«Әзіл адамның өмірін ұзартады» демекші, Қызылтаң орта мектебінің жеткіншіктерінен құраған «Қызылтаң тентектері» атты жайдарман тобы Зеренді ауданында өткен «Жайдарман – Жас Ұлан» сайысына қатысып, Бас жүлдені жеңіп алып, облыстық сайысқа жолдама алды.
«Жастар жылы – жастар қуаты» деген тақырыппен өткен бұл сайыс – жас ұрпақтың бойында рухани-адамгершілікті қалыптастыру, олардың зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік дамуы үшін жағдай жасау, балалардың жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында өткізілді.
Облыстық жайдарман сайысы Бурабай өңірінде өтті. Қызықты да тартымды ұйымдастырылған дода қатысушылары «Звёздный» сауықтыру лагерінде 2 күн дем алып, Шучинск қаласының мәдениет үйінде өз өнерлерін ортаға салды. Алты оқушыдан құралған жайдарман командасы, он бір ауданның ішіндегі «Ең кішкентай әзілқой топ» деген әділқазылардың бағасын алды. Осы сайыста да көрермен көңілінен шығып, өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп, жүлделі екінші орынға ие болды.
Топ басшысы Адай Аккузов пен Қорғанбек Балтин, Аман Болат, Темірлан Бейсейіт, Аян Төлеген, Еркебұлан Нығметжан сынды он жасар жасөрендер өздерін нағыз жайдарманшылар екендігін таныта білді.
Бұл сайыста әр оқушы дипломмен және естелік сыйлығымен, сондай-ақ, жайдарман кубогымен марапатталды. Сонымен қатар, жалпы команда атына және топ жетекшісіне арнайы диплом табыс етілді.
Мархаббат ЖҰМАБАЕВА,
«Қызылтаң тентектері» командасының жетекшісі.