Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, бірқатар медициналық және білім беру мекемелерінің жағдайымен танысты. Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, сапар соңында бірнеше өндірістік нысандарды аралап көрді.
Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылында 1200 орындық және 360 орындық мектептер екі ауысымда 2200-ге жуық балаға білім беруде. 1981 жылы салынған №6 Қараөткел орта мектебі 2007 жылы күрделі жөндеуден өткізілген екен. Мектеп директоры Айтан Қабиұлының айтуынша, оқушылардың саны жыл санап артып келе жатқандықтан, білім ошағында кабинеттердің жетіспеушілігі байқалады. Жұмыс сапарының басында ауылға ат басын бұрған облыс әкімі Ермек Маржықпаев мектепті аралау барысында спорт залының дұрыс жарықтандырылмағанын сынға алды. Сонымен қатар, оқу ғимаратының салқын екенін де айтып, жауапты тұлғаларға ескерту жасады.
Қазіргі таңда Қараөткел ауылында ресми тіркеуде тұрған 18 мыңнан астам халық бар. Алдағы жылдары мұнда екі дәрігерлік
амбулатория салу жоспарланып отыр. Жұмыс сапары барысында ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда болған облыс басшысы жаңа амбулатория салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу мен жер бөлу мәселесін тездетіп шешуді тапсырды.
Аталмыш ауылды және Қаражар ауылын сумен, электр жүйесімен қамтамасыз ету, сондай-ақ, жолдарды жөндеу мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатқаны туралы аудан әкімі Мәлғаждар Тәткеев айтып берді. Қараөткел ауылына ауыз суды Сабындыдан тарту жоспарланып отырса, Қаражарға су үстіміздегі жылы тартылыпты. Тек, әзірше үйлерге кіргізілмеген. Ауылдағы электр бағаналарының құлаудың аз-ақ алдында тұрғанын көрген облыс әкімі мәселені тездетіп шешу қажеттігін ескертті.
– Ауданда халық саны жыл санап артып келеді. Жолдар біртіндеп жөнделіп жатыр. Білім беру нысандары, тұрғын үйлер салынуда. Тек, биылдың өзінде Целиноград ауданына 20 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл қомақты сома. Алайда, барлық жұмысты қаржыға ғана тірей бермей, қарапайым мәселелерді мемлекеттің көмегінсіз шешуге болады ғой. Мәселен, Қараөткелдегі №6 орта мектепте оқушылар сығырайған жарықпен сабақ оқып отыр. Тағы бірнеше мектепте осы проблеманы байқадым. Бұлай болмайды. Балаларды жарықпен қамтамасыз етіңдер, –
деді Ермек Маржықпаев бұл сөзін мектеп әкімшілігіне қарата айтып.
Кабинеттер жетіспеушілігі ауданға қарасты Қаражар орта мектебінде де байқалады. 120 орынға лайықталған білім ошағында бүгінде екі ауысымда 370 бала оқып жатыр. Алдағы уақытта үш ауысымда оқыту мәселесі туындамас үшін қазірден қамдану қажеттігін айтқан облыс әкімі мектепке 200 орындық қосымша ғимарат салынатынын жеткізді. 2020 жылы жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, одан кейінгі жылы құрылыс жұмыстары басталады. Ал, Оразақ ауылында 2015 жылы орын алған су тасқынынан кейін апатты жағдайға жеткен мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіледі деп шешілді. Қазіргі таңда ауыл балалары 2015 жылы мектеп ғимаратына лайықталып салынған басқа ғимаратта оқытылып жатыр. Ермек Маржықпаев күрделі жөндеуді жүргізетін мердігер компания «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдеріне бұл іске облыстық бюджеттен 210 миллион теңге қаражат бөлінетінін еске салып, жөндеу жұмыстарын келер жылдың қыркүйек айы-
на дейін аяқтауды тапсырды. Ал, ауданға қарасты Өтеміс ауылында 120 орындық мектептің құрылысы биыл басталған.
Сондай-ақ, бұл күні облыс әкімі Оразақта су тасқынының алдын алу мақсатында қолға алынып жатқан шараларды пысықтап алып, алдағы айда осы мәселе бойынша комиссия отырысын өткізетінін мәлімдеді.
«Nur Otan» партиясы Целиноград аудандық филиалында өткен облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Ермек Маржықпаевтың қабылдауына келген тұрғындардың қатары көп болды. Бірі Ақмол ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешенін ашуға жәрдемдесуді сұраса, енді бірі Қосшыдағы мектепті жөндеуден өткізу жайын көтерді. Бұдан кейін, Transtelecom компаниясының өкілдері облыс әкіміне «Қосшы – қауіпсіз ауыл» жобасын таныс-тырды.
Жұмыс сапары барысында облыс басшысы Ақмолдағы «Eco Park Astana», «Capital Projects LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді бірқатар өндірістік нысандарда, сонымен бірге осындағы орталық жылу қазандығында да болды.
Одан әрі жұмыс сапары Қосшы ауылында жалғасты. Мұнда жаңадан салынып жатқан емхананың құрылыс алаңында болған облыс әкімі мердігер компания өкілдеріне құрылыс жұмыстарын белгіленген кестеге сай, әрі сапалы жүргізуді қатаң тапсырды. Қазіргі таңда емхана ғимаратының бірінші қабаты тұрғызылуда. Құрылыс алаңында 37 адам жұмыс істеуде.
Сапар соңында облыс әкімі «Hevel Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қабанбай батыр поселкесінің маңында салып жатқан «Нұра» күн электростанциясының құрылыс алаңында болды.
Серіктестік басшылары қуаты 100 МВт болатын күн электростанциясын келер жылдың ақпан-наурыз айларында іске қосамыз деп отыр. Облыс әкімі жобаның жасыл экономиканы дамытуда өңіріміз үшін маңыздылығы зор екендігін айта келе, оны жүзеге асыруға облыстық әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін айтты.
Венера Талғатқызы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік Ескенов.
Целиноград ауданы.