2020 жылдың 9 қаңтары күні 1 ауысым қатысушылары үшін «Балдәурен» мектебінің салтанатты ашылуы өтті. 1 ауысым қатысушылары үшін Орталықтағы оқу күндері басталды. «Балдәурен» РОСО күнтізбелік жылдың бірінші ауысымында балалар үйінің тәрбиеленушілері, әлеуметтік қорғалмаған және әл-ауқаты төмен отбасыларының балалары, оқу озаттары, олимпиада жеңімпаздары, шығармашылық сайыстардың жеңімпаздарына есігін айқара ашуы дәстүрге айналған. Салтанатты сап түзеуде ауысым қатысушылары сынып жетекшілерімен, пән мұғалімдері мен орталықтың әкімшілігімен танысты.
Сондай-ақ, дәл осы күні ауысымның ашылу салтанаты мен «Жастар» педагогикалық тобымен танысу кеші өтті. Ауысымның ашылу салтанатында Бас директор С.Т. Алибаев сөз сөйлеп, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған балаларды ауысымның ашылуымен құттықтап, оларға Жаңа жылда зерделі де зерек, білімді де білгір болуларына, жаңа бастамалардың барлығы іске асуларына тілек білдірді.
«Жастар» педагогикалық тобы – «Балдәуреннің» соғып тұрған жүрегі. Өнерлерін ортаға салып, балалар көңілін бірден жаулап алды. Ұйымдастырушы-ұстаздардың дайындаған концерттік бағдарламасы әрдайым жоғары деңгейімен ерекшеленеді.
1 ауысым президентін сайлау үрдісі де жоспар бойынша өткізілді. Дауыс жинау қорытындысы бойынша 10 топ қатысушысы Төлеген Дана (Жамбыл облысы) ауысым Президенті атанды.
Ауысым барысында балалар үшін қызықты әрі тартымды іс-шаралар ұйымдастырылады, бізге келген әр бала жақсы көңіл-күй мен ұмытылмас әсер алады деген сеніміміз мол!
«Балдәурен» РОСО баспасөз хатшысы Ерденова Айнур Жетпісбайқызы