Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
БЖЗҚ: Зейнетақы қызметтері әрбір азаматқа қолжетімді - АРҚА АЖАРЫ

БЖЗҚ: Зейнетақы қызметтері әрбір азаматқа қолжетімді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өзінің Қазақстан халқына жасаған Жолдауында отандық зейнетақы жүйесіне ерекше мән берген болатын. Осы орайда «БЖЗҚ» АҚ жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында қандай жұмыстар атқарып жатқанын білу үшін біз осы Қордың Ақмола облыстық филиалының директоры Аяш Кеншінбаеваны сөзге тартқан едік.

– Аяш Хакімқызы, Қорда азаматтарға ыңғайлы қандай жаңа қызметтер енгізілді немесе енгізіліп жатыр?
– 2019 жылдан бастап зейнетақы заңнамасына бірқатар жаңалықтар енгізілді. Атап айтқанда, жаңа салымшылардың жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) Қорға түсетін алғашқы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) негізінде автоматты түрде ашылады. Азаматтық құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жарналарды төлеу рәсімі жеңілдетілді. Жасына байланысты мемлекеттік зейнетақылар мен Қор төлемдері «Бір терезе» қағидаты бойынша 2018 жылдың қазан айынан бері «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы бірыңғай өтініш негізінде жүзеге асырылады. Биыл сондай-ақ Бірыңғай жиынтық төлем енгізілді. Бұдан басқа биылдан бастап зейнетақы шоты туралы ақпаратты электрондық цифрлық қолтаңбасыз (ЭЦҚ) электрондық үкімет порталы арқылы СМС хабарламаның көмегімен алу мүмкіндігі енгізілді.
Биыл «Е-нотариат» жүйесі мен БЖЗҚ ақпараттық жүйесінің өзара ықпалдастығы жүзеге асырылды. Соған сәйкес енді нотариустар мен шетелдік консулдық мекемелер өздерінің өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша (мұрагерлер өтініш берген жағдайда) қайтыс болған салымшылардың (алушылардың) Қорда жеке зейнетақы шотының және онда ақшаның болуы туралы БЖЗҚ-ға сауалдар жолдап, жауап ала алады. Бұл қызмет нотариустарға жүгінген мұрагерлердің уақытын үнемдейді әрі қағазбастылықты жояды.
– Жалпы зейнетақы қорындағы жинақтардың табыстылығы қандай? Бұл жерде шығындар болады ма?
– БЖЗҚ 2019 жылдың қараша айына дейінгі жағдай бойынша негізгі көрсеткіштерін қорытындылады. Мысалы, жыл басынан бастап салымшылардың жеке зейнетақы шотына есептелген таза инвестициялық табыстың көлемі 551,1 млрд. теңгені құрады. 2019 жылдың 10 айындағы инфляция көлемі 3,9 пайыз болса, зейнетақы қорындағы табыс көлемі 5,7 пайызды құрады. Егер табысты жылдық мәнде қарастырсақ, онда соңғы 12 айдың ішінде инфляция көлемі 5,5 пайыз болған жағдайда, 1 қарашадағы табыс көлемі 8 пайызды құрады.
БЖЗҚ құрылғаннан бастап бүгінгі күнге дейін (2014-2019 жылы қазан айы) жинақталған инфляцияның көлемі 55,1 пайыз болса, зейнетақы активтері бойынша жинақталған инвестициялық табыстың көлемі 68,4 пайызды құрады (яғни, инфляция көлемінен асатын нақты табыс мөлшері 13,3 пайыз). Демек, зейнетақы активтері – нақты табыс көзі.
Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін инвестициялау бойынша негізгі бағыттардың бірі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына салынған инвестиция (ол 01.11.2019 ж. қарай зейнетақы активтерінің шамамен 38,2%-ына тең). Оның анағұрлым сенімді қаржы құралы екені белгілі. Бұдан басқа ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигациясына (15,6%), ҚР екінші деңгейдегі банктерінің бағалы қағаздарына (15,4%), шет елдердің мемлекеттік бағалы қағаздарына (14,5%), шетелдік банктердегі депозиттерге (2,8%), халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына (2,9%) және басқа да қаржы құралдарына жұмсалған инвестицияларды атап өтуге болады.
