Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ білсін! - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ білсін!

Тұрмыс-салт дәстүрлері

Мүшел. Ертеде адамның жасы «мүшелмен» есептелген: бір мүшел – 13 жас, әрмен қарай әрбір мүшелден кейін 12 жыл қосылып отырады. Мысалы, 25 жас – екі мүшел, 37 жас – үшінші мүшел, 49 жас – төртінші мүшел, т.с.с. Бұрынғы адамдар жасын сұрағанда: «Менің жасым 5 мүшел және 2 жыл» деген, яғни, 63 жаста деген сөз. 7 мүшел – 85 жас. Әр мүшел өткен сайын адам бойында өзгерістер болып тұрады. Оны адамдар былай атаған: 1 мүшел – балалық шақ, 2 мүшел – жастық шақ, 3 мүшел – жетілу, 4 және 5 мүшел – даналық, әрмен қарай – қарттық.
Халық арасында мүшел жасында кездейсоқ қауіп-қатерден сақтану керек, ұзақ жолға, сапарға шығуға болмайды деген наным да бар. Бұл адамды сақтандыру белгісі болса керек-ті.
***
Тойбастар. Той өлеңмен, әнмен басталады. Бұл – «тойбастар» деп аталады. Той иесі «тойбастар» әнін айтқан ақынға құрмет көрсетіп, сыйлық берген. Ертеде Баймағамбет сұлтан Ақылқанкей сұлуға үйленгенде «тойбастарды» атақты ақын Шернияз айтқан екен.

Тойтарқар. Той біткен соң жұрт тарай бастайды. Сөйтіп, ел аяғы басылған сәтте тойда қызмет еткен адамдарға дастарқан жайылып, құрмет көрсетіледі. Той иелері оларға алғыстарын айтады. Тойтарқарға көрші-қолаң, ауылдастар түгел жиналады. Тойдың жақсы өтуі ауыл адамдарының ынтымақ-бірлігін, ұйымдастырушылық қабілеттерін паш етеді.
***
Топырақ шашу. Қазақтар аса ауыр қылмыс жасаған, ел-жұртын сатқан жексұрын адамдарды орталарынан қуып, онымен ат құйрығын кесіскен. Ауылдан біржола бездіріп жіберген олардың артынан топырақ шашқан. «Көзіңді жоғалт, елден кет!» – деп бетіне түкірген. Бұл қарғыс атулының ең ауыр түрі. Жайшылықта бұл туралы мүлдем сөз қозғамаған, себепсізден-себепсіз ауыздарына алмауға тырысқан.

***
Тізе бүгу. Қазақ дәстүрі бойынша біреудің үйіне кіргенде асығыс болып, отыра алмаған жағдайдың өзінде тізе бүгу керек. «Тізе бүгу» сол үйдің иелеріне деген құрметті танытады. Келген кісі тізе бүкпей шықса, үй иесі онысын көңіліне алып: «Тізеңді неге бүкпедің, біздің үйдің сиыры түрегеп тұрып бұзауласын дегенің бе?» – деп өкпелеген.
***
Туған жерге аунату. Туған ауылында ұзақ уақыт болмаған адам ел-жұртына келгенде, оны туған жердің көкмайса шөбіне аунатып-аунатып алған. Бұл негізінен ер адамдарға жасалған. «Туған жерге аунатудың» үлкен тәрбиелік мәні бар. Бұл туған жерді қастерлеу, естен шығармау керек деген сияқты қасиетті ұғымдармен астасып жатады. Туған жер сенің отаның, ол сенің әкең-шешең дейтініміз де сондықтан болса керек. Сондай-ақ, туған жердің асыл қасиеттері сенің бойыңа дарысын дегенді білдіреді екен. Ал, бұл өз кезегінде, осының бәрін өз көздерімен көріп тұрған жастарымызды отансүйгіштікке, туған жерді бағалай білуге тәрбиелейді емес пе!
***
Туырлығын тілу. «Туырлығын тілу» – өзара жауласқан адамдардың ортақ келісімге келе алмауынан туындайды, яғни, бір-бірінің туырлығын тіліп кетеді. Бұл өштесудің, ашық жауласудың белгісі. Мұның арты көп жағдайда кек алуға ұласып жатады.
***
Үй сынығы. Ер адамның үйленген әйелі бірінен соң бірі өле берсе, қайта үйлену оған ауыр да қиын болады. Көбіне адамдар өз қыздарын ондай адамға бергісі келмейді. Тіпті беретін болған күнде де одан «үй сынығын» сұрайды. Бұл дәстүрлі қалың малға үстеме сый-сияпат жасау деген сөз. Оның мөлшері қалың малдан кем болмайды. Құда түсушілер бұған келіспеске басқа лажы жоқ. Өйткені, әлденеше рет үйленген кісі жас жағынан қыздан көп үлкен болады ғой. Сондықтан бұл талап жас қыз үшін өте әділ шешім болып есептелген.
***
Шаң басты. Ертеде қазақ дәстүрі бойынша ауыл жанынан өткен жолаушы ішке кіріп сәлемдесіп кетпесе, ол адамға айып салынған. Ауыл ақсақалдары жүргіншіні сұрақтың астына алып, қатаң ескерту жасаған. Сондағы оның кінәсі – ежелден келе жатқан «шаң басты» дәстүрін, яғни, сәлемдесу салтын орындамағаны.
***
Шүлен тарту. Байлар мен билер тұрмыстары нашар жақын туыстары мен ауылдастарына үнемі қамқорлық жасап отырған. Бұл әсіресе, күзге қарай, жиын-терім кезінде кең етек алған. Қайырымдылық жасаушылар мұқтаж жандарға мал, ақша, тұрмыстық заттар, ас-ауқат берген. Мұны «шүлен тарату» деп атаған. Әрі бұны олар жақсы атану үшін емес, өздерінің міндеті деп есептеген.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар