«А.И.Бараев атындағы «Ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» серіктестігі ғалымдарының еңбегі жемісін берді.
Аталмыш орталық ғалымдары 2019 жылы шөптер бойынша, пайдалы модель және өнертапқыштыққа патенттер алды. Патенттер А.И.Бараев атындағы ауыл шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының зияткерлік меншігі, қызметкерлердің ғылыми жұмысының нәтижесі болып табылады. Патент – жаңашылдыққа, ерекшелікке, біртектілік пен тұрақтылыққа ие селекциялық жетістік.
Ғылыми жұмыс нәтижелерін пайдалану жаңа сұрыптар мен жаңа технологияларды игеру мен енгізудің ғылыми-өндірістік циклын іске асыру болып табылады.
Атап айтқанда, орталық «Коралл» құмдауыт эспарцеті, «Фермерский» қылтықсыз арпабасы , «Бриз» сұр бидайығы, «Ақ таң» түйежапырағы, «Ника» судандық шөбі, сондай-ақ астық, бұршақ және майлы дақылдар – «Думан» жаздық сұлысы, «Өріс» егістік бұршағы, «Өсіріс» жаздық рапсы, «Азот тыңайтқышын енгізе отырып жаздық бидайды өсірудің әдісі», «Азот тыңайтқышын енгізе отырып майлы зығырды өсірудің әдісі», «Өнімді ауыспалы егістерде майлы зығырды өсірудің әдісі», «Өнімді ауыспалы егістерде жаздық сұлыны өсірудің әдісі» бойынша селекциялық жетістіктерге патент алды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.