Алена Солопова Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген орыс қызы зерлі Зеренді өлкесіндегі Троиц ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Алена университеттегі оқуымен қатар, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы өзге ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді дамыту орталығына төрайымдық етеді. Жуырда өткен облыстық ассамблеяның кезекті 22-ші сессиясында белсенді жаспен әңгімелесудің сәті түскен еді.
–2016 жылы туған ауылымдағы орта мектепті үздік аттестатпен бітірдім. Қазіргі таңда Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің соңғы курсында оқимын. Болашақ мамандығым биология пәнінің мұғалімі. Мемлекеттік тілді мектепте оқып жүргенде үйрендім. Алтыншы сыныпта өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылған аудандық тіл байқауында алғаш рет жеңіске жетіп, қазақ тілін одан әрі меңгеруге құштарлығым оянды. Сол жылдары облыстық байқауларға қатысып, қазақ тілінен білімімді жетілдірдім. Алдыма республикалық байқауға қатысу мақсатын қойдым. Бірінші курста облыстық «Тіл – парасат» байқауының жеңімпазы атанып, республикалық байқауға жолдама алдым. Нәтижесінде, осы додада облысымыздың намысын қорғап, үшінші орынға ие болдым, – деген Алена қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың отыздан астам өлеңін жатқа біледі екен.
Ақынның:
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан, –
деген өлең жолдары жастардың өмірлік шамшырағы болуы керек деп есептейтін бойжеткеннің спортта да жетістіктері жоқ емес. Алена Солопова Қазақстан Республикасының паурлифтингтен спорт шебері және ұлттық санатты төреші. Жас кейіпкеріміздің ел намысын халықаралық жарыстарда қорғасам, көк туымызды желбіретсем деген арманы бар. Үстіміздегі жылы ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы қорының шәкіртақысына ие болды. Енді, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «100 жаңа есім» жобасына қатыспақ ниетте.
–Мемлекеттік тіл – менің тілім. Себебі, Қазақстан менің туған жерім, менің Отаным. Менің ойымша әрбір азамат мемлекеттік тілді білуі керек. Бұл нағыз патриоттың қасиетті міндеті. Қазақ тілі – Тәуелсіздіктің негізі. Тілді өркендету баршаның ісі. Осы таңда мемлекетімізде үш тілді бірдей дамытуға үлкен мән беріліп отыр. Жаңа оқу бағдарламасы бойынша біз, яғни, болашақ ұстаздар бірнеше пәнді ағылшын тілінде оқытуымыз керек. Мен «Арман, еңбек ету, сенім» деген ұранды ұстанамын. «Армансыз адам – қанатсыз құс» деген қазақ мақалы тегін айтылған жоқ. Еңбек етпей, ешқашан мақсатқа жете алмаймыз. Нақты істермен еліміздің дамуына үлес қосуымыз керек. Қазақстанның болашағы жастардың қолында, – деген Алена барлық жетістіктерін егемен еліне арнайтынын айтты. Белсенді жастың мемлекетімізде жастарға көрсетіліп отырған қолдау үшін Елбасымызға, Президентке деген ризашылығы шексіз.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.