Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысына қатысып, сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері мемлекеттік орган өкілдерімен бірлесіп ауқымды жұмыс атқарғанын, қызу талқыланып, пікірталас туғызған көптеген ұсыныстар мен бастамалардың ескерілгенін атап өтті. Мемлекет басшысы Кеңестің басты мақсаты еліміздегі экономикалық және саяси мәселелер бойынша жүйелі, ұзақмерзімді, тиімді шаралар әзірлеу екенін айтты.
– Бұл демократияны нығайтуға және қоғамның билікке деген сенімін арттыруға үлкен серпін беретін жұмыс деп санаймын. Біздің тәжірибеміз халықаралық ұйымдар тарапынан жоғары бағаланып отыр. Көпшілік оны жауапты әрі сындарлы диалогтың үлгісі ретінде қабылдады. Ең бастысы, Ұлттық кеңес қоғамның сенімін ақтай алатынын дәлелдеді. Мұның тағы бір маңызды қыры бар. Біз сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениеттің негізін қалыптастырып жатырмыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде балама көзқарастан қорықпау процесі жүруде. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде Президенттің «Әртүрлі көзқарас – бір ұлт» формуласы тікелей іске асып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев біріктірілген шешімдердің негізінде реформаның алғашқы бөлігі дайындалғанын жеткізді. Сондай маңызды реформалардың бірі – жер мәселесі және ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану.
– Ауыл шаруашылық министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп 2020 жылдың 1 мамырына дейін барлық дайындық жұмыстарын аяқтауы және бірқатар аймақтардағы жерді космомониторингтеу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыруы керек. Сонымен қатар, жерді тиімді пайдалануды бақылауды күшейтудің басқа да шараларын қолға алуымыз қажет. Игерілмей жатқан жер учаскелеріне салынатын базалық салықты 10-нан 20 есеге дейін арттыруды ұсынамын. Бұдан бөлек игерілмей жатқан жерлерді мәжбүрлеп қайтарып алудың уақытын екі жылдан бір жылға дейін қысқарту қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекеттік құрылымның есеп беруі мен ашықтығы, бюджет қаржысының тиімді әрі ұтымды жұмсалуы – маңызды мәселенің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімі бойынша, алдағы уақытта Есеп комитеті мемлекеттік органдар мен ұйымдарда жүргізген аудиторлық жұмыстарының қорытындыларын жария-
лайды, квазимемлекеттік сектордағы әлеуметтік маңызы бар мекемелердің директорлар кеңесінің құрамына азаматтық қоғам өкілдері кіреді, мемлекеттік кәсіпорындардың бәсекелестік нарыққа экономикалық тұрғыдан тартылуын азайту жұмыстары басталады.
Сондай-ақ, шет елден жұмыс күшін тартуға қатысты заң нормалары да өзгереді.
– 2020 жылы шет елден келетін жұмыс күшіне берілетін квота айтарлықтай қысқарады. Енді ол шамамен 40 пайызға төмендейді, яғни, 2019 жылы шет елдерден 49 мың жұмысшы келген болса, 2020 жылы ол 29 мыңға дейін азаяды. Екіншіден, 250-ден астам адам жұмыс істейтін, оның ішінде 30 адамнан аса шет ел жұмысшыларын тартатын кәсіпорындарда тұрақты тексеру жүргізіледі. Енді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жалақының теңдей берілмеуі, әлеуметтік-тұрмыстық кикілжіңдер секілді тағы да басқа заң бұзушылықтарға дер кезінде үн қата алады, мұндай проблемалардың көбеюіне жол бермейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бюджет қаржысының бөлінуі, сыртқы қарыз туралы мәліметтердің ашықтығы жөніндегі ақпараттың жариялы болуы маңызды екеніне тоқталды. Осыған байланысты 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін Ұлттық экономика министрлігіне, Қаржы министрлігіне және Ұлттық банкке сыртқы қарыздың Бірыңғай реестрін әзірлеуді тапсырды.
Көлеңкелі экономикаға және қаржының заңсыз айналымына қарсы күресу үшін Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бизнес субъектілері бойынша ашық әрі біріктірілген мәліметтер базасын қалыптастырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік реформалар туралы айта келіп, көп балалы отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек мәселесі әлі де өзекті болып отыр деп санайды. Үкіметтің алдына ашық әрі әділ атаулы көмекпен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Президент мемлекеттің тек мұқтаж жандарға ғана жәрдем беруі тиіс екенін айтты.
– Көп балалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақыны дифференциалды, яғни, айлық есептік көрсеткіштің 42,5 мың теңгеден 74 мың теңгеге дейінгі еселенген өлшемімен беру ұсынылады. Сонымен қатар, жағдайы төмен отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет жасақталады. Мектеп жасына дейінгі балалар азық-түлікпен және ең қажетті деген құрал-жабдықтармен қамтылады. Оқушылар мектепте ыстық тамақты тегін ішеді, мектепке барып-қайту жолақысы, сондай-ақ, мектеп формасы мен оқу құралдары тегін болады, – деп мәлімдеді Президент.
Мүмкіндігі шектеулі адамдар да назардан тыс қалмайды. Жұмыс берушілер оларды жұмысқа қабылдау үшін арнайы квота бөлуі тиіс. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс берушілердің міндетті 5 пайыздық зейнетақы жарнасын төлеуді енгізу мерзімін кейінге шегерді.
– Жұмыс берушілердің міндетті 5 пайыздық зейнетақы жарнасын төлеуге қатысты дау-дамай басылар емес. Мұны 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастау көзделген болатын, алайда, әлі күнге дейін баршаға ортақ ұстаным жоқ. Сондықтан жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасын енгізу мерзімі 2023 жылға дейін шегерілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі саяси жүйені реформалау саласында да маңызды қадам жасалады. Президенттің пікірінше, заңды және қоғамдық тәртіпті бұзбайтын әрі рұқсат етілетін митингілерді ұйымдастыруда ескерту қағидатын енгізуді қолға алу керек.
– Бұл – менің түбегейлі ұстанымым. Мұны заңнамалық тұрғыдан бекітетінімізді білесіздер. Қоғамдық санаға митинг өткізу мәдениетін сіңіретін уақыт келді. Қоғамға да, мемлекетке де өз ұстанымдарын ашық айтуға бейімделетін кез жетті. Бірақ митингі өткізу тек өз құқы емес, жауапкершілік екенін де түсінген жөн. Бүгінгі Ұлттық кеңестің отырысында Президенттің Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жоспарды орындау аясында бейбіт жиындар туралы жоба әзірленгенін айтқым келеді. Бұл жерде қазіргі заңға жәй өзгеріс енгізу емес, бейбіт жиынның барлық түрін өткізу, ұйымдастыру мәселелерін реттейтін концептуалды жаңа заң туралы сөз болып отыр. Үкімет заң жобасын Парламенттің қарауына енгізу керек, – деп тапсырды Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев тіркеу үшін партия мүшелері санының төменгі шегін екі есеге, яғни, 40 мыңнан 20 мың адамға дейін азайтуға болады деп санайды. Сондай-ақ, Президент партия қатарына сайланатын азаматтар тізімінде әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 пайыздық квотаны енгізуді ұсынды. Бұдан бөлек заң шығару органындағы саяси азшылықтың құқығын бекітетін заңнамалық норма енгізілетін болады. Бұл әртүрлі партия өкілдерінің Парламенттегі кейбір комитеттерді басқаруына мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы құқық қорғаушылар белсенді көтерген мәселелерді шешу ісіне де тоқталды. Сыртқы істер министрлігіне Азаматтық және саяси құқық туралы халықаралық пактіге және оның Екінші Факультативті хаттамасына қосылу рәсімдерін бастауды тапсырды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 174-бабын ізгілендіру ұсынылды. Қоғамда көптен бері талқыланып, қызу пікірталасқа түсіп келе жатқан тағы бір маңызды мәселе – Қылмыстық кодекстің жала жабу туралы 130-бабы.
– Аталған нормаға қатысты пікірталасты зерделей отырып, бірыңғай шешім қабылдаудың соншалықты күрделі екенін байқауға болады. Өйткені, құқықтық, гуманитарлық, этикалық және халықаралық стандарттар сияқты барлық бағыттарды ескеру қажет. Аталған мәселенің қағидаттары мен ерекшеліктерін талдау нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 130-бабын қылмыстық деп танымау және оны Әкімшілік кодекске ауыстыру жөнінде шешім қабылдадым. Осы ретте басқа азаматтардың құқығына кепілдік беру, оларды жала жабудан және орынсыз айыптаудан қорғау үшін жауапкершіліктің жоғары шегін сақтау қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында демократия дегеніміз билік үшін де, азаматтар үшін де бөліну мен ыдырауға емес, даму мен жасампаздыққа қызмет етуге тиіс зор жауапкершілік екенін атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан азаматтары тарихи миссиясын орындауы, яғни, билік пен халықтың үйлесімді диалогы арқылы кез-келген қиындықты қалай және қайтіп еңсеруге болатынын көрсетуі тиіс.
Жиынды Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов жүргізіп отырды, сондай-ақ, Президенттің кеңесшісі – Ұлттық кеңестің хатшысы Ерлан Қарин, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері – Ерлан Саиров, Саясат Нұрбек және Мұхтар Тайжан сөз сөйледі.