– Филиалда бір күнде неше операция орындалады?
– Бір күнде орта есеппен 150-200 операция орындалады. Салымшылар бізден зейнетақы қорынан төлем алуға өтініш беру, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналарын аудару үшін шот ашуға өтініш беру, деректемелерді өзгертуге өтініш беру, жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу, шот ашу жөніндегі өтінішті (зейнетақы шартын) жаңа редакцияда алу, ақпараттандыру тәсілі туралы қосымша келісім жасау, ҚР зейнетақы заңнамасына сәйкес өзінің зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударуға өтініш беру, зейнетақымен қамсыздандырудың барлық мәселелері туралы толығымен кеңес алу және зейнетақы калькуляторы арқылы болашақ зейнетақыны есептеу секілді қызметтерді алады.
– Филиалға күніне неше адам келеді? Келушілер көбінесе филиалдың қандай қызметтерін алады?
– Ақмола облыстық филиалына бір күнде шамамен 50 адам келеді. Өткен айда 2000-нан астам операция жүзеге асырылды. Зейнетақы қорының ахуалы туралы ақпаратты алу – аса танымал және сұранысы жоғары қызмет. Әрбір салымшы enpf.kz сайты немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасы арқылы өзінің жеке кабинетіне кіріп, аталмыш қызметті ала алады.
Қор көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру бағытында тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Ол бұл қызметтерді жетілдіре отырып, өз салымшыларына ыңғайлы заманауи нұсқаларын ұсынуда. Мысалы, мобильді қосымшаға Push-хабарлама енгізілді. Оның көмегімен қосымшаны пайдаланушылар өздерінің шотына зейнетақы жарналарының түскені туралы қысқаша хабарлама алып отырады.
– Филиал қарамағында неше бөлімше бар? Қызметтердің электронды форматқа көшуіне байланысты бөлімшелердің саны қысқара ма?
– Қазіргі уақытта Ақмола облыстық филиалы қарамағында Атбасар, Степногорск және Щучинск қалаларында 3 қызмет көрсету орталығы, Ақкөл, Державинск, Есіл, Макинск, Степняк қаласы, Балкашино, Жақсы, Зеренді ауылдарында қашықтан жұмыс істейтін 8 жұмыс орны істейді.
– Филиалда «Мобильді агент» жобасы қалай жүзеге асырылып жатыр? Жобаның мақсаты қандай? Бұл жоба бойынша биыл қанша қызмет көрсетілді? Қанша операция орындалды?
– «БЖЗҚ» АҚ «Мобильді агент» жобасы бірнеше жыл бұрын қолға алынған. Ол үшін штатта арнайы қызметкерлер тобы жұмыс істейді. Олар салымшыларға кеңседен тыс қызмет көрсету үшін қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. Атап айтқанда, құжаттарды сканерлеуге, үзінді көшірмені қағазға шығаруға және басқа қызметтерді атқаруға қажетті ноутбук, usb-модем және көпатқарымды портативтік құрал бар. Осының барлығы салымшыларға үйден шықпай-ақ БЖЗҚ-ның барлық қызметтерін алуға мүмкіндік береді. Біздің мамандар салымшылардың айтқан мекен-жайларына барып, үзінді көшірмені, зейнетақы шартының телнұсқаларын ұсынады, ақыл-кеңестер береді, ақпарат алу тәртібі бойынша қосымша келісім жасайды. Соның арқасында адамдар үзінді көшірмені ұялы телефонға жүктелетін мобильді қосымша немесе Қор сайтының жеке кабинеті арқылы кез-келген уақытта ала алады.
«Мобильді агент» денсаулығына байланысты кеңсеге келе алмайтын, тәртіптік немесе ерекше қорғалатын нысандардағы адамдарға өте қолжетімді. Ол үшін сайтта өтінім қалдыру, не болмаса 1418 нөмірі арқылы БЖЗҚ Байланыс орталығына хабарласуы керек.
Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қор қызметкерлері келу күні мен уақытын алдын ала хабарлайды. Айта кетелік, Қор қызметкерінің қызметтік куәлігі болады. Сондықтан күмән туындаған жағдайда 1418 нөмірі арқылы хабарласып, аталмыш маманның жұмыс істейтініне, я істемейтініне көз жеткізуге болады.
– Сіздің филиалыңызда «Мобильді кеңсе» жобасы қолға алынған ба?
– «Мобильді кеңсе» – алыс елді мекендерде тұратын азаматтарға қызмет көрсетуге арналған және барлық қажетті құралдармен жарақтандырылған автокөлік. Бұл жоба 2018 жылы Алматы, Атырау, Қостанай облыстарында іске қосылды. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында жасалған 170 сапар барысында шамамен 9000 адамға қызмет көрсетіліп, 5000-нан астам адамға ақыл-кеңес берілді. Өткен аптада осы жоба біздің филиалға да келіп жетті. Енді бұл қызметті біз де жүзеге асыратын боламыз.
– Электронды қызметтер туралы не айтасыз? Өзіне-өзі қызмет көрсету терминалы бар ма және одан қандай қызметтер алуға болады?
– «БЖЗҚ» АҚ кеңселерінде күн сайын 13 мыңнан астам қызмет көрсетіледі. Бүгінгі күні операциялардың 80 пайызы электронды түрде іске асырылады.
Қазіргі уақытта мобильді қосымша – салымшылар үшін қызмет алудың өте қолайлы тәсілі болып отыр. Сонымен қатар ЭЦҚ немесе ЖСН мен құпия сөздің көмегімен www.enpf.kz сайтындағы жеке кабинетке кіріп тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 тәулік бойы зейнетақы шотының жай-күйін, инвестициялық табыс көлемін қарауға болады. Сонымен бірге «Электронды қызметтер» бөлімінде жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алуға, деректемелерге өзгерістер мен (немесе) толықтырулар енгізуге, зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақы көлемін есептеуге, зейнетақы төлемін тағайындау туралы өтініш беруге, зейнетақыны төлеу және (немесе) аудару бойынша берілген өтінімнің мәртебесін бақылауға, онлайн қоңырау шалуға, кері қоңырауға тапсырыс беруге, өтініш жіберуге, мобильді кеңсеге жүгінуге, төлемге ұсынылған құжаттарды алдын ала тексеруге болады.
Салымшылар зейнетақы туралы осы мәселелер бойынша кеңес алу үшін БЖЗҚ Байланыс орталығының 1418 тегін нөміріне хабарласа алады.
Бұдан бөлек, «БЖЗҚ» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрмановтың жеке блогы бар. Мұнда салымшылар сұрақтарды тікелей басшылыққа қойып, жауап алу мүмкіндігіне ие. Сонымен бірге +7 777 000 1418 What’s арp нөмірі арқылы Қор маманына да жүгініп, қажетті ақпаратты алуға болады. Бұдан бөлек Telegram-bot көмегімен шағын үзіндіні алып, оны электронды поштаңызға жолдай аласыз. Бұл сервис арқылы Жеке кабинеттегі құпия сөзді қалпына келтіріп, Қордың ағымдағы көрсеткіштерімен танысып, өзекті жаңалықтардан хабардар боласыз, сондай-ақ өзіңізге жақын бөлімшені де табуға болады. Бұл уақытты үнемдеп қана қоймай, жастарды салымшылар қатарына тартуға мүмкіндік береді.
Қордың әрбір өңірлік филиалында өзіне-өзі қызмет көрсететін 18 терминал орнатылған. Олардан жеке зейнетақы шоты бойынша үзінді көшірме алу, шоттың бар-жоғы туралы анықтама алу, 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектік мерзімсіз болып белгіленуіне байланысты зейнетақы алуға өтініш беру, деректемелер мен ақпарат алу тәсілін өзгерту, берілген өтінімнің мәртебесін бақылау, зейнетақы шартының телнұсқасын алу қызметтері қарастырылған.
– Қызметкерлердің жасы, білімі, біліктілігі қандай? Олардың біліктіліктерін қалай арттырасыздар?
