Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ғылымдағы ғибратты ғұмыр - АРҚА АЖАРЫ

Ғылымдағы ғибратты ғұмыр

Профессор Әбілжан Тоқанұлы Құсайынов. Бұл кісі туралы баянға бармас бұрын аз-кем пәлсапа қайырған дұрыс сияқты. Мұны адам өмірінің басты тірегі – тіршілік ұғымының тереңдігімен байланыстырғанымыз жөн. Тіршіліктің өзегі – еңбек. Осы арқылы өмір иесі өзінің ғұмыр көшіндегі басты мағынасын, азаматтық орнын айқындайды. Кез-келген кісі тіршілікке қызмет етеді және үлесін еселей түсу арқылы игілігін көреді. Елінің еңселену жолындағы қызметіне марқайып, мамыражай күн кешеді. Ендеше, кәсіптің бәрі қастерлі. Солай десек те, ғылымның орны бөлектеніп тұратыны бар. Өйткені, біз тіршілікке қызмет етсек, ғалым тіршіліктің өркенін өсіруге, яғни, тіршіліктің болашағына қызмет етеді.

Ғалым еңбегінің нәтижесі қасқағымда көріне қоймайтыны да ақиқат. «Инемен құдық қазғандай» дегенді дана халық жай айтпаған. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы Әбілжан Құсайыновтың ғылыми жолының 55 жылға аяқ басқанын ғақлияның тереңдігі деп ұғайық. Бірақ, осынау ұзақ жолдың ғибраты, ел дәулетін арттырудағы үлесі салмақты екендігіне ризашылықпен қол соғуға тиістіміз. Мынаны қараңыз, Әбілжан Тоқанұлының қолынан 320 ғылыми еңбек, оның ішінде 15 монография, өндірісте қолданыс тапқан 20 ғылыми ұсыным, 5 оқу құралы, импакт-фактор (халықаралық) деңгейіндегі 37 мақала туындап, 7 авторлық куәлік, 3 инновациялық және пайдалы модельдегі 5 патент иесі атанып отыр. Мұның астарында, жақсы мағынадағы, зіл-батпан еңбек жатыр.
Дәл осы тұста оқырман көкейіндегі «ғылымғұмыр қалай басталған?» деген сұраққа жауап бере кетсек. Жалпы, көп салалы интеллектуалдық қасиет туа бітеді ұғымын ашып айтқан жөн. Әбілжан Құсайынов 1949 жылы Омбы облысы, Павлоград ауданының Қайдауыл елді мекенінде туып, осы ауылдың орта мектебін 1966 жылы бітірген. Сол жылы Омбы қаласындағы Ленин орденді С.М.Киров атындағы ауыл шаруашылығы институтына ең үздік бағалармен қабылданыпты.
Зерек жігіт институт қабырғасындағы жылдарын тиімді пайдалана білген. Ағамыздың бір еңбегінде өзіне қатысты мынадай жолдар бар: «ЖОО оқу барысында аудиториялық сабақтардан басқа ботаника, өсімдік физиологиясы, егіншілік сияқты ғылыми үйірмелерге қатысуым егіншіліктің топырақ қорғау жүйесінің негіздерін, Солтүстік Қазақстанның және Батыс Сібір флорасын терең білуіме, ауыл шаруашылығы дақылдарының тұзға төзімділігін анықтау әдістерін меңгеруіме септігін тигізді. Институтта алып жатқан білімімді Сібір ауыл шаруашылығы ҒЗИ арамшөптермен күрес зертханасындағы далалық тәжірибе жұмыстары барысында бекіттім. Зертханада санақ, бақылау және тәжірибе алаңдарын қалыптастырудан бастап астықты бөлектеп жинау жұмыстары сияқты ғылыми-зерттеулердің барлық кезеңдеріне қатыстым. Нәтижесінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын өз бетімше жүргізе бастадым. Институтты аяқтай салысымен кеңшар бөлімшесінде агрономдық қызмет атқару арқылы өндірістегі дербес ізденістерімді жалғастырдым. Бұл менің ғылыми-зерттеу жұмыстарымда ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу технологиясының кемшін тұстарын айқындауыма және оларды алдағы ғылыми-өндірістік жұмыстарымда шешуге ықпал етті». Бұл сөздер оның ғылыми сара жолының ертерек айқындалып, түпкі негіздің бекемделіп қалғандығын көрсетеді. Тіпті, 1971 жылы диплом алысымен өзі туған ауылында бөлімше агрономы қызметін атқаруы болашақ ғалымның қанат қомдар ауқымын кеңіткендей.
Ресейдің ғылыми ортасы болашағынан үміт күттірер Әбілжанын ұмытпай, зер сала қадағалап отырғанын да ғанибет деуіміз керек. Араға бір жыл салып ол В.И.Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының Сібір бөлімшесіне кіші ғылыми қызметкерлікке шақырылған. Мұнда ол 1972-1994 жылдары жұмыс істеп, тоғыз жыл қатарынан мелиорация және жемшөп өндірісі бөлімін басқарды. Сол 1972 жылдың мамырында Ә.Құсайыновтың «Батыс Сібір солтүстік орманды дала аймағының тұзды жерлердегі табиғи жайылым алабын жақсартудың тиімді әдістерін әзірлеу» атты ғылыми-зерттеу жұмысының тақырыбы бекітіліп, арнайы Нерпин сортаң стационары құрылды. Аталған стационарда химиялық мелиорант түрлері, фосфогипс мөлшері, топырақтың негізгі өңдеу тәсілдері; біржылдық, көпжылдық және шөп қосындыларының тұзды және сортаң жерлерге төзімділігі; көпжылдық өсімдіктерді егу мерзімі; органо-минералдық тыңайтқыштардың үйлесімділігі, түрлері және мөлшері, сортаң жерлердегі табиғи азықтандыру алаңдарын жақсарту әдістері тиянақты зерттелді. Бұл жұмыстар 1994 жылға дейін, яғни, 23 жыл бойы үздіксіз жүргізілген.
Осымен бір мезетте Әбілжан Құсайынов пен оның командасы «Түмен облысының сортаң жерлерінің мелиорация әдістерін әзірлеу» Мемлекеттік тапсырысы бойынша 20 жыл жұмыс істеген. Тәжірибелік сынақтар «Ишим» өндірістік шаруашылығының 1140 гектар аумағында сортаң жерлері игерілді. Бұл Ресейдің белді ғылыми ордаларында мақұлданған терең талдамалардың жемісі деуіміз керек.
Жоғарыда аталған жұмыстардың нәтижелері бойынша Ә.Құсайынов 2001 жылы екі бірдей мамандықтан тұратын, яғни, «жалпы егіншілік» және «агрохимия» саласында ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ал 2006 жылы агротопырақтану және агрофизика мамандықтарына қатысты биология ғылымдарының докторы дәрежесіне диссертация қорғады. Сондай-ақ, басқаларын санамағанда, Ресей жаратылыстану Академиясының корреспондент мүшесі және толық мүшесі болып сайланды.
Міне, осыған қарамастан, Әбілжан Тоқанұлы 1995 жылы тарихи Отанына қоныс аударып, Көкшетау ауыл шаруашылығы институтында аға оқытушы, Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеті мен «Көкше» академиясында кафедра меңгерушісі, проректор лауазымдарында қызмет атқарды. Ол 2013-2014 жылдары В.И.Вернадский атындағы «Ноосфера» тұрақты даму Еуразиялық орталығына жетекшілік етсе, 2014-2016 жылдары «Көкше» академиясының қоршаған орта және тұрақты даму ғылыми-зерттеу институтының директоры болып, бүгінгі күні Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің профессоры ретінде абырой биігінен көрінуде.
Ә.Құсайыновтың педагогикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстары бір сәт те тоқтаған емес. Ол бұл орайда егіншілік, топырақтану, экология сияқты күрделі бағытты қатар ұстап келеді. Ғалым Батыс Сібір тәжірибесін Қазақстанның сортаң жерлерінің игерілуі үшін пайдаланылғанын қалайды. Өйткені, елімізде мұндай аймақтар 100 миллион гектарға жетеді және гектарынан 2-5 центнерден ғана шөп жиналып жүр. Сондықтан, топырақты құнарландыру мен мелиорация жұмысына мейлінше маңыз артқан жөн.
Көкшелік ғалым жетекшілік еткен топ Солтүстік Қазақстанның натриге тапшы сортаң қара топырақты аймақтарында тыңайтқыштар мен химиялық мелиорациялаудың тиімділігі жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Фосфогипстің оптималды мөлшерін пайдалану сортаңның су-физикалық, физио-химиялық, биологиялық қасиеттерін және қоректену режимин жақсартатыны, бұл жерден алынатын өнім 1,7-2 есеге артатыны анықталды. Өтемділік шығыны 1 жылда ақталады. Сондай-ақ, минералды және органикалық тыңайтқыштарды тиімді пайдалану және қара топырақтың құнарлылығын сақтау жөніндегі ұсыныстар бойынша Ақмола облысының 17 ауданына қарасты 1513842 гектар аумақта ұзақ мерзімді зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осының нәтижесінде жаздық бидайдың өнімділігін 0,13-0,23 тонна-гектарға, өндіріс тиімділігін 50 пайызға дейін арттыруға болатындығы белгілі болды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре аламыз.
Аталған мәселелер бойынша, Әбілжан Тоқанұлының жетекшілігімен А.Сәрсенова, К.Сейдалина, П.Рафальский, Ю.Андреева, Г.Шайхина кандидаттық диссертациялар қорғады. Жалпы, бұл кісінің ғылыми жетекшілігімен бір PhD докторы, 7 кандидаттық және 25 магистрлік диссертациялар қорғалған екен.
Солтүстік Қазақстан аймағының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2000 жылдың 17 мамырында «Эко-Көкше» қоғамдық бірлестігі құрылып, ғалым ағамыз директор болып сайланды. Іске белсене кіріскен үкіметтік емес ұйым сол жылы Ақмола облыстық табиғатты пайдалану басқармасының грантын ұтып алып, бұл қаржыны Қопа және Шағалалы су қоймаларының гидрохимиялық көрсеткіштерін зерттеуге жұмсады. Осы жұмыстардың нәтижесінде Қопа көлін тазарту жобасының ғылыми негіздемесі жасалды.
Бірлестік 2005 жылы БҰҰ Даму бағдарламасы Ғаламдық экология қорының грантына ие болып, Ақкөл ауданындағы «Еңбек» ЖШС-індегі 270 гектар аумақта Солтүстік Қазақстанның сортаң жерлерін химиялық мелиорациялаудың ғылыми-техникалық өңдеуі өндіріске енгізілді. Көп ұзамай бұл ұйым 22 серіктестікті біріктіретін Халықаралық консорциум құрамына қабылданды. «Эко-Көкше» Ақмола облысы әкімі «Жігер» байқауының 2011 жылғы жеңімпазы. Қазіргі кезде жұртқа танымал бірлестік «Инновациялық тәжірибелерді тарату және енгізу қызметтері» және «Заманауи технологияларды коммерциялық пайдалану» жобалары бойынша жұмыс істеуде.
Осы мақаланы дайындау барысында ҚР Ауыл шаруашылығы Академиясының академигі, профессор, ғылыми еңбектері Мәскеу, Лондон, Франкфурт на Майне, Барселоне, Нью-Йорк және Гонконг қалаларының халықаралық кітап көрмелеріне қойылған ғалым ағамыз: «Қоғамдық жұмыс көп уақыт алады, бірақ бұл қазіргі заманғы технологиялар мен ғылым жетістіктерін, өскелең ұрпақтың тәрбиесін және қоғамның пікірін білу үшін қажет», – деген болатын. Енді қарасақ, Әбілжан Тоқанұлы «Ауыл» халықтық демократиялық партиясы Ақмола филиалының төрағасы, «Эко-Көкше» экологиялық орталығының директоры, облыстық «Қазақстан-2050» демократиялық күштері коалициясының, облыс әкімі жанындағы ғылыми-консультациялық кеңестің, облыстық Қоғамдық кеңестің, облыстық азаматтық альянстың, «Рухани жаңғыру» аумақтық бағдарламасы сараптамалық кеңесінің, көптеген ғылыми және диссертациялық кеңестердің мүшесі екен. Осыған қарап, мақаламыздың атын «Қоғамғұмыр» деп қойсақ та жарасатындай күй кешеміз. Бірақ, ол бірінші кезекте ғалым, қоғамдық өмірдің белсенді қайраткері болуы міндетті. Сондықтан, жетпіс жастың белесіне көтеріліп отырған ағамызға барлық салада табысты болуын тілейміз. Оған сенеміз де. Толып жатқан гранттар, сертификаттардың иесі күні кеше, Тәуелсіздік мерекесіне орай Мемлекеттік ғылыми стипендият атанып отыр.
Мерейтойлық мақаланың жоралғысымен мына бір жағдайды қалыс қалдырмауымыз қажет сияқты. Адамзат баласының тіршілік көшіндегі басты міндеті – отбасы тәрбиесінің тұтқасында болып, ұрпағының қоғамдағы орнының берік болуына септесу. Бұл орайда Әбілжан ағамыздың жүзі жарқын деуіміз керек. Жеңгеміз Разия Қайырбекқызы ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, қызы Анара да дәл осындай ғылым кандидаты, «АгроБиоТехновация» ғылыми-өндірістік бірлестігінің директоры, ұлы Ғалым Алматыдағы ірі банктің басқарма төрағасы, кенже қызы Ғалия экономика ғылымдарының магистрі. Ағамыздың азаматтық келбеті, ғылымғұмыры осылайша жалғаса бермек.
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар