Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Туберкулезбен ауыратындар азайды дегенмен... - АРҚА АЖАРЫ

Туберкулезбен ауыратындар азайды дегенмен…

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы Қоңыратбек Құрманбаев атындағы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде «Тұрғындарды туберкулез туралы ақпараттандыру. 2018-2019 жылдарда жүргізілген жұмыстар есебі» атты тақырыпта баспасөз-мәслихаты болып өтті. Оған диспансердің бас дәрігері Қасымжан Ташметов, Ақмола облысы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов, жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы орталығының бас дәрігері Құрманбек Бұрмағанов және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазіргі таңда туберкулез ауруы әлем бойынша өзекті мәселелердің бірі болып қалып отыр. Осы орайда, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр мемлекеттің алдына үлкен мақсат қойып, тапсырма берген. Ол дегеніміз, 2020-2025 жылдар аралығында атқарылатын қызметтер және ол қызметтердің нәтижесі. 2020 жылға дейін бізде жүз мың адамға шаққанда туберкулез ауруына алғаш рет шалдыққандардың саны 50-ден аспау керек. 2025 жылы туберкулез ауруының таралу көрсеткіштері жүз мың адамға шаққанда 50-ден аспау керек. Осы 2025-2035 жылдар аралығында аталған аурудан өлім-жітім саны болмауы тиіс. Міне, біздің еліміздің алға қойылған мақсаттарының бірі осы. Диспансердің бас дәрігері Қасымжан Ташметовтың айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін 2016-2030 жылдарға арналған денсаулық бағдарламасы бар екен.
–Елімізде туберкулезді жеңуге, жоюға үлкен мүмкіншілік бар. Біздің облысымызда да туберкулезді уақытында анықтап, диаг-
ноз қою үшін үлкен мүмкіншіліктер туып отыр, оның бірі адам ағзасындағы туберкулез таяқшаларын табуға арналған аппараттар. Айтып өтейін, Целиноград, Жарқайың, Атбасар, Ерейментау аудандары мен Степногорск, Көкшетау қалаларында осындай аппараттар бар. Бұл екі-үш сағаттың ішінде адам ағзасындағы туберкулез таяқшаларын анықтауға мүмкіндік береді. Екінші негізгі мәселелердің бірі туберкулез ауруларын емдеу үшін арнайы препараттармен уақытында қамтамасыз ету болып табылады. Бұл үшін біздің елімізде тегін әрі орталықтандырылған, республикалық бюджеттен әр өңірге аурудың санына қарай уақытында қажетті препараттар бөлініп отырады, – дейді ол.
Ақмола облысында 2019 жылдың 10 айындағы нәтижелері бойынша туберкулезге шалдыққандар 13,7 пайызға төмендеген, өлім-жітім 1,4 деңгейінде өзгеріссіз қалып отыр, ал аурудың таралуы 8,1 пайызға азайған. Туберкулез бағдарламасындағы басты бағыттардың бірі туберкулезді анықтап, дәрі-дәрмектерге төзімділікті белгілеп, тиісті емдеуді тағайындау болып табылады. Скринингтік тексерулердің арқасында туберкулезбен ауыратын науқастардың 70 пайыздан астамында ауруды бастапқы сатысында анықтауға мүмкіндік бар. Ұлттық орталық пен Ғаламдық қордың қолдауының арқасында 2011 жылдан бастап жедел түрдегі туберкулезді диагностикалаудың заманауи әдістері енгізіліпті. Соның нәтижесінде диагностикалық іс-шаралар 3 айдан 2 сағатқа дейінгі уақытқа қысқартылған.
Қазақстан туберкулезбен ауыратын науқастардың емделуіне ақысыз қол жеткізуді қамтамасыз еткен санаулы елдердің бірі болып табылады. Статистикаға сәйкес, соңғы 5 жыл ішінде облыста орта және ірі бизнес құрылымдарының қызметкерлері арасында өндіріс қарқынының төмендеуіне әсер ететін туберкулез инфекциясымен ауыратындар тіркелмеген.
Қазіргі кезде заман талабына байланысты туберкулезбен алғаш рет ауырған адамды, ол туберкулез бактериясын бөлмейтін болса, амбулаторлық жағдайда емдеуге мүмкіншілік бар екен. Жаңадан ауырған адам қоршаған ортаға, өзі араласқан адамдарына қауіптілігі болмаса, ол адамды үй жағдайында емдеуге болады. Олар жергілікті жердегі ауруханаға барып дәрі-дәрмегін алып отырады. Науқастарға қолайлы жағдай жасау үшін дәрігерлер смартфон арқылы күнделікті аурудың дәрі қабылдауын қадағалай алады. Осындай тәсілмен қазір 170-тен аса адам үйінде отырып, күнделікті дәрілерін қабылдауда екен.
Соңғы 10 жылдың ішінде біздің өңірімізде жаңадан ауырғандардың саны жүз адамға шаққанда 2,7 пайызға азайған. Туберкулезден өлім-жітім көрсеткіші 4,6 пайызға азайыпты. Ал, жасөспірімдер арасында 8 жасөспірімнің науқастанғаны анықталса, балалардың арасында 13-і тіркелген.
Жалпы аумақтағы аудандарда аурулардың саны бақыланып отырады. Биылғы үшінші тоқсанда жеті ауданда аурудың саны көбейіп кеткен. Олар: Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Егіндікөл, Жарқайың, Қорғалжын және Сандықтау аудандары.
Статистика бойынша туберкулезбен ауыратындар көбіне жұмыссыз адамдар арасында болатындығы анықталып отыр. Жаңа ауырғандар арасында 110-121 адам жұмыссыз болса, қайталап ауырғандар арасында жұмыссыз, үй-күйсіз жүргендер 18 пайызды құрайды.
–Осының барлығы біздің елімізде жасалып жатқан іс-шаралар мен осыған бөлінген қаржы зая кеткендігін көрсетеді. Себебі, ауруханадан шыққан науқас ем қабылдап болғаннан кейін былайша айтқанда, ішетін тамағы, не киетін киімі жоқ, дала кезіп, басқа баратын жері болмай, қайтадан ауырып бізге түседі. Екіншіден осы жұқпаның таралуына әсер етеді, – дейді диспансердің бас дәрігері Қасымжан Ташметов.
Ал, балалардың арасындағы профилактикалық жұмыстардың бірі БЦЖ вакцинасын пайдалану болып саналады. Бала дүниеге келгеннен бастап алғашқы төрт күнде осы БЦЖ вакцинасын алуы керек. Ол туберкулезге баланың шалдықпауына бірден-бір тікелей көмек көрсететін, баланың денсаулығын қорғайтын екпе. Мысалға, біздің облысымызда 10 айдың ішінде 9495 сәби дүниеге келсе, соның ішінде 97 пайызы осы вакцинаны алған. Вакцина алудан бас тартқандардың саны 137 болып отыр.
Сонымен қатар, жиында жалпы медицина саласы бойынша мамандар жетіспейтіндігі айтылып, осы жағына көңіл бөлу керектігі сөз болды.
Жалпы, баспасөз мәслихатында аудандармен онлайн түрде бейне байланыс орнатылып, аудандардың бас дәрігерлері мен фтизиатрлары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, экономика, полиция, аумақтық басқармалары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де осы шараның куәсі болды.

Айтолқын АМАНГЕЛДІ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар