Соңғы жылдары техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарында білім алушыларды халықаралық стандарттауға сай даярлау мақсатында «WorldSkills» байқау жобасы іске асырылуды.
Аталмыш чемпионаттың негізгі мақсаты – жұмысшы жəне техникалық мамандықтардың дəрежесі мен мəртебесін арттыру, кәсіптік-техникалық білім беру саласына ерекше көңіл бөліп, жастарды аталған салаға тарту, еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, «WorldSkills» Ұлттық чемпионатына қатысу үшін өңірлік құрамды дайындау болып табылады. Бұл жобаның колледж студенттерінің білім сапасын арттыру үшін де маңызы зор.
Таяуда Целиноград ауданына қарасты Жаңаесіл ауылындағы №9 агротеникалық колледжінде ішінаралық «WorldSkills Kazahstan – 2019» байқауы болып өтті.
«Жеңіл автокөлігінің қозғалтқышын жөндеу және қызмет көрсету» және «Дизель автокөлігінің қозғалтқышын жөндеу және қызмет көрсету» компетенциясында колледждің жас талапкерлері өзара бақ сынасты. Байқау «WorldSkills» стандарттарына сай өткізілді. Жобаның ашылуы, студенттердің сараптамадан өтуі, таныстыру, «Жеңіл автокөлігінің қозғалтқышын жөндеу және қызмет көрсету» бөлімі бойынша модуль «А» – стартерді шашу және жинау, модуль «В» – газ тарату механизмінің ременін ауыстыру, модуль «С» – оталдыру жүйесі, «Дизель автокөлігінің қозғалтқышын жөндеу және қызмет көрсету» бөлімі бойынша модуль «А» – стартерді шашу және жинау, модуль «В» – Д-240 қозғалтқышының блок басының төсемесін ауыстыру, модуль «С» – ПД-10 оталдыру жүйесін және поршень сақиналарын орнына қою тапсырмалары бойынша студенттердің білімі сарапталды.
Чемпионаттың жабылу рәсімінде жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сөйтіп, Радмир Аманбаев пен Сергей Гуржиенко топтан озып шықты.
Динара АРЗЫМБЕТОВА,
№ 9 агротехникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы.
Суретте: іс-шарадан көріністер.