Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мамандығы – судья - АРҚА АЖАРЫ

Мамандығы – судья

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан», – деп ұлы Абай айтқандай, өмірден өз орнын тауып, жаны қалаған іспен айналысу және қоғамға, елге пайдалы жұмыс атқару – екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақыт болса керек. Бұл әсіресе, қазіргі нарық жағдайында маңызды болып тұр. Бүгінде көңілі қаламаса да, тіпті халыққа, елге онша көп пайдасы тиіп жатпаса да ақша үшін жұмыс істеп жатқандар аз ба. Мол ақша табамын деген үмітпен шет ел асып, жат елде қара жұмыс істеп жатқан дипломды мамандарымыз жетерлік.

Міне, сондайларға қарап отырып, таяуда ғана 70 жасқа толған, өмірінің 28 жылын сот саласына арнаған еңбек ардагері, отставкадағы судья Балуан Нұрғалиұлы Махметовтың халыққа, елге сіңірген еңбегі өзгелерге үлгі болуға тұрарлық-ау деп ойлайсың.
Өмір жолы биікке бастайтын тақтайдай тегіс деп ойлайтындар өмірді білмейтін, тірліктен аулақ жандар. Кедергісіз, қиындықсыз бақытты өмір тек кітап пен кинода ғана болады. Ал шынайы өмірде бәрі де басқаша. Балуан Нұрғалиұлының өмірі де сондай қиындықтар мен ауыртпалықтарға толы болған еді. Солтүстік Қазақстан облысына қарасты бұрынғы Сергеевка, қазіргі Шал ауданындағы Жаңажол ауылында дүниеге келген ол бала кезінен қиындық пен жоқшылықты көп көрді. Әкесі Нұрғали Махметов Ұлы Отан соғысының мүгедегі еді. Отбасында үш ұл, екі қыз болды. Мүгедек әкеге қараған көп балалы отбасы тұрмыстың тауқыметін тартып өсті. Балалардың үлкені болған Балуан еңбекке ерте араласты. 1965 жылы мектеп бітірмей жатып ол «Бұлақ» кеңшарының жұмысшысы болып, еңбек жолын бастады. 1968 жылы кешкі мектепті бітірген жігіт сол жылы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.
1970 жылы әскерден келген жігіт туған ауылында тракторшы болып еңбек жолын одан әрі жалғастырды. Жиырмадан асқан кешкі мектепті бітірген, тракторшы жігіттің болашағы ауылда қарапайым еңбек адамдарының ортасында өтетініне айналасындағылар күмәнсіз сенген. Десе де, көкірегіне асқақ армандарын сақтаған жас болашақ тағдырын өз қолымен жасады. Іні-қарындастары ер жетіп, отбасы жағдайы дұрысталған уақыт еді. 1971 жылы жазда ол Алматыға аттанды. Өмірі көрмеген бөтен қала, бөтен орта. Әскерде болып, ауылда жұмыс істеп, өмір тәжірибесінен өткен жігіт республикадағы ең үлкен оқу орны – ҚазМУ-дің заң факультетіне құжат тапсырды. Заңгер болсақ деп армандайтындар ол кезде өте көп болатын. Содан болар, оқуға түсу конкурсы өте қатты болды. Бірақ оқуға жәй албырт көңіл-күйдің әуенімен емес, ұзақ жылдар бойы көкірегіне пісірген мақсат-жоспарларының ықпалымен келген жігіт жүзден жүйрік шығып, оқуға түсті.
Оның Алматыда қалуына әбден болатын еді. Ол үшін қажетті сылтаулар да дайын болатын. Ет комбинаты оған жайлы пәтер берді. Бұл кезде мәңгілік жары – Светлана Сәрсембаевамен кездесіп, отау құрған болатын. Үйің, отбасың, ақырсында өзіңді құрметтейтін еңбек ұжымың болса – одан артық не керек? Көкжелек жамылған Алматы сияқты әдемі қалада қалуды армандайтын жастарға осы жайдың өзі әбден жеткілікті негіз болары анық. Дегенмен, Балуан Нұрғалиұлы өмір алдына тартқан бұл игіліктерден түгел бас тартып, қысы қатал туып-өскен өңірі – солтүстікке аттанды. 1977 жылы университетті бітірген жас маман Целиноград облысының Атбасар ауданына келіп, адвокаттар алқасында адвокат болып қызметке кірісті. Кейінірек облыстық адвокаттар алқасына ауысты. Осы қызметте бес жыл еңбек еткен ол 1982 жылы Алексеев (қазіргі Ақкөл) аудандық халық сотының судьясы болып сайланды. Адвокаттық қызметте жүріп сот саласын жақсы біліп алған оған судьялық қызмет ауыр болған жоқ. Бірден істі дөңгелетіп әкетті.
Шалғай ауылда өскен, қазақ мектебін бітірген жігіттің ұзақ жылғы арманы осылайша жүзеге асып еді. Ол осы арманына жету үшін өмірдің талай сүрлеуі мен соқпақтарынан өтті, қиындықтарды жеңіп, ойына алған мақсатынан таймады. «Талаптыға нұр жауар» дегендей, ол ақыры өз мұратына жетті. ҚазМУ-дің заң факультетіне жетелеп әкелген де сол судья болу арманы болатын.
Балуан Нұрғалиұлы сот саласында 2010 жылға дейін, яғни, зейнет демалысына кеткенге дейін қызмет істеді. Аудандық соттың төрғалағына, облыстық соттың судьялығына шақырған кездер болды, бірақ мансап дегенді өмірлік мұраты етпеген ол қызметтен бас тартқан. Қалың ағаштың арасындағы Алексеев, қазіргі Ақкөл атанған шаһар оған туған жеріндей ыстық болып кеткен еді. Осы жерде өмірінің ең тамаша қызықты сәттері өтті. Содан болар, шақырған қызметтерге бармай, аудандық соттың судьясы болып табан аудармай ұзақ жылдар еңбек етті.
Қазір ойлап қараса, судьялық өмірінде талай жайлар өтіпті. Әттеген-ай деп өкінген сәттері де, көңілі қаламаған шешімдер шығарып, қиналған кездері де болды, бірақ ол ешқашан адалдықтың ақ жолынан тайған емес және заңды бәрінен биік қойып, міндетін әрдайым аяғына дейін адал орындау дағдысынан айнымады. Отставкадағы судьяны ешкім де теріс әрекет жасадың деп айыптай алмайды. Ол үшін ең басты жетістігі де – осы.
Айсұлу ЖҰМАТОВА,
Ақмола облысының кәмелетке толмағандардың істері
жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар