Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Басына іс түскеннен «пайда» тауып... - АРҚА АЖАРЫ

Басына іс түскеннен «пайда» тауып…

Соңғы жылдарда тәртібі нашар, арнайы есепте тұрған балаларды түзеу мекемелеріне саяхатқа апару тәжірибесі әр өңірден көрініс беріп жүр. Оның жағымды нәтижесі де анық байқалуда. Түрлі себептермен бұзақылыққа салынған балалар түрмені, ондағы темірдей тәртіпті өз көздерімен көрген соң бойларын қорқыныш билеп, жаман әдеттен бас тарта бастайды екен.

Бұзақы балаларға әсер еткен бұл жай дегенмен, түзеу мекемесінде жұмыс істейтін, ондағы жағдайды күнделікті көзімен көріп, көкірегімен сезініп жүрген ЕЦ-166/26 мекемесінің бұрынғы аға жедел уәкілі У. деген азаматқа еш әсерін тигізе алмапты. Орда бұзар отыз жасқа енді толған түзеу мекемесінің аға жедел уәкілі қызмет бабын пайдаланып, пара алғандығы үшін сотты болып, бас бостандығынан айырылды.
Оқиға осыдан үш жыл бұрын, 2016 жылдың қараша айында басталған. Сол тұста түзеу мекемесіне әкелінген алғаш рет жазасын өтейтін С. деген азамат аға жедел уәкілге келіп, күтпеген ұсыныс білдіреді. Түрмеге бұрын түсіп көрмеген адам үшін оның не нәрсе екендігі, өзін нендей жайлардың күтіп тұрғандығы беймәлім болатыны түсінікті. Арзанқол кинолар мен детектив шығармаларда түрме туралы, оның ішіндегі ұрылардың өз заңы жайында алыпқашты аңыз әңгімелер аз айтылмайды. Мемлекеттің заңымен емес, ұрылардың заңымен өмір сүретін түзеу мекемелерінде заңды білмегені үшін шалыс басып, опық жейтіндер, тіпті өмірмен қоштасып жататындар да көп болады екен дейтін алыпқашты әңгімелер аз емес. Осылардың бәрі жаңа сотталып, түрмені алғаш көрген адамға психологиялық кері әсерін тигізетіні белгілі.
Ағат басып, сотты болған С.-да түрмеге келген кезде сондай қорқынышты бастан кешкен болуы керек, аға жедел уәкілге кіріп, өзін түрмеде қалай ұстауы керектігі, түрменің тәртібі жайында ақыл-кеңес сұрайды. Бұндай жағдайда мемлекеттік қызметші ретінде аға жедел уәкіл түзеу мекемесіндегі заң шеңберіндегі тәртіп пен ереже туралы айтып, түсіндіруі қажет еді. Бірақ та, көңіліне арам пиғыл кірген офицер жазасын алғаш өтеуге келген азаматтың аңғалдығын пайдаланып, ақша тапқысы келеді. Сөйтіп ол түрмеде ұрылар заңы болатынын, абайламаса оп-оңай құрып кетуі мүмкіндігін айтып, онсыз да бойын қорқыныш билеген адамның үрейін ала түседі. Содан кейін, егер бұған белгілі сомада ақы төлеп отырса, өз қамқорлығына алып, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай» жазасын мерзімінен бұрын өтеп шығуына қажетті барлық жағдайды жасайтынын айтып сендіреді. Қорқынышқа бой алдырған С.-ның аға жедел уәкілдің дегеніне көнуден басқа лажы қалмайды.
Міне, сол кезден бастап, С.-ның әйелі күйеуінің айтуымен аға жедел уәкілдің картасына ай сайын белгілі сомада ақша аударып тұратын болады. Осылайша бұл соманың көлемі 574500 теңгеге жеткен. Дегенмен де, С.-ның әйелі ай сайын дөңгеленген соманы не үшін беретінін түсінгісі келіп, заңгерлерден кеңес сұрап көреді. Осылайша ол түрме қызметкерінің күйеуін текке алдап, ақшасын алаяқтықпен алып жүргенін біледі. Содан кейін-ақ құқық органдарына шағымданып, аға жедел уәкілдің үстінен қылмыстық іс қозғалады. Алғашында ақша алғанын мойындаған У. бірақ та, іс сотқа келгенде «мен тергеушілердің қысымымен амалсыз мойындаған едім, шындығында жазықсызбын» деп алғашқы көрсетуінен бас тартады. Осыған орай, сот барысында түзеу мекемесі қызметкерінің кінәсін мойнына қою күрделі жағдайда өтті және біраз қиындық туғызды. Десе де, нақты айғақтармен, куәлармен негізделген іс мәресіне жетіп, түзеу мекемесінің бұрынғы қызметкері бас бостандығынан айырылды, оған қоса алған ақшасын түгел қайтаратын болды, сонымен бірге, мемлекеттік жауапты қызмет атқару құқығынан да айырылды. Осылайша оңай жолмен олжа тапқысы келген отыздағы азамат біраз жылын түзеу мекемесінде өткізетін болды.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар