әдебиетші Ү.Субханбердинаның қисса-дастандарды жинаудағы еңбегі жайлы
Ой-парасатымыздың өткендегі хал-қадірін, халқымыздың эстетикалық түсінік-түйсік деңгейін танытатын, оның бай ауыз әдебиетінің ғажайып нұсқаларымен егіздің екі сыңарындай бірге өсіп, біте қайнаған, сюжеті барша мұсылман әлеміне ортақ болғанымен, қазақ топырағында қайта түлеп, қайта жаңғырған қисса аталатын қисапсыз мол дүние, рухани байлық бар, соның ең бір өзекті саласы – ғашықтық дастандар.
Әуелде аңыз, әңгіме, ертегі түрінде қазақ сахарасының қиыры мен түпкірін аралап, кейін халқымыздың санасынан мықтап орын тепкен сюжеті небір шытырман оқиғаға толы, кейін жазба әдебиет өкілдерінің қолынан дүркін-дүркін қайта өңделіп, қайта айтылып келген жыршылық өнердің осы жиһаздары жазу-сызудың қазақ арасында біршама өрістеген кезеңі өткен ғасырдың бас тұсынан бастап кітап боп басылып шыға бастаған-ды.
Қазандағы университет және Домбровский баспаларынан төңкерістің алдындағы жылдарға дейін жарияланып келген ғашықтық жырлар бұл күнде ірі кітапханаларда там-тұмдап қана кездесетін, ел-жұрттың көбінің қолына тие бермейтін ділгірлікке айналды. Қадіріне жете, жыға танып бағаламаушылық салдарынан, көпке дейін назардан тыс, елеусіз келген өткендегі әдебиетіміздің осы бір ірі саласының шығармаларын іздеп тауып жария ету – кейінгі жылдардың төңірегінде ғана назарға алына бастаған жұмыс.
«Ғылым» баспасынан жарық көрген «Ғашықтық дастандар» деп аталатын жинақ осыдан бұрын «Ғашық-наме» (1976), «Қисса – дас-
тандар» (1986) деген атпен басылып шыққан кітаптардың заңды жалғасы есепті. Осы үш кітаптың үшеуін де құрастырған, бұл күнде мүлдем сирек ұшырасатын дүниелікке айналған қиссаларды әр жерден, әр тараптан іздестіріп тауып, оларды араб үлгілі жазбамыздан қазіргі жазуымызға түсіріп, бәріне ғылыми талдау жасап, түсініктеме берген – зерттеуші Үшкілтай Субханбердина.
… Баспа жүзін көрсе көріп, көрмесе көре алмай ел аузында жатқа жырланып, я біреуден біреу алып, көшіріп дегендейін қазақ арасына кең тараған қиссалар, дастандар, жырлар бұрын аса көп болған. Олардың біздің дәуірімізге келіп жеткендері де, жетпегендері де бар. Осыларды іздеп тауып, сұрыптап, олардың әлеуметтік, көркемдік-идеялық мән-мазмұнын ғылыми ой елегінен өткізіп, оқырман қауымның, әдебиет, тіл зерттеушілердің игілігіне айналдыруда ғалым Ү.Субханбердинаның еңбегі зор.
«Ғашық-наме» жинағына қазақ халқы арасына кеңінен тараған «Бозжігіт», «Сейфулмәлік», «Таһир-Зуһра», «Жүсіп-Зылиха», «Мұңлық-Зарлық» деп аталатын қиссалар енген. Бұлардың оқиғалық, сюжеттік түп-тамыры мен желілері Шығыс елдерінен, соның ішінде араб, парсы, үнді халықтарының әдебиетінен бастау алғаны белгілі десек те, өлеңмен өрнектеліп жырлануы қазақ халқына тән сыбаға, сүбелі үлес екені ақиқат. Бұл жайында жинақты құрастырушы филология ғылымдарының кандидаты Ү.Субханбердина жазған алғы сөзде қысқа да болса құнарлы айтылған.
Осы алғы сөзді оқып отырғанда, сондай-ақ әрбір қиссаға арналған жеке-жеке ғылыми түсініктемелерді зер сала қарағанда құрастырушы Ү.Субханбердинаның қаншама ізденгені, еңбектенгені анық көрінеді. Жинақтағы әрбір қиссаның шығу тегі, тарихы, елге тарау жолдары туралы көкірекке ұялап, көңілге қона кетер, білік-түсінігіңді молайтар қаншама дерек, мәліметтер бар. Ал, қазіргі қазақ тілінде сирек қолданылатын сөздерге және кейбір жер аттарына түсіндірме берілуі қиын, әрі игілікті іс.
Бұл жөнінде шығыстанушы Өтеген Күмісбаев: «Таким образом, «Гашик-наме» – сборник лира эпических казахских поэм на восточные сюжеты – один из первых шагов в области исследования литературных отношений между казахской, с одной стороны, и арабо-персидской и таджикской литературами, с другой. Гуманизм, добрата, справедливость, борьба против темных сил зла были главными лейтмотивами этих произведений».
