседі.
Дербес бюджетке көшуге дайындық мақсатында облыс әкімдігімен жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Оның шеңберінде төмендегі іс-шаралар өткізіледі:
– Жылжымалы және жылжымайтын мүліктің дерекқорын өзектендіру және түгендеу. 2019 жылғы 1 қарашадағы жағдай бо-
йынша 124 мың жылжымайтын және жылжымалы мүлік нысанының 94,2 пайызы тіркелді.
– Ауылдық деңгейдегі әкімдерді оқыту. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалының базасында және оқу-тәжірибелік семинарлар арқылы әкімдер мен олардың аппараттарының мамандарын оқыту жүргізіледі. 2019 жылы ауылдық округ әкімдерін қоса алғанда, бюджеттік жоспарлау, салықтық әкімшілендіру және коммуналдық мүлікті басқару бойынша 264 маман оқытылды. 2020 жылы 189 маман оқытумен қамтылатын болады.
– «Секундына 512» Мегабайттан төмен емес жылдамдықтағы ұйымдастыру техникасымен және интернетпен қамтамасыз ету. Ауылдық әкімдіктер жоғары жылдамдықты Интернетпен және компьютерлік техникамен толық көлемде қамтамасыз етіледі, материалдық-техникалық қамтамасыз ету қажеттілігіне қарай жалғастырылатын болады.
Бүгінгі күні 2020 жылға арналған ауылдық округтер бюджеттерінің жобалары жергілікті қоғамдастықтардың жиналыстарында қаралып, аудандық мәслихаттарға ұсынылды және жыл соңына дейін бекітілетін болады.
Салық салу базасын ұлғайту және жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту мақсатында қазіргі уақытта бюджеттің төртінші деңгейіне қосымша салықтарды беру мәселесі қарастырылуда. Осы мәселе бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда.
Қанат Дүзелбаев,
Ақмола облыстық экономика және бюджеттік
жоспарлау басқармасының басшысы.