Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері онлайн кассалық бақылау машиналары, патент негізінде арнайы салық тәртібін жеке кәсіпкерлердің қолдануы бойынша талаптарды өзгерту, салық амнистиясы жөнінде айтып берді.
Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Әлия Өтекина 2020 жылдың 1 қаңтарында қолма-қол есептесетін барлық салық төлеушілер онлайн касса аппаратын пайдаланатынын айтты. Бүгінгі күні мұндай аппаратты облыстағы бизнес өкілдерінің 90 пайызы сатып алды. Мамандардың айтуынша, онлайн касса аппаратының құны 60 мың теңгені құрайды. Бұл қаражатты белгілі жеңілдік есебінен қайтарып алуға болады. Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Назгүл Әйіпова келесі жылдан бастап патент қолдану құқы сақталатын жұмыстың 32 түріне шектеу қойылатынын айтып берді. Мұндай шектеудің негізгі мақсаты заңсыз еңбек қатынасына жол бермеу, нақты кірісті анықтау болып табылады. Енгізілетін норма жалдамалы еңбеккерлерден түсетін көлеңкелі ақша айналымын азайтуға бағытталған. Жұмыс түрі рұқсат тізіміне енгізілмеген салық төлеушілер белгіленген салық төлеу режимінің біріне көшуі тиіс. Жеке кәсіпкерлер патенттен өзге салық режиміне көшу үшін салық төлеу режимін таңдап, электрондық түрде салық органына жіберуі керек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.