Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бір үзім нан - АРҚА АЖАРЫ

Бір үзім нан

«Арқа ажарының» 2019 жылдың 15 қазан күнгі санында Ұлмекен Тыныштыққызының «Ортаңызға ой тастадым» айдарымен жарияланған «Нан қоқымын кім жесе, сол бай болады» дейтін сөздің астарында ұлттық тәрбие жатыр екен-ау!» атты мақаласын оқи отырып, осыған орай өз ойымды білдірсем артық болмас деп қолыма қалам алдым.

Нан! Үш әріптен ғана тұратын осы бір сөзде нендей құдірет бар? Бірде мен қарт адамның жастар жайлы: «Бұлар нан қадірін қайдан білсін, анасының ақ сүтінен айырылысымен ауыздарынан ақ нан кеткен жоқ. Сонау ашаршылық жылдарының азабын арқалаған мына біздер болмасақ…» дегенін естідім. Қарт сөзінде шындық бар шығар. Барша жастар атынан арашаға түсе алмаймын. Өзім де қарттықтың табалдырығын аттадым. Нан қадірін, бір үзім нанның қасиетін білемін.
Білемін дейтінім… Мен жарғақ құлағы жастыққа тимей, таңның атысы – күннің батысы бел шешпей дала төсінде жүріп, жер емген егіншінің әулетіненмін.
Білемін дейтінім… Диқан әкеммен бірге таңнан тұрып, самал желмен тербетілген тың төскейіндегі алтын масақтарды қызықтадым. Қызықтадым да, осы алтын дән өсіруге үлес қосуды өзіме мақсат тұттым. Қазір бұрынғыдай мойнына дән салған қап асып, шала-шарпы жыртылған жерге қолмен дән себетін заман емес. Қуатты, сан-алуан техниканың күшімен әр дақылды өзіндік агротехникасына сай сеуіп, күтіп-баптау керек. Дән баққа емес – бапқа өседі ғой. Сондықтан да, арнайы білім қажет.
Білемін дейтінім… Алтын дәннің бар құпиясын жетік біліп, аялап өсіруге арнайы жоғары білім алып шықтым. Сөйтіп, еңбек жолымды агрономдықтан бастадым.
Білемін дейтінім… Диқанның маңдайынан тамған тер тамшысын көрдім. Ащы еңбектен тәтті нан шығады.
Білемін дейтінім… Үлкендеріміз «Наның бір үзімі түгіл қоқымын да қоқысқа тастауға болмайды, обал болады. Ал қоқымын жеген адам бай болады» – деп құлағымызға құйды ғой. Ұлмекен қарындасымыз жазғандай бұл сөздің астарында шынында да ұлттық тәрбие жатыр.
Нан! «Артықсың сен алтыннан, айналдым мен, сені өсірген халқымнан», деп ақын айтса айтқандай.
Тағы бір айтайын дегенім, неге «мыжыма» дегенін білмеймін, шешеміз табадан жаңа түскен ыстық нанды шетінен үзіп-үзіп, сары майға араластырып алдыңа қойғанда бір тоқшылық пайда болушы еді. Өткенде Ақкөл ауданында іссапармен болып бір кәсіпкер азаматпен кездескенде сөзден сөз шығып: «Жақында анам 90-ға келмекші, анама бір тосын сый жасамақшымын. Анам бізге әрқашан нанды шоқтың астындағы шойын табаға пісіретін. Ыстық нанды сары майға батырып жегенім есімнен кетпейді. Сол күні шешеме өзінің сол ыстық таба нанын алдына тартпақпын. Бір шойын табаға заказ бердім» – деді. Міне, бұл алдымен анаға құрмет, сосын дәмі осы уақытқа дейін аузыңнан кетпейтін «мыжымаға» құрмет!
Алтын алқаптағы дән теңізінің самал желмен тербелгенін көргенде көз алдыңа сом тұлғалы, күсті алақандарында алтын дән табы бар диқанды әкелесің. Ерлік ісіне сүйсінесің. Еңбегін бар әлемге паш еткің келеді. Өйткені, ол әр дәннің қадір-қасиетін жанымен, тәнімен ұғып, мәпелеп өсіріп жүр.
«Нанды алтынмен теңеуге болмайды. Нанға баға жоқ» – дейді. Шындығында да солай. «Арпа, бидай ас екен, алтын, күміс тас екен», – деген жоқ па халық!? Ал, осы бір үзім нан қадірін білмейтіндер де бар ғой арамызда. Көбіне қалада, үлкен елді мекендерде нанның орынсыз пайдаланғанын көргенде көңілің құлазып қалады. Асханаларда, көпшілік орындарында нанның аяқ астында жатқанын көріп жүрміз. Оны көтеруге көптің мойыны жар бермейді. Осы бір көріністі ақынның көреген көзі қалт жібермей:
Бір түйір нан жатты столдың астында,
Бір түйір нан құны талай жастың да.
Сол нан үшін кімдер құрбан болмады,
Ағарғаны сол ғой, мына бастың да.
Тоқтықта ол көрінбейді сірә да,
Әркім аттап барады өтіп, сұрама.
Бір түйір нан байқалмады у-шумен,
Жұрт таласып жатты күрең сыраға,–
деп шындықты жазады.
Бір үзім нанның адам баласы үшін қаншама қымбат екенін құлаш-құлаш жазсаң да жеткізу қиын.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес еліміздің мерекелер тізбесі тағы бір жаңа мерекемен – қазан айына келетін Дүниежүзілік Нан күнімен толықты. Бұл мереке 2006 жылы пайда болған екен. Оған Бейкер кондитершілерінің халықаралық одағы ұйымы бастамашы болыпты. Міне, сөйтіп нанның қадірін әлем қастерлеп отырғанының куәсі болдық.
Бұл мерекенің артынша қараша айының үшінші жексенбісі – нанмен тікелей байланысты Ауыл шаруашылығы қызметкелерінің күні. Облысымыздың ауыл шаруашылығы қызметкерлерін, диқандары мен малшыларын айтулы кәсіби мерекемен құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат, отбастарына береке-бірлік тілеу дәстүрі 2019 жылы да жалғасты. Сонда бір үзім нанның құдіреті тағы да ойға оралды.
Совет БАЛТАБАЙ,
Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы, ауыл шаруашылығының еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар