Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен брифинг өткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019 жылғы қорытындысын шығарды және алдағы жоспарлармен бөлісті.
Өндірістік қалада шығарылатын ішкі өнім көлемінің үлесі өнеркәсіп саласына тиесілі. Шаһардың өнеркәсіп әлеуеті айтарлықтай зор, өңдеуші өнеркәсіп саласы, шикізат өнімдерін ұқсату, жылу энергиясымен, сумен қамтамасыз етуге және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға кадрлық әлеуеті жеткілікті. Сондай-ақ, қала энергия бөлу жағынан облыс бойынша алдыңғы лектен көрінді. Осыдан-ақ, қала экономикасында өнеркәсіп саласының орны зор екенін байқауға болады. Сондықтан болар, қала әкімі өз сөзін осы саладан бастады.
–Бұл саладағы өсу көрсеткіші Индустрияландыру картасы шеңберінде қолға алынған инвестициялық жобалармен тығыз байланысты. Өткен жылы қала бойынша өнеркәсіп тауарларының өнімі 163 миллиард теңгені құрады. Облыс бойынша өнеркәсіп өндірісінде қаланың үлесі 30 пайыз болды, – деді Еркебұлан Баяхметов өз сөзінде.
Әкімнің айтуынша, қала маңындағы елді мекендерде мал шаруашылығы саласы өркендеп келеді. 2019 жылдың нəтижесі бойынша өңірде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі өсіп, 5 миллиард теңгені құрады. Əсіресе, ірі қара және құс өсіру қанат жаюда. Бұл бағытта ондаған шаруа қожалығы мен серіктестіктер жұмыс істейді. Олардың арасында жеке кәсіпкер Николай Андриенко Изобильное ауылында жылына 40 тонна қоян етін өндіретін ферма ашып отыр.
Брифингте айтылғандай, халықты жұмыспен қамту, көп балалы отбасыларды баспанамен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік мәселелерге де назар аударылды.
– Біз тұрғындарға әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасауды да алға қойған басты мақсаттардың бірі деп білеміз. Сондықтан, абаттандыру, жолдарды жөндеу, тұрғындарды сумен, жылумен қамтамасыз ету мәселелерін ұдайы бақылауда ұстаймыз, – деді қала әкімі.
Брифинг соңында журналистер қала әкіміне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылған цифрландыру, жаңа технологияларды қолдану, халықтың әл-ауқатын көтеру мәселесіне қатысты өз сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.