Мысалы, бір ғана «Бозжігіт» қазақ арасына 1874-1911 жылдар аралығында 12 рет баспа бетін көріп, мол таралса да, күні бүгінге дейін ол жайлы даулы пікірлер толастаған жоқ. Сонау көне дәуірдегі Дешті Қыпшақтан басталған, кейін қазақ, татар, өзбек халықтарына сюжеті ортақ «Бозжігіт» дастанының бір ерекшелігі жырдағы қарт жыраудың Бозжігіттің әкесіне баласының қайғылы қазасын естіртуі көңіл айту үлгісінде берілген:
Мінген аттан ер қалар,
Тапқан ерден мал қалар
Ер басына күн туса,
Сүйгенінен жар қалар.
Ер басына күн туса,
Дүниенің бәрі жоқ болар.
Ғалымдардан хат қалар,
Ұсталардан зат қалар.
Ойлап тұрсаң, жақсылар,
Бұл жалғаннан кім қалар?..
Осы нұсқаның қай бетін ашсаң да, жырдың негізгі арқауы – махаббат. Бозжігіт пен Қарашаштың сүйіспеншілігі оқиғаның өзіне тән ерекшелігімен баяндалады. Шығарманың көркемділігімен қоса композициялық сюжет құраудағы басты ерекшелігі сол, жыршы оны бір әуенмен емес, әр түрлі мақамға салып айтқан. Онда – ұйғыр, өзбек халықтарында көп қолданылған өлең өрнектеріне баса назар аударылған. Зерттеуші Ү.Субханбердина бір ғана «Бозжігіт» қиссасының жазылу ерекшеліктеріне тоқтай отырып, осы іспеттес шығармалардың XIX ғасырда Уфа, Қазан, Ташкент, Орынбор қалаларында пайда болуына сәйкес, осы дастандарды баспа орындарына ұсынған «кітаби» ақындардың елеулі еңбек еткенін, адал махаббат, адамгершілік, еркіндік пен азаттық, достық пен туысқандықты насихаттағанын айтады. Бұл шығармалардың негізгі мазмұнынан феодалдық замандағы әлеуметтік өмір шындығын, тарихи кезеңдердің сыр-сипаты мен Шығыстың бай ауыз әдебиетінде сақталған ата дәстүрін, әр хиссаны жырлаудағы жыршының стиль ерекшелігін, философияның ой қорытуы мен айшықты образ, бейнелі теңеулерді оқимыз.
Біз дарияның гауһары,
Сіз теңіздің жауһары.
Бір меруерт, бірі маржан
Тізіліп тұр, жар-жар.
Ішім мұзға толған соң,
Жібіп кәусар болмас ол.
Осы тектес эпитет, теңеулермен қатар, араб, парсы жұртынан енген небір тамаша сөз жауһарларымен қоса, бұл хиссаларда діни ұғым, шектен тыс қиял теңізіне сүңгу секілді нәсілдік, ұлттық сарындар да байқалады.
Тағы бірде « Бозжігіт» дастанын оқи келе тамылжыған тілінен қазақ ауыз әдебиетінің үлгі-өнегесіне ұқсастықты байқаймыз:
Түйе келіп боздаса,
Ботасы оның жоқ шығар.
Бота көзді Бозжігіт
Бұл ойында жоқ шығар,
Құлын көзді Бозжігіт
Бұл ойында жоқ шығар…
Келмес жолға кеткен ол,
Бұл пәниден өткен ол.
Бұл шумақтар мал баққан халықтың тұрмыс салтын аңғартса, Шығыстан келіп қазақ топырағына сіңісіп кеткен «Мұңлық-Зарлық» дастаны да ауыз әдебиетіміздің әсем ою-өрнегімен әрленген. Мұның өзі «Мұңлық-Зарлықты» қазақтың төл туындысы етіп тұрғандығын да ғалым Ү.Субханбердина атап өтеді:
Қарсақ жортпас қалыңнан,
Қарғып кетіп барады.
Түлкі жортпас түлейден,
Түнде кетіп барады.
Жапалақ ұшпас жапаннан,
Жалғыз кетіп барады.
Дастан осындай керемет көрікті жыр шумағына толы.
Жалпы шығыс тақырыбына жазылған қазақ дастандары ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан аса құнды мұралар. Олардың көбінің сюжеті «Шаһ-наме», «Мың бір күн», « Қамила мен Димна», «Тоты-наме», «Жүсіп-Зылиха», «Ләйлі-Мәжнүн», «Бозжігіт», «Сейфулмәлік» сияқты классикалық туындылардан алынған. Махаббат пен ерлік қоса өрілген осы аталған дастандар тақырыптық, идеялық жағынан болсын, оқиғаны суреттеуі, көркемдік ерекшеліктері жөнінен болсын қазақ халқының ауыз әдебиет нұсқаларымен орайласып, үйлесіп жатады.
Сондықтан ғалым Ү.Субханбердина Шығыс тақырыбына жазылған қисса-дастандарды, алдымен батырлық және ғашықтық дастандар деп бөліп алып, ондағы сюжеттерін, тақырыптық-идеялық жақтарын, оқиғаны суреттеулерін, көркемдік ерекшеліктерін қазақ халқының ауыз әдебиетімен үндестіре зерттеген. Қисса-дастандарды сұрыптай келе Ү.Субханбердина ең сәтті деген нұсқаларды жинақтап, ең алғаш 1976 жылы «Ғашық-наме» деген атаумен, кейіннен 1994 жылы «Ғашықтық дастандар» және 1995 жылы «Батырлық дастандар» жинағын құрастырды.
Гүлнәз БӨКЕН,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің докторанты, жас әдебиетші.