– Біздің мекемеде көбінесе экономика немесе заң саласында жоғары білімі бар 24-55 жас аралығындағы қызметкерлер жұмыс істейді. Біліктілікті арттыру мақсатында апта сайын ішінара оқу жұмыстары, Орталық аппаратпен қашықтықтан вебинарлар өткізіледі. Сондай-ақ жыл сайын әрбір филиалға біліктілікті дамытуға көмектесетін кәсіби маман жіберіледі.
– Түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін қызметкерлеріңіз ұйымдар мен кәсіпорындарға барады ма? Жыл басынан бастап неше рет барды?
– Әрбір филиалда Барып қызмет көрсету бөлімі жұмыс істейді. Олар еліміздің барлық аумақтарында кеңседе және кеңседен тыс қызмет көрсетеді. Зейнетақымен қамсыздандыру жағынан халықтың қаржылық-құқықтық сауаттылығын дамыту мақсатында ақпараттық түсіндіру және оларды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту жұмыстарын жүргізеді. Осы жылдың 10 айы ішінде әр түрлі ұйымдарда 989 көшпелі таныстырылым өткізілді. Бұл шараға 24 325 адам қатысты.
– Адамдарды көбінесе қандай мәселелер толғандырады?
– Азаматтар зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты негізінен «Зейнетақы жинақтарын зейнеткерлік жасқа жеткенше дейін қолдануға болады ма?», «Болашақ зейнетақыны қалай есептейді?», «Зейнетақы жинақтарының көлемін қалай арттыруға болады?», «Ерікті жарналардың артықшылықтары қандай?» деген сұрақтар қояды.
– Азаматтарды, оның ішінде жастарды зейнетақы жүйесіне тарту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Меніңше, оқу орындарының оқушыларына ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізумен қатар, жас мамандарды жұмысқа қабылдағанда, жұмыс берушінің жауапкершілігін арттыру қажет. Яғни, ресми түрде еңбек шартын жасаған кезде, міндетті зейнетақы жарналарын аударуды міндеттеу керек. «Қара касса» дегенді алып тастау қажет. Бұл шаралар жастардың болашақ зейнетақысына оң септігін тигізеді.
– Филиалда неше салымшы бар? Олардың зейнетақы жинақтарының көлемі қанша? Өткен жылмен салыстырғанда өсім бар ма?
– Қордың Ақмола облыстық филиалында МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 325 миллиард теңгеден асатын 387,7 мың шот бар. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда ЖЗШ көлемі 3 пайызға, ал зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 17 пайызға өсті.
– Зейнетақы жарнасын төлемейтіндермен қалай жұмыс істейсіздер?
– Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңның 28-бабына сәйкес, іс жүзінде төленген және жұмыскер кіріс алған жағдайда, агент уақытылы ұстап қалмаған (есепке жазбаған) және (немесе) аудармаған міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе агент оларды уәкілетті орган белгілеген қайта қаржыландырудың 1,25 еселенген ресми мөлшерлемесі мөлшерінде мерзімі өткен әрбір күн үшін (Мемлекеттік корпорацияға төлеу күнін қоса алғанда) есепке жазылған өсімпұлмен бірге міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, өздерінің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленетін жұмыскерлердің пайдасына аударуға тиіс.
МЗЖ, МКЗЖ бойынша қарыздар төленбеген жағдайда мемлекеттік кірістер органы банк шоттары мен кассаның шығыс операцияларын тоқтатады.
Мемлекеттік кірістер органдары қарыз туындаған күннен бастап алты айдан астам уақыт МЗЖ, МКЗЖ бо-
йынша қарыздарын төлемеген агенттер (сәйкестендіру нөмірі, басшының аты-жөнін, қарыз көлемі) тізімін БАҚ-та жариялайды.
– Зейнетақы аударымдары мұрагерлікпен өтеді ме?
– ЖЗШ-да жиналған ақша салымшының (алушының) меншігі болып табылады және Қорда мерзімсіз сақталады.
Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңның 31-ші, 32-ші, 33-ші баптарына сәйкес, зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның жинақ ақшасы өсиет бойынша және зейнетақы заңнамасында белгіленген тәртіппен мұрагерлерге беріледі.
– Әңгімеңізге рахмет.

Елена СОКОЛОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар