Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәуелсіздік ұстыны – Ата Заң - АРҚА АЖАРЫ

Тәуелсіздік ұстыны – Ата Заң

Тарихқа зер салып қарар болсақ, баршаға бірдей заңдардың негізі үлкен моральдық қағидалардан тұрған. Жалпы, «Конституция» сөзінің өзі латын тілінен аударғанда «құрылыс» деген ұғымды береді екен. Демек, ел болып құрылу, ұлт болып ұйысудың негізгі тұғыры – осы Ата заңымыз, Конституция екенінде сөз жоқ. Олай болса, Ата Заңымыздың қадір-қасиетін арттырып, жас ұрпаққа оның мән-маңызын түсіндіру тәуелсіздіктің іргесін қымтай түскен Отан алдындағы міндетпен бірдей деп түсіну керек.

Конституция алғаш рет Англияда 1679 және 1688 жылдары «құқықтар жөніндегі билль» деген атпен қабылданған екен. Ал, жазбаша конституция 1787 жылы АҚШ-та, одан кейін, 1791 жылы Франция мен Польшада өмірге келіпті. Әрине, бұл – кәріқұрлық Еуропаның қайта жаңғыру дәуірінен кейінгі демократиялық қоғамға жасаған алғашқы қадамдарының бірі еді. Ал, Қазақстанда Конституция 1924 жылы, одан кейін 1937, 1978 жылдары жазбаша түрде қабылданды дегенімізбен, дала демократиясына сүйенген қазақ елі ежелден салт дәстүр мен белгілі заң қағидаларын басшылыққа алған билер институтымен қоғамдық мәселелерін реттеп отырды.
«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген ескі сөзге мән берсек, сөздің бәсі-бағасын біліп, қадіріне жеткен қазақ ежелден хатқа түскен заңдарын аттап өтпеген. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз-Тәукенің жеті жарғысы», барлығы да қазақ даласындағы тыныштық пен әр қазақтың жүрегіндегі адалдық, намыс, отбасы берекетін сақтауға қызмет етті.
Бүгінгі Қазақстан мемлекетінің ұйытқысы болып отырған Ата Заң мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын, ата-бабаларымыздың ар мен намыстан тұратын бірлік, тыныштық идеясын өз бойына сіңірді.
Қазіргі қолданыстағы Конституция 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған болатын. Оған дейін, яғни, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Ата Заңын қабылдаған еді. Бірақ, 1993 жылғы Конституция кеңестік қағидаларға негізделгендіктен, жаңа қоғам өмірінің талабына жауап бере алмады. Сондықтан, 1995 жылы жаңа Конституция қабылданды. Жаңа Конституцияның ерекшеліктері – заң шығарушы, атқарушы, сот билігін белгілеп, олардың құзыретін, өзара іс-қимыл бірлігін заң тұрғысынан айқындап береді.
Конституция Қазақстан Республикасын демократиялық мемлекет деп жариялады. Оның демократиялылығы, ең алдымен, мемлекет ішінде халық басқаруын қамтамасыз етуінен көрінеді. Конституцияның 3-бабының 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық делінген. Бұл конституциялық норма Қазақстанның халықтық мемлекет екендігін көрсетеді. Халықты жоғары биліктің иесі ретінде тану – ел тәуелсіздігінің көрінісі. Ең бастысы, бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениетті елдердің қатарына жетелейді. Сондықтан, ел болу жолындағы басты міндеттердің бірі – Конституцияның беделін арттыру.
Ата Заңымыздың 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп көрсетілген. Тұңғыш Президентіміз де өз Жолдауында «Біздің міндетіміз мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 2020 жылға қарай 95 пайызға жеткізу» деп мемлекеттік тіліміздің егемендігіміздің діңгегі екендігін айқындап берді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Мен XXI ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін. Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады. Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық. Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Аңсарлы азаттығымыз бен тәу етер тәуелсіздігіміз баянды болсын! Мәңгілік Ел болу жолындағы ұлы істеріміз жаңа дәуірлерге жол ашсын! Баршаларыңызға бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін!», – деді. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буынының келер ұрпақ алдындағы басты міндеті – егемендіктің тұғырын биіктетіп, көк байрақты асқақ ұстау. Ал, бұл жолдағы еңбек пен қызметтің негізгі ұстыны Ата Заңымыз екені айтпаса да түсінікті.
Досжан ӘМІРОВ,
Ақмола облыстық сотының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар